МЕГАПОЛИС ТҰРҒЫНДАРЫ ЕМДІ ӨЗГЕ ҚАЛАДАН ІЗДЕМЕУІ КЕРЕК…

Ағымдағы жылдың 19-наурызында Шымкенттегі №2 қалалық ауруханасының сол кездегі бас дәрігері Сәрсен Пернебеков пен Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық нейрохирургия орталығының директоры Ержан Әділбеков ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Екіжақты келісім аясында шымкенттік дәрігерлер елордалық мамандармен тәжірибе алмасады. Бұл туралы Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасы хабарлайды.
Тараптардың келісіміне сәйкес енді жергілікті рентгенхирургтар біліктілігін арттыру мақсатында Ұлттық нейрохирургиялық орталығының директоры Ержан Әділбеков пен орталықтың тамырлы және функционалды нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Ербол Махамбетовпен бірігіп, күрделі оталар жасады. Аталған мамандардың қатысуымен ишемиялық және геморрагиялық инсультпен түскен науқастарға жедел эндоваскулярлы ота жасалды.
Шымкенттегі №2 қалалық ауруханасында алыс және жақын шет елдерде біліктілігін арттырған білікті рентгенхирургтар, неврологтар командасы жұмыс істейді. Медициналық ұйымда халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуге барлық жағдай жасалған. Аурухана құрамында емхана, перзентхана және тоғыз бөлімше бар.
«Біз мегаполис болғандықтан, науқастар басқа қалаға барып ем іздемеуі керек. Сондықтан біз аурухананың емдеу мүмкіндігін барынша арттырып, науқастар үшін барлық жағдайды жасадық. Материалдық-техникалық базамыз жеткілікті. Білікті мамандарды жинадық. Енді халықтың денсаулығын жақсарту үшін аянбай еңбек етеміз», — дейді аурухананың сол кездегі бас дәрігері Сәрсен Пернебеков.
Естеріңізде болса жуырда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің қолдауымен №2 қалалық аурухана базасында жоғары мамандандырылған инсульт орталығы мен ангиография бөлімшесі ашылған.
Жөндеу жұмыстарынан толық өткен ауруханада ашылған орталықта медицина мамандары Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындарына шұғыл медициналық көмек көрсетеді.
Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған орталық 30 орынға лайықталған. Мұнда соңғы үлгідегі экспресс-класты бипланды Philips Azurion 7 В20/15 ангиографиялық аппараты мен өкпені жасанды желдету, цифрлы рентген сынды инсульт ауруын емдеуге қажетті аппараттар орнатылған.
Теңдесі жоқ құрылғылармен жұмыс істеу үшін медицина мамандары шетелдерде біліктілігін арттырып келген.
Жалпы миллионнан аса тұрғыны бар қалаға 4 инсульт орталығы қажет. Оның алғашқысы қалалық №1 клиникалық ауруханасында ашылған. Екінші болып №2 қалалық аурухананың базасында жұмысын бастап отыр.
Айта кетейік, осы аптада аталған аурухананың бас дәрігері қызметіне Мыңжылқы Бердіқожаев тағайындалды. Ол бұған дейін «Кazneuro тамырлы және интервенциялық нейрохирургия және неврология дәрігерлерінің қоғамы» бірлестігінің жетекшісі болған. Ал №2 қалалық аурухананың бас дәрігері қызметін 2018 жылдан бері бүгінге дейін абыройлы атқарып келген Сәрсен Пернебеков Шымкенттегі №3 қалалық ауруханаға бас дәрігер болып барды.