ТЕҢГЕНІ ТЕҢСЕЛТКЕН НЕГІЗГІ СЕБЕП НЕ?
Ұлттық банк өткен жылдағы теңге бағамы туралы көрсеткішті мәлімдеді. Былтыр теңгенің айырбас бағамы бір доллар үшін 382 теңге 60 тиыннан басталып, 420,91 теңгеге дейін көтерілген. Яғни, ұлттық валютамыз бір жылдың ішінде 10 процентке әлсіреген. Осылайша 2019 жылдың соңында «келер жылы бір доллар бағамы 390 теңгенің айналасында тұрақтайды» деген кейбір сарапшылардың болжамы шындықтың ауылынан мүлдем алыс қалды.
Еліміздің Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мұның себебін қыспаққа алған коронавируспен байланыстырады. Ол «2020 жылы ұлттық валюта дамушы елдердің басқа валюталарымен қатар коронавирустан туындаған дағдарыс аясында әлсіреді. Дағдарыс инвесторлардың тәуекелді активтерден шығуына әкеп соқты»,-деп түсіндіреді. Сөзіне негіз ретінде Бразилия реалы 29,0%-ке, түрік лирасы 25,0%-ке, ал Ресей рублі 19,3%-ке әлсірегенін атап өтеді.
Сондай-ақ ол, сыртқы жағдайлардың жақсаруына байланысты және Ұлттық банктің Үкіметпен бірлесе қабылдаған шараларының арқасында теңгенің айырбас бағамы наурыздағы 448,5 теңгеге дейінгі құлдырауын біршама артқа қалдырғанын да тілге тиек етеді.
Желтоқсанда мұнай бағасының өсуі және тәуекелді активтерге сұраныстың артуына байланысты теңге бағамы бір доллар үшін 425,07 теңгеден 420,91 теңгеге дейін, 1,0%-ке нығайды.
Қазақстан өз валютасын айналысқа түсірген 1993 жылдан бері теңгенің долларға шаққандағы құны бірнеше есеге арзандады. Салыстырмалы түрде айта кетейік. Мәселен, 1993 жылы бір АҚШ доллары 5,25 теңге болса, 1994 жылы 35,64 теңге, 1995 жылы 60,95, 1996 жылы 67,30, 1997 жылы 75,44 теңгеге дейін жеткен. Одан кейінгі 1998 жылдан 2018 жылға дейін доллар 78,30 теңгеден 344,71 теңгеге дейін күшейген. Ал 2019 жылы бағам 382,75 теңгеге дейін құнсызданған.