ШЫМКЕНТТЕ МӘМС ЖҮЙЕСІ БОЙЫНША 80 ПАЙЫЗДАН АСА ТҰРҒЫНДАР САҚТАНДЫРЫЛҒАН
Шымкент тұрғындарының 80,1 пайызы міндеттік әлеуметтік медициналық сақтандырылу жүйесі бойынша сақтандырылған. Қала тұрғындарының саны 1 065921 екенін ескерсек бұл жаман көрсеткіш емес. Казіргі таңда мегаполисте 217 117 азаматты сақтандыру жұмыстары жүргізілуде.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалы мамандарының мәліметінше, жылдың басында әлеуетті жеткізушілер дерекқорына 183 медицина ұйымы енген болатын. Оның 38-і немесе 39,1 %-ы – мемлекеттік, 145-і немесе 60,9 % жекеменшік клиникалар. Яғни, мемлекеттік тапсырысты орындауға құлшыныс білдірген жекеменшік клиникалар саны өткен жылмен салыстырғанда артқан. Аталған ұйымдар стационарды алмастыратын көмек түрлерін көрсетуге белсенді түрде атсалысуда. Биыл олардың саны өткен жылмен салыстырғанда 19-ға көбейген.
Сонымен қатар, стационарлық және емханалық-амбулаторлық көмек, ауылдық жерлердегі емханалық-амбулаторлық көмек, консультативтік-диагностикалық көмек, жоғары технологиялық қызметтер көрсету бағытында да жекеменшік саланың үлесі басым.
Онымен қоса, жекеменшік клиникаларда көрсетілетін медициналық көмек түрлері де көбейген. Мәселен, биыл олар онкологиялық көмек, жедел медициналық көмек, паллиативті көмек, оңалту және қалпына келтіруге бағытталған көмек түрлерін көрсеткен.