МАҚТАНЫҢ ӨНІМДІЛІГІ ЖАҒЫНАН ОРДАБАСЫ ОЗДЫ
Биыл Түркістан облысында 125 мыңнан астам гектар алқап мақта егісіне бөлінген. Қазіргі таңда сол алқаптарда терім науқанының 90 пайызы орындалып, 298,7 мың тонна шитті мақта жиналды. Түсімділігі гектарынан 24,3 центнерді құрап отыр. Жалпы жиналған ақ алтынның тең жартысынан көбі 500-ге жуық комбайнның жұмылдырылуымен терілген.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Өңірде Шитті мақтаны қабылдаумен 18 мақта өңдеу зауыттарының 166 қабылдау бекеттері айналысуда.
Мақта шаруашылығын мемлекеттік қолдау үшін көктемгі және күзгі дала жұмыстарына нарықтағы бағадан арзан бағамен 76,2 мың тонна жанар-жағар май босатылды.
Сонымен қатар, 30 мың агроқұрылымға минералды тыңайтқыштар мен зиянкестерге қарсы қолданылатын биоагенттердің 50 пайыз шығындары субсидияланып, мемлекеттік қолдау көрсетілді.
Бұдан бөлек, құны 6,0 млрд. теңгені құрайтын 891 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынып, 1,2 млрд. теңге инвестициялық субсидия төленді.
Айтпақшы биыл мақта өнімділігінен Ордабасы ауданы көш бастады. Ауданда алқаптың әр гектарынан 30 центнер шитті мақта жиналды.
М. ӘБДІРАЙЫМ.