САРЫАҒАШТА 8 МЫҢ ГЕКТАРДАН АСА ЖЕР ПАЙДАЛАНБАЙ ЖАТЫР
тек оның 250 гектары ғана мемлекет қорына қайтарылған
Түркістан облысы Сарыағаш ауданында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерін пайдаланбай жатқандар жетерлік. Оларды анықтап, елдің ен байлығын мақсатты пайдалану үшін жуырда тиісті мониторинг жұмыстары жүргізілген. Жуырда маңызды шараның нәтижесі жарияланды.
Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Мониторинг жұмыстарының нәтижесінде ауданда 157 азаматтың 8689,66 гектар жерді пайдаланбай жатқаны анықталды. Әу баста ауыл шаруашылы саласының адымын аша түсу мақсатында берілген ресурстарды мақсатты пайдаланбай жүрген бұл азаматтардың 86-сы қолға алынған мониторингтік жұмыстардан соң қолдағы 6427,66 гектар жерін игеруге қызу кірісіп кеткен. Бұл игерілмей жатқан жер көлемінің едәуір бөлігін құрайды. Ал 14 адам ауылшаруашылығы жерлерін мақсатты игеруге қауқарсыз болғандықтан 250 гектардан астам жерлерін мемлекетке қайтарған. Қазіргі таңда, қалған тұлғалардың игерілмей жатқан жерлері бойынша тиісті жұмыстар жалғасуда.
Жалпы ауданда ағымдағы жылдың 11 айында жер телімдерін жалға беруден түсетін түсім 11 млн. 741 мың теңге болып жоспарланған. Бүгінде бұл көрсеткіш 10 млн. 574,8 мың теңгеге орындалып, жоспар 90,1 пайызды құраған.
Ауданда жыл басынан бері ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге 4 рет конкурс өткізілген. Нәтижесінде 62 жеке және заңды тұлғаларға 5544,3 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімі жалға беріліп, қайта айналымға енгізілген.
Негізінде ауданда ауыл шаруашылығы саласында шешімін күтіп отырған мәселе осымен шектелмейді. Аумақта жылыжайға қатысты проблемалалық мәселелерде күн тәртібінде. Мәселен, республикадағы жылыжайлардың 43 пайызы осы Сарыағаш ауданына тиесілі. Бірақ аудандағы жылыжайлардың орта есеппен 95 пайызы жылыту жұмыстары үшін көмірді пайдаланады. Осы ретте шаруа қожалықтары жағылған көмір әсерінен қоршаған ортаға тасталатын зиянды қалдықтар үшін эмиссия рұқсаттарын алу процестеріне бас қатырмайды.
Бұл туралы өткен қазан айында Түркістан облысы прокуратурасы хабарлаған. Шаруа қожалықтары жылыжай жұмысын жүргізу үшін көмірді колдануға қоршаған ортаға эмиссияның алынбауы оған жақын орналасқан тұрғындарға қолайсыздық тудыруі мүмкін. Осыған орай Сарыағаш ауданы прокуратурасының бастамасымен аудан әкімдігінде жылыжайлардың проблемалық мәселелері қаралған жиын өткізілген. Олыстық экология департаменті, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, Кәсіпкерлік палатасы, жергілікті атқарушы органдардың басшылығы мен жылыжай иелері қатысқан жиында шаруа қожалықтарына қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат алу тәртібі, олар бойынша қарастырылған жауапкершіліктер түсіндірілген болатын.