ҚЫЗ БАЛА ӨЗІН ҚОРҒАЙ БІЛУІ КЕРЕК
«Болашақ ана мектебі» курсы не үйретеді?
Елімізде жыл сайын 5 мыңға жуық жасөспірім қыз жүкті болып, оның 1300-ге жуығы түсік жасатады. Зардабы зілдей ауыр мұндай қадамға олар не үшін баратыны белгілі. Алдану, ата-анасынан жасыру, моральдық және материалдық тұрғыдан ана болуға дайын болмау тағысын тағы. Ал өмір атты баспалдақтың алғашқы сатысына енді аяқ басқанда мұндай жәйтті бастан кешіруінің түпкі себебі не? Мамандар мұны жас өскін қыздардың жақындарымен ашық сөйлесе алмауынан, өзін қорғай білмеуінің, зорлық-зомбылыққа қарсы тұра алмауының салдары деп түсіндіреді.
Оның салдары оларды ана болу бақытынан біржола айыруы мүмкін. Қыздарымыз өмір жолында жаңылмауы үшін, оларға психологиялық демеу көрсетіп, адасудың алдын алу ниетімен Шымкенттегі «Шаңырақ» орталығының жанынан «Болашақ ана мектебі» курсы ашылды. Жуырда ашылған курста кәнігі мамандар 14-18 жас аралығындағы қыздарға тағылымды тренингтер жүргізеді. Орталық жанынан ашылған «Болашақ ана мектебі» курсының үйлестірушісі Айбаршын Байжігіт. Ол «Болашақ ана мектебі» курсы туралы «Мұндағы мақсат – жасөспірім қыз балаларға пайдалы ақпараттар мен бағыт- бағдар беру. Бұл ретте біз қаладағы атаулы әлеуметтік көмек алатын, аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан қыз балалар тәрбиесіне екпін беріп отырмыз. Ол отбасылардың тізімін қалалық жүмыспен қамту орталығы арқылы алдырттық. Сол тізім бойынша біз ата-аналарға хабарласамыз. Кешегі аптада бірінші кездесу өткізілді. Оған 10 жасөспірім қыз бала қатысты. Жиынға «Ана үйінің» координаторы Қалдар Тунтекова келіп кеңестер айтты. Танысу отырысы ретінде өткізілген шарада оң босағада отырып жүкті болып қалған бойжеткен келді. Ол мұндай күйге қалай түскені туралы айтып берді. Одан соң арнайы шақыртылған психолог Ж. Кенжебаева тренингке қатысып отырған қыз балаларға аяғы ауыр қыздың бүгінгі күйінің басты себебі өзін өзі қорғай алмауы екенін келелі мысалдармен келтірді»,- дей келе, мұны табалау емес екенін, өзгенің қия басқан қадамынан сабақ алу деп түсіну керектігін ескерте кетті.
Айбаршын Байжігіттің сөзінше «Шаңырақ» орталығының жанынан ашылған «Болашақ ана мектебі» курсында жасөспірім қыздарға түрлі бағытта тренинг өткізу үшін аптаның әр жұмасында белгілі мамандармен кездесулер өткізілетінін алға тартты.
«Алғашында кездесуді екі аптада бір рет өткіземіз деп жоспарлағанбыз. Бірақ шараға қатысушы қыздардың сұранысымен аптасына бір рет өткізу қолға алынды. Кешегі аптада бірінші кездесуі өткізілді. Осы аптадағы екінші кездесуде қатысушыларымыз «Өзіңді жақсы көру» тақырыбында психологпен сырласу сағатын өткізеді. Біз барлығы он кездесудің тақырыбын белгілеп қойдық. Соған сәйкес алдағы уақытта мамандық таңдауда кәсіби бағыт-бағдар беру, «Өмірде өз ізіңді қалдыру үшін жас күніңде не істеу керек?» деген тақырыпта Алтын алқалы, ұлағатты әжелердің тәрбиелік мәні зор дәрістерін тыңдаймыз. Көпшілік алдында сөйлеу, өз ойыңды сауатты жеткізе білу, шешендік өнер, әлеуметтік желіде қауіпсіздікті сақтау, өзін өзі қорғау, зорлыққа қарсы тұра білу, ерте жүктілік пен аборттың зияны туралы тақырыптарды талдаймыз. Ол үшін өз ісін жетік білетін тәжірибелі психолог мамандар, гинеколог дәрігерлер, елге танымал тұлғалар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерін шақырту жоспарланып отыр».
Жоба үйлестірушісі бұл курстың жүмысын жолға қою үшін бюджеттен қаржы- қаражат қаралмағанын, бұл Еріктілер жылына орай ерікті түрде қолға алынып отырған шара екенін, және оған шақыртылатын мамандар риясыз көңілмен ешқандай ақысыз атсалысып отырғанын атап өтті.
«Бұл жоба өміршең болады деп ойлайсыз ба?»,-деген сұраққа Айбаршын Байжігіт «Алғашқы кездесуде біз қатысушыларға өздерін толғандырған үш сұрақты жазып келу туралы тапсырма бердік. Олар анонимді түрде жауап жазады. Яғни, сұрақта өз атын белгілемейді. Сол сұраққа осы аптадағы кездесуде психолог маман жан-жақты жауап береді. Жұмысымыз нәтижелі болуы үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз. Қатысушылар үшін қабылдауы қиын ауыр тақырыптарды қозғай бермей, ортасында ойларын сергіту бағытында баланы бесікке бөлеу, торт пісіруді үйрету, қолөнер сынды сағаттар ұйымдастырмақшымыз. Егер қыздарымыз белсенді қатысып, қызығушылықтары жоғалмаса жұмысымызды жалғастыра береміз»,-деді.
«Болашақ ана мектебі» курсының басты мақсаты – қыздарымызды отбасылы болуға дайындау. Олардың психологиялық проблемаларды жеңуіне көмектесу. Оң босағада отырып жалғызбасты ана болып қалуға жеткізбеу. Қыздар қателіктерге бой алдырмай, ана болуға дайын болып жүруін жолға қою. Ана болатын адам алдымен өзін қорғай білуі керек екенін, өзіне не керегін жақсы білуі қажеттігін санасына сіңіру. Осы бағытта санасын оятып, көзін ашу болып табылады.
Аталған курста Сіздің де қызыңыз мамандардың қажетті кеңесін білсін десеңіз 8777 147 91 40 телефон нөміріне хабарласып, жазылыңыз. Артық болмас білгені.