ЕЛІМІЗДЕ ІНДЕТКЕ ШАЛДЫҒУ 1,7 ЕСЕ ӨСТІ

бұл екінші толқынның көрсеткіші емес

Соңғы екі аптадан бері өңірлерде коронавирусты жұқтыру көрсеткіші 1,7 есеге көбейіп отыр. Сала мамандары өсім ел аумағының барлық өңірлерінде байқалғанмен, бүл үдерісті індеттің екінші толқыны емес екенін нық сеніммен айтуда. Соған қарамастан Қазақстанның бірқатар облысы мен қалалары қатаң карантин режиміне қайта оралды.

Осы аптада еліміздің Қостанай, Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары күшейтілген карантин тәртібіне көшті. Оған дейін мұндай тәртіп Шығыс Қазақстан облысында енгізілген. Өңірлердің орталықтарының жан-жағына блок-бекеттер қойылды. Аталған аймақтарға әуе және темір жол бағытындағы жолаушылар тасымалы рейстері де қысқартылды.
Жолдарға қойылған бекеттерден тек санитар дәрігердің қаулысында көрсетілген жағдайлармен ғана жолға бет алған жүргізушілер өтуде.
Батыс Қазақстан облысы мен Нұр-Сұлтан қаласында да ахуал мәз емес. Бірақ Қазақстанның оңтүстік өңірлері, Маңғыстау мен Қызылорда облыстарындағы эпидахуал тұрақты. Мұны аталған облыстардағы жылы климаттық жағдаймен байланыстырып отырғандар да бар. Өз кезегінде еліміздің Денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов «Мен вирустың таралуын климаттық жағдаймен тікелей байланыстырмас едім. Қазіргі таңда өсім солтүстік шекара маңындағы өңірлерде тіркеліп жатыр. Солтүстік өңірлердің шекаралас аудандарында жағдай мәз емес екені анық. Ресейде күніне 20 мың адамның коронавирусқа шалдыққаны тіркеледі. Дәл осы өңірлерде қарқынды миграция болды. Осыған орай карантинді қатаңдату және көші-қонды азайту бойынша мемлекеттік шекарада тиісті шаралар қабылданған»,- деді.
Ағымдағы жылдың 12-қарашасындағы жағдай бойынша ШҚО, Павлодар, БҚО және Қостанай облыстары «қызыл» аймаққа енген. Ал Ақмола облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы «сары», қалған өңірлер «жасыл» аймақта тұр.
Ал коронавирус диагнозымен республика бойынша 118 491 адам тіркеліп, 108 632 адам жазылып шықты, 1 899 науқас көз жұмған. Ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап 12-қарашасына дейін COVID-19 белгісі бар пневманиясына 39 545 адам шалдыққан. Оның ішінде 23 351 адам сауыққан. Ал 9 782 науқас ем қабылдауда. 412 адам қайтыс болған.

Қ. ҚАЛИЕВ.