ҚАТЕРЛІ ІСІКТІ ЕМДЕУДІҢ ТЫҢ ТӘСІЛІ СӘТТІ ЖҮРГІЗІЛІП КЕЛЕДІ
Шымкенттегі онкологиялық орталықта қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың ісік тарайтын тамырларын жауып тастау арқылы ісік толығымен дәріленетін ота тәсілі сәтті қолданылып келеді. Отаның бұл түрі ми, мойын, бауыр, ұйқы безі, жатыр, жатыр мойны, бүйрек, бауыр ісіктеріне шалдыққан науқастарға жасалады. Тамырішілік химиотерапия және химиоэмболизация әдісі деп аталатын мұндай ем-шараны күнделікті тәжірибеде қолдану үшін орталық мамандары Ресей, Австрия, Германия елдерінде оқудан өтіп, біліктіліктерін шыңдаған.
Бұл ота әдістің көмегімен мамандар 12 жылдан бері қатерлі ісікке шалдыққан науқастарды емдеп, оң нәтижелерге қол жеткізуде.
Дәрігерлер тамырішілік химиотерапия кезінде цифрлы рентген аппараты немесе ангиограф арқылы катетердің көмегімен дәрілік заттарды тамыр ішіне жібереді. Ерекше атап өтерлігі қатерлі ісікке шалдыққандардың денсаулығын әжептеуір оңалтып, оның өмірін айтарлықтай ұзартуға мүмкіндік беретін мұндай тәсілді Қазақстанда алғаш болып шымкенттік дәрігерлер енгізген. Бұл туралы қалалық онкологиялық орталықтың химиотерапия және эндоваскулярлы онкология бөлімінің меңгерушісі Давранбек Арыбжанов:
– Емнің бұл түрін қолдану арқылы біз қатерлі ісіктің тамырына химиялық заттарды 100 пайыз жібере аламыз. Нәтижесінде қатерлі ісікті емдеу 20-30 пайыз жақсарады. Бұл ауыр халдегі обыр ауруына шалдыққан науқастардың өмірін ұзартады. Тамырішілік химиотерапия және химиоэмболизация әдісі бойынша ем алу үшін бізге еліміздің өзге де облыстарынан науқастар келеді. Тіпті шекара асып, дертіне дауа іздеп келетін науқастар бар.