ДӘРІ-ДӘРМЕК ДЕФИЦИТКЕ АЙНАЛМАЙДЫ

Таралуы тоқтамай жатқан тәж тажал ауруы бойынша Түркістан облысындағы эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Дегенмен де облыстың «жасыл аймақта» болғаны босаңсуға негіз болмайды. Азаматтар сақтық шараларын қатаң сақтап, өңірдің болжамды екінші толқынға сақадай сай болуы тиіс.
Осы мақсатта Түркістан облысындағы барлық медициналық мекемелерде 2 айлық дәрі-дәрмек қоры дайындалған. Түркістан облысындағы медициналық ұйымдарды дәрілік заттар және арнайы қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен жалпы 2,1 млрд. теңге бөлінген.
Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Нұрхан Нарымбетова мен облыстың бас санитариялық дәрігерінің орынбасары Алдарқұл Ахметов қатысқан баспасөз жиынында айтылды.
Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы өкілінің сөзінше аймақта қазіргі таңда 600 инфекциялық және 340 карантиндік төсек-орын ұйымдастырылған. Егер ықтималды екінші толқын орын алған жағдайда коронавирустық инфекциясының әртүрлі сценарийіне байланысты инфекциялық төсек-орындар санын бірнеше сағаттың ішінде 5 610-ға дейін көбейтіледі.
Сонымен қатар Нұрхан Мәдәліқызы тап осы тәж тажалдың таралуын тежеу үшін республикалық, облыстық бюджет есебінен сатып алынған дәрілік заттар, медициналық бұйымдар, дезинфекциялық ерітінділердің 70%-ы медициналық мекемелерде, қалған 30%-ын облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының қоймасында қор ретінде сақталып тұрғанын айтты.
Қазіргі таңда облыстағы медициналық мекемелердегі өкпені жасанды желдету аппараттарының саны 178-ден 345-ге дейін артқан. Қосымша 4 оттегі станциясы орнатылып, олардың саны 8-ге жеткен. Сондай-ақ, 80 бірлік оксигенация аппараты (HI-FLOW) сатып алынған. Бұдан бөлек, оттегі концентраторларының саны 890 бірлікке жетіп, оттегі нүктелерінің саны 205-тен 2905-ке дейін ұлғайған.