ДӘРІГЕРЛЕР ХАЛЫҚТЫ ҚАПЫ ҚАЛДЫРМАЙДЫ ДЕП СЕНЕМІН
Шыңғыс МҰҚАН,
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан коронавирустың ықтималды екінші толқыны кезінде медицина қызметкерлерінің халыққа сапалы ем көрсетіп, сын сағатта сенім үдесінен шығатынына сенетінін айтты.
Сонымен қатар ол, Шымкент қаласында 674 медицина қызметкері коронавирус жұқтырғанын, осыған орай Президенттің тапсырмасы бойынша үстемақы беру үшін 9 рет комиссия отырысы өткізілгенін мәлімдеді. Комиссияда ауру жұқтырған әрбір қызметкердің жағдайы жеке-жеке қаралған. Нәтижесінде комиссия шешімімен 411 қызметкерге 2 миллион теңге төлем берілген. Қалған медицина қызметкерлері коронавируспен күрес жұмыстары кезінде алдыңғы шепте жүретін маман ретінде тартылмаған. Жалпы індет өршіген кезде инфекциялық стационарларда науқастарды емдеген мамандар тәуекелдің бірінші тобына жатқызылып, оларға айына қосымша 850 мың теңге үстемақы төленіп отырған. Ал провизорлық орталықтарда істейтіндер мен жедел жәрдем дәрігерлері екінші тәуекел тобына енген. Оларға негізгі еңбекақыларынан бөлек ай сайын қосымша 425 мың теңге төленген. Ал, карантин орталықтарында қызмет ететіндер үшінші тәуекел тобы болып белгіленіп, ай сайын еңбекақыларынан бөлек қосымша 212,5 мың теңге үстемақы алған.
Сонымен қатар Шыңғыс Мұқан бұдан былайғы ретте медицина қызметкері жұмыс кезінде коронавирус жұқтырғаны расталса, оған бас дәрігер жауапты болатынын ескертті.