ЕЛІМІЗДЕ 550 МЫҢНАН АСА АДАМ ТҰРҒЫН ҮЙ КЕЗЕГІНЕ ТІРКЕЛГЕН

Бірақ олардың барлығы тиісті талаптарға сай есепте тұр ма?

Қазақстанда арендалық тұрғын үй кезегіне тіркелгендердің саны 556 мың адамды құрайды. Оның 200 мыңға жуығы халықтың осал тобына жататын азаматтар болып табылады. Өкінішке орай елімізде арендалық тұрғын үй кезегіне тіркелген азаматтарға үйді бөлу кезінде заң талаптарын белден басу анықталған. Сонымен қатар баспана алу үшін арнайы есепте тұрған азаматтарды түгендеу бағытындағы жұмыстарда да былық көп. Бұл прокуратура органдарының жергілікті жердегі әкімдіктердің 2018,2019,2020 жылдары «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруы кезіндегі заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізуі кезінде анықталған.

Мәжіліс депутаттарының «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырылуын жіпке тізіп беруін сұранған сауалдарына Үкімет басшысы Асқар Мамин осындай мәлімдеме жасады.
Осыған орай Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы тарапынан тиісті органдарға тұрғын үйді заңсыз беру, азаматтарды есептен уақтылы шығармау және заңсыз шығару, тұрғын үйді бөлу және мұқтаж адамдарды есепке алу саласында бірыңғай оператор құру туралы нұсқама берілген. Сондай-ақ, заңсыздыққа жол берген лауазымды тұлғаларды, оның ішінде жергілікті атқарушы органдар басшыларын тәртіптік жауапқа тарту қажеттігі де ескертілген. Соған сәйкес, халықты арендалық тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында анықталған фактілер бойынша еліміздің 16 өңірінде 61 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Сондай-ақ, Асқар Ұзақбайұлы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған тапсырманы жүзеге асыру мақсатында тұрғын үйге кезекте тұрғандарды есепке алудың бірыңғай ұлттық жүйесі енгізілгенін атап өтті. Аталған жүйе 22 мемлекеттік органның атап айтқанда еліміздің Мемлекеттік қызмет істері агентттігі, Қаржы министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Әділет министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Мемлекеттік корпорация және «ҚТҚЖБ» АҚ» және т.б ақпараттық жүйелерімен біріктірілген. Бұл жүйеге өтудің нәтижесінде баспана кезегінде тұрғандардың тұрғын үйінің бар екенін, арендалық тұрғын үй кезегіне тіркелу мүмкіндігіне ие санаттан емес екені және т.б. сәйкессіздіктер су бетіне шыққан. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатқанын алға тарта келе Асқар Мамин «Бүгінде жүйенің жұмысы есебінен сәйкессіздіктерге байланысты кезектен 41 мыңнан астам адам шығарылды. Осылайша, сервистік бағдарламалық өнім енгізуді ескере отырып, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға кезекте тұрған азаматтардың «электронды үкімет» порталында өз кезегін көруге тікелей және еркін қол жеткізу мүмкіндігі бар», деп атап өтті.

А.САТЫБАЛДЫ.