БРОНХОСКОПИЯ ӘДІСІ ҚОС ӨКПЕНІ ҚҰРТ АУРУЫНАН ТЕЗ ҚҰТҚАРАДЫ
Өкпе құрт ауруы бұл тек дерт емес, әлеуметтік маңыздағы мәселеге айналғаны қашан. Бұл сырқатқа шалдыққанда адамдар белгілі бір уақытта қоғамнан өзін оқшау ұстауға мәжбүр болады.
Қуанарлығы дерт емдеу тәсіліне тізе бүгеді. Яғни, қос өкпені зақымдайтын туберкулез емделетін ауру. Әдетте туберкулездің ілмегіне иммунитеті төмен адамдар тез ілігеді. Көптеген жағдайларда медициналық мекемелерде сырқаттың алғашқы сатыларында біршама қиындықтар туындауы мүмкін. Сондықтан да бронхоскопия – қазіргі заманғы диагностикалық терапияда маңызды рол атқарады. Бронхоскопия туберкулез ауруын жоғарғы дәлдікпен дәлелдейтін диагностикалық процесс.
Ал, фибробронхоскопия тыныс алу жүйесінде, әртүрлі өкпе патологияларын анықтау мақсатында қолданылатын арнайы әдіс болып табылады. Өкпе тыныс алу жүйесі бойынша эндоскопиялық әдісте қолданылатын инструментальды аспап бронхоскоп деп аталады. Осы фибробронхоскоп инструментін қолдану арқылы көмекей, кеңірдек және бронх тармақтарының шырышты қабаты мен оның қабырғаларындағы патологиялық өзгерістер тексеріледі. Бұл тәсіл дәрігерді дәл диагностикамен ақпараттандырады. Жарықтандыру жабдықтары және бейне камерамен жабдықталған түтік көмекей арқылы тыныс алу жолдарына енгізіледі. Осы заманауи жабдық пациентке 90 пайыздан жоғары ғылыми зерттеулер дәлдігін қамтамасыз етеді. Бұл өкпе туберкулезі, созылмалы бронхиттер, өкпе бронхоэктазы аурулары, өкпе обыры, өкпенің қайталамалы жіті қабынуы, бронхтағы бөгде заттар және де басқа да патологияларда таптырмайтын жабдық болып саналады.
Науқасты бронхоскопиялық зерттеуге дайындау үшін бірқатар талдаулар жасалуы тиіс. Атап айтқанда, өкпенің аумақты рентген суреті, компютерлік томография, ЭКГ (электрокардиограмма), кардиотерапевт кеңесі, қан анализі (жалпы қан анализі, қанның ұю көрсеткіші, ВИЧ, гепатит, COVID-19 талдауы және т.б). Және де пациенттің қант диабеті, жүрек-қантамырлар жүйесі жетімсіздігі, токсикалық зоб, бронх демікпесі және т.б қосымша ауруларына сәйкес кейбір консультативті кеңесі қажет етіледі. Бронхоскопия мүмкіндігінше ашқарында жүргізіледі. Шұғыл жағдайларда науқастың 5- 6 сағат ас қабылдамауы қаперге алынады. Зерттеу күнінде темекі шегуге тиым салынады. Себебі шылым құрт ауруының асқыну қатерін ұлғайтады. Жүрек-қантамырлар ауруларынан зардап шегетін адамдар үшін, бронхоскопияға дайындық жекелеп әзірленген бағдарламаға сәйкес жүзеге асады. Бүгінде бронхоскопиялық зерттеу әдісі бұйрыққа сәйкес седация (процедураны сезбеу үшін, толық қанды ұйқыда болу) тәсілімен жасалынады.
Қ. С. БАЙМУРЗАЕВ,
«Облыстық
фтизопульмонология
орталығының» дәрігері.