ШӨКЕЕВТЫҢ ШАРАСЫ ҚАНДАЙ?

Түркістан қаласында қарқын алған құрылыс жұмыстарына қатысты кемшілік көп. Мәселен, былтыр салынып біткен көпқабатты 540 пәтерлі 9 үй қабылдап алынғанмен, тұруға жарамсыз болып шыққан. Осыған байланысты кемшілікті ретке келтіру жұмыстары қолға алынып келеді. Осылайша мердігер мекемелердің салғырттығынан үй кезегі келген талай тұрғын әлі күнге дейін баспана мәселесін тартып келеді.
Әкімдіктегілер олқылықты орнына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын қалғаны жөнінде уәделі мәлімдеме жасағанмен, қаладағы сапасыз құрылысқа қатысты проблема осымен түгесіліп қалмайтын сияқты.
Өткен айда сенатор Әли Бектаевта киелі қалада жаңадан салынып жатқан көп қабатты тұрғын үйлердің көп бөлігінде инженерлік инфрақұрылым мәселесіне қатысты жұмыстарда шикілік көп екенін ашып айтып, республикалық бюджеттен қосымша 23 млрд. теңге сұрағаны да естен кете қойған жоқ. Сұралған қаржы Түркістанға бағытталған соң да оны игеру мақсатында жарияланған тендерден кейін, жеңімпаз болған мердігер мекеменің талап үдесінен қалай табылатыны да белгісіз. Жалпы мердігер мекемелердің салғыр-салақтығы аймақ басшысы Шөкеевты әбден шаршатып біткендей. Олардың түрлі жағдайларды алға тартып, өздерін арашалауға қатысты сөздері де Шөкеевтің қабағын қатайтпаса, қайырымын тудырмайтын сияқты.
Жуырда аймақ әкімінің Түркістанның рухани-мәдени орталығында бой көтерген ғимараттар мен әлеуметтік нысандардың құрылысын аралау кезіндегі мердігерлерге қарата айтылған сөзі соған негіз.
Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада нысандарды аралау кезінде облыс әкімі мердігер мекемелермен кездесіп, оларға қолға алған жұмыстарын ширатуды тапсырғаны мәлімделген. Сол кездесуде Өмірзақ Естайұлы кәсіпкерлерге «ләпбай тақсыр орындаймыз» деген уәделерінен таймай, көрсетілген міндеттерді мінсіз орындауды баса айтқан. Жұмысты кестеден қалып орындап жүргендерге немесе келісім-шарт талаптарын бұзған мекемелерге шара көрілетінін ескерткен. Сонымен қатар ол сөзін «Ақталу абырой әкелмейді. Жүктелген міндеттің жүгі ауыр болса, әлек болмау керек. Басқаларға жол берілсін. Бұл салада себеп пен сылтау сүйрегендерге орын жоқ»,-деп нығырлаған.
Аймақ әкімі мердігер мекемелерге қарата айтылған мұндай ескертулерді ғылыми-әмбебап кітапханасы, драма театр, «Ұлы дала елі» орталығы мен мемлекеттік жекеменшік әріптестік бағдарламасы шеңберінде салынып жатқан 630 орындық көпсалалы аурухананың құрылысын аралау кезінде жасаған. Аурухана келер жылы пайдалануға берілетін болса, қалған үш нысанның құрылысы осы жылы аяқталуы тиіс-тін. Шамасы жүргізіліп жатқан жұмыстар қарқыны Шөкеевтің көңілінен шықпаған сияқты. Бірақ кестеден кешіккен мердігерлерге Шөкеевтің қандай шара көретіні белгісіз.