АЙТҚАН СӨЗІ ҮШІН БІРНЕШЕ РЕТ АҚТАЛҒАН ИБРАИМОВТЫҢ ҚЫЗМЕТІ ӨСТІ

2000 жылы Сидней Олимпиадасында бокстан Қазақстан намысын қорғап, қоржынға алтын медаль салған Ермахан Ибраимов штаб пәтері Швейцарияда орналасқан Халықаралық бокс қауымдастығы (AIBA) ұйымының мүшесі болып тағайындалды. Ол іргелі спорттық ұйымның чемпиондар мен ардагерлердің мәселелері жөніндегі комиссияның мүшесі болды.

Аталған қауымдастықтың директорлар кеңесінің дауыс беру қорытындысы бойынша мүшелікке алынғандардың қатарында Қазақстан бокс федерациясының менеджері Мейрам Нұртазин де бар. Ол AIBA-ның жарыс өткізу мәселелері жөніндегі комиссияның құрамында болады.
Өз кезегінде AIBA президенті Умар Кремлёв қауымдастықтың қабырғалы мәселелерді қарайтын комисияларының құрамына өткен қос азаматтың білімі мен тәжірибесі ұйымның дамуына үлес қосатыны білдірілген лебізін жолдап, ағынан жарылған.
Айта кетейік, 2014-2017 жылдары AIBA-ның комиссиялар құрамында алты қазақстандық жұмыс істеген. 2019 жылғы ұйымдағы реформаларға байланысты барлық комиссия таратылған болатын. Араға бірер жыл салған үзілістен соң, ұйымдағы комиссиялар қайта жасақталып, құрамы бекітіліп жатыр.
Естеріңізде болса, осы жылдың қаңтар айында Ермахан Ибраимов Алматы қалалық мәслихатына Nur Otan партиясы атынан сайланған болатын. Сол кезде оның депутат болғанын сын тезіне алғандар болды. Оған себеп 10-қаңтарда сайлау күні Ермахан Ибраимовтың алаңға шыққан адамдардың бірінің қолындағы плакатты алып, жыртып тастаған сәті видеоға түсіріліп, желіге тез тарап кеткені еді. Қалың қауым сол кезде депутаттыққа үміткер спортшының бұл әрекетін бассыздыққа балаған еді. Ал Ибраимов болса бұл әрекетін сол жердегі азаматтардың өзіне қаратып намысына тиетін сөздер айтқанымен, және плакаттағы жазуларға келіспейтіндіктен, азаматтық ұстанымын білдіру үшін барғанымен түсіндірген. Бірақ көп ұзамай ол бұл қылығының әбестік болуы мүмкін екенін жартылай мойындап, халықтан ашуға мінгені үшін кешірім сұраған болатын.
Одан кейін ақпан айында ол журналист Нартай Аралбайұлымен болған сұхбатында еліміздегі кедейлердің жағдайына өздерінің кер жалқаулығы себеп екенін кесіп айтып тағы да жұрттың зығырын қайнатқан. Ол «Диванда жатпай еңбек етемін деген азаматқа әрдайым жол ашық. Бірақ кедейлер алға ұмтылмайды» деп өз ойын ашық айтқан. Сонымен қатар ол, 2019 жылы елордалық Ситер отбасының бес бірдей баласының бір түн ішінде өрт шыққан үйде жан тәсілім болғаны туралы пікірін «ата-анасының оларды үйге қалдырып, сыртынан іліп кеткені, түк көрмегендік» деп сөккен. Бұл сөзге көпбалалы, жалғызбасты және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған бір топ аналар наразы болып, Алматы әкімдігіне барған. Олар Ибраимовты бетпе бет сөйлесуге шақырып, табандап тұрып алған. Бірнеше сағаттан соң аналармен кездескен спортшы Ибраимов «Саясатқа жуырда келдім. Бір екі сөздерден жаңылысқан шығармын. Батыр аңғал келеді деген. сол үшін түсінушілікпен қарауларыңызды сұраймын» деп ақталғандай болған. Дегенмен де, Ермахан Ибраимовтың бұлайша «жаңылысуы» оның қызметте өсуіне кедергі келтіріп жатқан жоқ сыңайлы.

М.ӘБДІРАЙЫМ.