ЖАБЫҚ МЕКЕМЕДЕГІ МӘСЕЛЕ ЖЫЛЫ ЖАБЫЛМАУЫ ТИІС

Шымкент әкімдігіне қарасты №2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында мүмкіндігі шектеулі қыз-келіншектердің медициналық жолмен жүкті болып қалуын алдын алу қорлық па әлде қамқорлық па?

Жуырда Шымкент қаласының тұрғыны Ә. Мамұтова әлеуметтік желі арқылы денсаулығына байланысты интернатқа өткізілген қызына спираль салынғанын, мұны ондағы мамандардың жасырып келгені туралы мәлімдеме жасаған. Ана қызын орталыққа 2010 жылы өткізген.
2011 жылы толтырылған медициналық картада қыздың пәктігі бұзылмағаны көрсетілген. Ал 2012 жылы оған спираль салынғаны жазылған.
Келіншек қызына мұндай контрацептік тәсілді қолданғанын интернат әкімшілігінің сонша жылдан бері жасырып-жауып келуінің астарында үлкен шикілік бар деген күдігін жасырмайды. Тіпті ол «жау алыстан келмейтінін», интернаттағы жұмыс істейтін қызметкерлер қызының өз ісіне жауап бере алмайтынын пайдаланып, жыныстық қатынасқа түсіп, қорлық көрсетуі мүмкін деген күдігін жасырмайды. Жұрттың жағасын ұстатқан бұл жайсыз жағдай ақпарат құралдарына тез тарады. Нәтижесінде ананың ашынып айтқан сөзі (жүктілікке қарсы шара) ақиқат болып шықты. Осыған байланысты Шымкент қалалық Жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Ботагөз Оспанова Ә. Мамұтованың қызы қамқорлыққа алынған әлеуметтік мекемеге барып, мән-жайды анықтаған. Бірақ оның журналистерге берген мәлімдемесінде болған жайды қалыпты қабылдап тұрғаны айқын байқалады. Ол қыздарды жүктіліктен қорғаудың мұндай медициналық шарасы еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітілген құжат бойынша реттелетінін алға тартады.
Ал мекеме директорының орынбасары Бекболат Салтаев Тенгриньюс сайтына берген комментарийінде бұл жердегі азаматтар өз ісіне жауап беруге қабілетсіз екенін, жүктіліктен сақтаудың мұндай жолы іштегі адамдардан емес, сырттағы бөгде адамдардан қорғану үшін (авт. қамқоршыларды ата-аналары белгілі бір күндерде үйіне алып кеткен кездерінде) жасалады деп көсілген.
Қазіргі таңда бұл іс Шымкент қалалық Полиция департаментінің назарына алынды. Бұл жәйтқа қатысты қандай да бір қылмыстың ізі бар не жоқ екенін анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Сақшылар аталған орталықта 2010 жылдан бері жұмыс істеген барлық ер азаматтардан сұрау алуда.

Т.ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ.