КУРСАНТ БОЛУДЫҢ ТАЛАБЫ ТҮСІНДІРІЛУДЕ
Түркістан облысында 17 мен 22 жас аралығындағы ер азаматтарды әскери жоғары оқу орындарына білім алуға баулу бойынша кәсіптік бағдарлау жұмыстары жүргізілуде. Шараға жұмылдырылған мамандар Қорғаныс министрлігінің оқу орындарына түсудің шарттары, әскери мамандықтар туралы жан жақты ақпарат ұсынып, қойылған сұрақтарға жауап береді.
Ер балаларға кәсіби бағдар беру бағытындағы мұндай жұмыстарға демалыста жүрген бірқатар курсанттар да қатысады. Сайрам ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде бозбалалармен болған кезекті басқосуда қысқы демалыста жүрген Ұлықбек Асатов есімді курсант қатысты. Ол Т.Я.Бегельдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институтында білім алады. Ұлықбек аудан жастарына аталған институтқа түсудің шарттары, ондағы оқу және әскери өмір туралы айтты. Және де ол әскери жоғарғы оқу орнына түсуге өзін-өзі тәрбиелеу, айқын мақсатынан айнымау пен сапалы білім ғана негізгі алғышарт болатынын атап өтті.
Айта кетейік, әскери оқу орындарына түсуге құжатты жалпы орта білімі бар 17 жасқа толған, бірақ 22 жастан аспаған азаматтар тапсыра алады. Сондай-ақ, Отан алдындағы борышын өтеп жүрген 24 жасқа дейінгі сарбаздар да талабы болса оқуға түсіп курсанттар сапына қосылуына мүмкіндігі бар. Ал келісім шарт бойынша әскери қызмет етіп жүрген 25 жасқа дейінгі азаматтар да әскери оқу орындарына құжат тапсыруына болады.
Әскери оқу орындарына түсу үшін талапкерлер ағымдағы жылдың 30-сәуіріне дейін жеке куәлігі мен тіркеу куәлігін алып жергілікті әскери басқару органына өтініш беруі керек.
Түркістан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті жыл сайын әскери жоғары оқу орындарына түсуге талаптанған азаматтардың саны артып келе жатқанын алға тартады. Былтыр 90 талапкер оқуға түсу емтихандарынан лайықты ұпай жинап, оқу орындарының курсанттар қатарын толықтырған. Түркістан облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Нұрмаханбет Дүйсебаев оқуға қабылданған жастар медициналық комиссиядан, кәсіби психологиялық іріктеуден өтіп, дене шынықтыру бойынша нормативтерді сәтті тапсырып қана қоймай, ҰБТ-да жақсы нәтижелер көрсеткенін айтады.