АУЫР ХАЛДЕГІ НАУҚАС АУРУДЫ ЖЕҢІП ШЫҚТЫ

Ағымдағы жылдың 29-қазан күні қаладағы модульдік инфекциялық госпитальге ауыр халде 64 жастағы азамат жеткізілген. Науқасты тексере келе дәрігерлер екі жақты пневмония диагнозын қойып, жансақтау бөлімінде шұғыл емдеу шараларын жүргізген.

Оның үстіне шұғыл түрде жеткізілген науқастың жасандық бүйрекпен өмір сүруі де оның жалпы ахуалын ауыр жағдайға түсірген.
Тексеру барысында науқастың өкпесінің 30 пайызы қабынғаны анықталған. Бірақ, білікті мамандардың жүргізген емінің нәтижесінде жасанды бүйрекпен өмір сүріп жүрген азаматқа көрсетілген ем-дом бойына ем болып дарыды. Бірер күннен соң науқастың беті бері қарап, 10 күнге созылған стационарлық емнен кейін үйіне шығарылды.
Оны емдеуші дәрігері Еркінбек Нұртаев “Емдік шаралар жүргізілді, динамикада жағдайы жақсарып, анализдері бір қалыпқа келді. Тыныс алуы жақсарып, дене қызуы түсті. Оған бактерияға қарсы қарқынды ем жүргізілді. Сонымен қатар антикоагулянттық терапия жүргізіліп, қосымша симптоматиялық ем көрсетілді»-дейді.