ҮШІНШІ ҚАЛАНЫҢ ҮМІТКЕРЛЕРІ СӘНГЕРЛЕРДІҢ ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУЫНДА ҮЗДІК ШЫҚТЫ
Қазақстанның барлық өңіріндегі колледжер арасында «Нео-фольклор» стиліндегі киім дизайнерлерінің бірінші ұлттық байқауы өтті. Оған Қазақстанның 27 колледжінен 50-ден астам үміткер қатысты.
Ұлттық конкурс еліміздің Білім және ғылым министрлігі және «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институтының қолдауымен, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен өткізілді. Конкурстың мақсаты – сән индустриясындағы жас таланттарды анықтау.
Салтанатты өнерге бет алған қатысушылардың жұмыстарын сүзгіден өткізетін сарапшы қазылар олардың екі ай бойы жеке суреттерін, оқу орындары жайлы бейнероликтері мен топтамаларының көрсетілімі бойынша бағалады.
Байқау жеңімпаздарына 9 аталым бойынша жүлделі орын берілді. Нәтижесінде І-орынды Шымкент қаласының Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығының студенті Мәриям Бекмұрза жеңіп алып, мерейімізді өсірді. Сондай-ақ, шымкенттік болашақ дизайнер Бекмұрза Мариям Испанияда өтетін, ал Өмірбай Жаннұр Швецияда өтетін сән байқауына қатысуға жолдама алды.
Айта кетейік, байқау үстіміздегі жылдың 1-ақпаны мен 12-наурыз аралығында онлайн форматта өтті.
С.НҰРАЙ.