ЖҰРТ ЖҰМА КҮНІ ЖҰМА НАМАЗҒА БАРАДЫ

Шымкентте жұма намазын мешітте оқуға рұқсат етілді. Бұл жағымды жаңалықты Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде қаланың бас имамы Бақдәулет Абдрахманов айтты.

Былтыр 16-наурызда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пандемияға байланысты елде жарияланған төтенше жағдай кезінде мешіттерде жұма және бес уақыт намаз оқуды уақытша тоқтату туралы пәтуа шығарған болатын. Адам денсаулығына қауіпті болғандықтан уақытша тоқтатылған ғибадатқа бір жылға жуық уақыт өткеннен соң эпидахуалы «жасыл» аймақ болып тұрған өңірлерде қайта рұқсат беріліп отыр. Бірақ имамдар жамағатқа санитариялық талаптардың сақталуын қатаң сақтауды сұранады. Бұл туралы Бақдәулет Абдрахманов:
– Шымкент қаласы «жасыл» аймақта орналасуына байланысты мұсылмандардың діни мерекесі жұма намазын мешіттерде оқуға болады. Яғни, барлық мешітке келуші азаматтар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан бекітілген талаптарды толық орындауы керек. Атап айтқанда, еліміздің Бас санитарлық дәрігерінің бекіткен қаулысына сай бетперде тағып, 1,5 метр арақашықтық сақтап жүргені абзал, — деді.
Брифинг барысында имам орынбасары Мұхамеджан Естеміров жұма намазын өтеу үшін мешітке келушілер келісідей талаптарды сақтауды ескертті. Карантин талаптарына сәйкес мешітке келушілер намаздан соң қол беріп амандасуға болмайды. Оның орнына қолыңызды жүрек тұсына қойып, ишара жасау жеткілікті. Сонымен қатар дене қызуы 37-ден жоғары, тұмау және басқа да ауру белгілері бар азаматтар мешітке келмегені дұрыс.
Айта кетейік, мешітке келушілер үшін жұма намазы алдында уағыз-насихат айтылмайды. Тек жұма құтбасы мен парызы жүзеге асырылады. Өте қысқа сүрелер мен аяттар оқылады.
Естеріңізде болса осыдан бір ай уақыт бұрын ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Денсаулық сақтау министрлігіне коронавирус инфекциясының таралуы бойынша қауіпсіз “жасыл аймақта” орналасқан өңірлердегі мешіттерде жұма намазын оқуға рұқсат беру туралы ұсынысын жеткізген еді.