ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ ТҰЛҒАСЫ – ӘЛ-ФАРАБИ
Тарихта Аристотельден кейін «екінші ұстаз» деген жоғары атаққа ие болған Әл-Фараби өзінің энциклопедиялық дарыны мен білімінің арқасында философиялық, әлеуметтік, саяси, этикалық мәселелермен бірге жаратылыстану және математика саласындағы көптеген ауқымды іргелі ғылыми мәселелердің шешімін тапқан ғалым. Әбу Насыр Әл-Фарабидің мемлекеттік құрылымға байланысты ілімі Платон мен Аристотельден басталатын парадигмаларға сәйкес келеді. Оның білімнің түрлі саласындағы ғылыми жетістіктері тарихи-философиялық дамудағы ғылыми көзқарасын және таным мен ғылыми-зерттеу әдістемесіндегі рөлін анықтаудағы маңызды бөлігін құрайды. Әл-Фарабидің энциклопедиялық мұрасы осы уақыттағы ғылыми ізденіс пен ақыл ұмтылысының биік шыңы болып саналады. Ұлы ойшылдың ғылыми мұрасын түсінуге жол ашатын Әл-Фарабидің «Ғылымдардың жіктелуі туралы сөз» атты трактаты осының дәлелі болады.
Фарабидің еуропалық ғылымға ықпалы оның Ибн Сина, əсіресе, Ибн Рушд секілді ізбасарлары арқылы да жүзеге асты. Авверроизм ХІІІ-ХІV ғасырларда прогрессивті француз жəне итальян философиясының негізі болды. Батыс еуропалық ортағасырдың ірі ойшылдары Р.Бэкон, Д.Скот Әл-Фарабидің, Ибн Синаның, Ибн Рушд жəне т.б. ғалымдардың шығармаларын өздерінің теориялық құрылымдарында қолданды. Спинозаның кейбір трактаттарының бағыттылығы мен құрылымы жағынан Фарабидің еңбектеріне жақындығын айтуға болады. Осман Əмин Әл-Фараби мен Спиноза трактаттарының анықтамаларының да ұқсастығын айтады.
Ортағасыр дәуірінде исламдық ғылым өз дамуының биік шыңына көтерілді. Сол дәуірдегі өркениеттің барлық жетістіктеріне, ғылым, білім, мәдениеттердің алға өрлеуіне Орталық Азия түріктері де айтарлықтай өз үлестерін қосты. Орта ғасырларда адамзат білімінің молайып, ақыл-парасатының жетілуіне орасан зор еңбек сіңірген ғұламалардың бірі қазақ топырағынан шыққан Әбу Насыр Әл-Фараби болды. Ғұлама ғалымның шығармаларына мың жылдан артық уақыт өтсе де, оның жазған еңбектері уақыттың қатал сынынан өтіп келеді. Бүгінгі күнде бүкіл дүниежүзінің мыңжылдық рухани демеушісі, әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр Әл-Фарабидің Отаны бүгінгі қазақ жері екені дәлелденді.
Фарабидің еңбектері халифат мəдениетінің дамуындағы заңды кезең болып табылды. VIII ғ. өзінде-ақ мутазилиттер діни мəселелерді зерттеуге рационалистік принциптерді енгізуге тырысқан. Грек философиясынан хабардар болу ғылыми ойды философия аумағына қарай бағыттады.
Ортағасырлық Еуропа классикалық ежелгі грек философиясымен көп мөлшерде Әл-Фарабидің арқасында танысты. ХІІ ғ. ағымында оның «Ғылымдар классификациясы» еңбегі латын тіліне екі рет аударылды. ХІІ ғ. мен ХVІІ ғ. аралығында Әл-Фарабидің еңбектері – «Зерденің мəні туралы», «Мəселелердің бастауы», Аристотельдің «Физика», «Поэтика» шығармаларына түсініктемесі, «Бақытқа жету жолдары туралы», логика бойынша трактаттары бірнеше рет латын тіліне аударылды. Фарабидің кейбір трактаттары бізге тек латын жазбасымен жеткен, олардың араб мәтініндегі қолжазбалар сақталмаған.
Қорытынды жасап, былай айтуымызға болады: белгілі шығыстанушы ғалым Бобожан Ғафуров Шығыста Аристотель Әл-Фарабидің арқасында Аристотель болды дейді. Фарабидің философиясы оның шығыстағы ізбасарларының еңбектерінің арқасында байып, латын аверроистері арқылы өтіп, Еуропалық Қайта өрлеу дəуіріне өз үлесін қосты. Осылайша Әл-Фараби ислам өркениетінің тарихында еркін ойлардың таралуына негіз жасады.
Мереке Кенжеханова,
Арайлым Қайсарова,
М. Әуезов атындағы ОҚМУ, «Механика және мұнай газ ісі» факультеті, «Стандарттау және сертификаттау»
кафедрасының магистр, аға оқытушылары.