БІТІРУШІ ТҮЛЕКТЕР МЕКТЕПКЕ БАРАДЫ
Келер жылдан бастап мектеп оқушылары мен студентер қашықтан емес, дәстүрлі түрде білім алады. Бірақ бұл барлық оқушыларға қатысты емес. Білімді мектеп қабырғасында алу бітіруші түлектерге ғана рұқсат етілмек. Мұндай шешімді коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствааралық комиссия еліміздің Білім және ғылым министрлігінің ұсыны негізінде қабылдады. Сонымен қатар мұндай шешімді қабылдауда қоғамның пікірі де ескерілген.
Екшей түссек, оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап бітіруші 9,11,12 сыныптар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып пәндердің 70%-ын дәстүрлі форматта, 30%-ын қашықтан яғни, аралас оқиды. Бұдан өзге, мектеп оқушыларының біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда жеке консультация ұйымдастырылады.
Жоғары оқу орны мен колледждерде білім алатын студенттер үшін ІІ-семестрден бастап аралас оқыту қайта басталады.
Айтпақшы Үкімет басшысы Асқар Мамин қатыскан коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствааралық комиссияның селекторлық отырысында 25-желтоқсаннан бастап келер жылдың 5-қаңтарына дейін шектеу шараларының күшейтілетіні мәлімделді.
Осыған орай Премьер-министр әкімдерге өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты ахуалды тұрақтандыру мақсатында қажетті шектеу шараларын қабылдауды тапсырды.
Енді аталған аралықта жаңа жыл мерекесін желеу етіп қандай да бір корпоротивтер мен кештер өткізуге рұқсат жоқ. Ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды атап өтуге тағы болмайды. Балабақшаларда жаңа жылдық ертеңгіліктердің де өткізілуі ережеге қайшы болып табылады.
Осы отырыста бөлшек саудада коронавирусқа қарсы препараттардың бағасын 24 пайызға дейін төмендету туралы тапсырма берілді. Бұл тапсырма қаншалықты табысты орындалатынын айту қиын.
Жалпы 20-желтоқсандағы жағдай бойынша елімізде тиісті сақтық шараларын сақтамасаң кеулеп кететін коронавирус кеселінің ілмегіне 146584 адам іліккен. COVID-19 вирусымен жаңадан сырқаттанғандардың тәуліктік өсімі 0,4 пайызды, репродуктивті көрсеткіші 0,9 пайызды құрап отыр. Республика бойынша инфекциялық төсек-орындардың толымдылығы 28 пайыз, реанимациялық төсек-орындардың сыйымдылығы 20 пайызды көрсетіп отыр. Сала мамандары арқаны кеңге салуға әлі ерте екенін алға тартады. Себебі келер жылы ЖРВИ мен тұмау ауруына шалдығу көрсеткішінің көбеюі коронавируспен сырқаттанатындардың санын арттыруы мүмкін екенін ашып айтады. Қазіргі таңда еліміздің Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында эп-ахуал жоғары және орташа тәуекел аймақтары болып табылады.