ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАЛАРДЫ ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕ КЕҢЕС ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Қала басшысы Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен Шымкент қаласының тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі Ғылыми-әдістемелік кеңес отырысы өтті.
Онлайн режимде өткізілген жиында Шымкенттің көне қалашығын қалпына келтіру, реконструкциялау және жаңғырту бойынша атқарылған жұмыстарды бағалау жөніндегі жұмыс тобының қорытындысы сараланды. Сонымен қатар «Шымкент көне қалашығы» кешенін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұралардың тізіміне енгізу, «Ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізу және әлеуметтік қарау алаңымен мәдени ландшафтты жаңарту» жобасы да талқыланды.
Көне қалашықты қалпына келтіру бойынша атқарылған жұмыстарды бағалау жөніндегі жұмыс тобының қорытындысы жөнінде қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивте басқармасының басшысы Х. Есенова баяндады. Онымен қоса, жиынға қатысушылар алдағы уақытта амфитеатрдан бөлек, ежелгі көрме және галереяны қайта қалпына келтіру жайын да сөз етті.
Ғылыми-әдістемелік Кеңестің құрамында «ҚазҚайтажаңарту» РМҚК ғылыми-зерттеу және жобалау филиалы, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының рухани мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитеті, Халықаралық Орталық Азия зерттеулері институты, Т.Басенов атындағы сәулет және құрылыс институты, Ә.Марғұлан атындағы Археология институты, ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы Кластерлік бюросының мәдениет саласының өкілдері мен археологтар бар екенін айта кетейік.