БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНДА ОРНЫ БӨЛЕК БӨЛІМШЕ АШЫЛДЫ
Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасында екінші кезеңдегі оңалту бөлімшесі ашылды. Ана мен бала денсаулығын жақсарту бағытында ашылған бөлімшедегі төсек-орын саны 20-ға жетеді. Мамандар мұндай бөлімше күрделі ауруларға тап болған балаларды ерте оңалтудан өткізу үшін қажет екенін алға тартады.
Қалалық клиникалық балалар ауруханасының базасында ашылған бөлімшедегі емдік шараларды бейінді мамандар жүргізеді. Ол жерде ем алу үшін науқас ауруханадан емделіп шыққаннан кейін 14 күн өте емханаға барып, портал арқылы жолдама алады.
Бөлімше соңғы үлгідегі материалдық-техникалық базамен жасақталған. Атап айтқанда, диагностикалық тексеру жұмыстарын жүргізу үшін қажетті аспаптық лабораториялық зерттеулер, катамнез кабинеті бар. Травматологиялық жарақат алғандарға тиісті ем-дом көрсету үшін соңғы үлгідегі аппараттар орнатылған.
Оңалту бөлімшесінде орталық нерв жүйесі зақымданған үш жасқа дейінгі балаларды неонатолог, невролог, травмотолог, ортопед мамандары емдейді. Жалпы оңалту бөлімшесі неврология, нейрохирургия, травмотология, ортопедия, кардиология, кардиохирургия, пульмонология, психолог, логопед бейіні бойынша жұмыс істейді. Сонымен қатар бөлімшеде коронавируспен, өкпе және мультижүйелі қабыну синдромы диагнозымен ем қабылдаған науқас балаларды қалпына келтіру емі жүргізіліп, онлайн түрде республикалық мамандардың кеңесі беріледі.
Бөлімшеде медицина мамандары оңалту шараларын дәрі-дәрмекпен катар физиоем, кинезотерапия, монтессори әдісі бойынша жүргізеді.