ҰҚЫПТЫЛЫҚТЫ ҰМЫТПАЙЫҚ

Шымкентте соңғы күндері иіссіз газдан уланып, ауруханаға түсіп жатқан науқастар айтарлықтай көбейіп отыр. Мұны дәрігерлер күннің суытуына байланысты адамдардың үйлеріндегі газ қазандықтарын қолдануда ұқыптылықты ұмыт қалдыруымен байланыстырады. Мәселен, Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығына 1-қазаннан бастап бүгінге дейін (9-қараша) 92 науқас көміртегі тотығымен уланып түскен. Адамдар мұндай жағдайға үйде, мал жайларында болған өрт салдары кезінде тап болады. Дер кезінде құтқарылып, ем-шаралар көрсетілмесе тіл тартпай кеткізетін көміртегі тотығынан улану үйдегі газ колонкалары мен газ қазандықтарының дұрыс жұмыс істемеуінен де болады.
Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығының бөлім меңгерушісі, дәрігер-токсиколог Асылхан Мыңбосынав көлігі газбен жүретін жүргізушілердің де көміртегі қышқылынан улану оқиғалары кездесетінін, сондықтан да көлікті қыздыру кезінде көлік ішінде емес, сыртта тұра тұруды, ал жылыту маусымы басталған кезде су жылытқыш колонкалар мен қазандықтарды тиісті мамандарға көрсетіп, тоқсанына бір рет техникалық қадағалау жасауды ескертеді. Сонымен қатар пеш түтіндігігің дұрыс тартуына да мән беруді ұсақ дүние деп қарамау керектігін баса айтады.
Сонымен қатар дәрігер Асылхан Ерханұлы:
– Көміртегі қышқылымен уланудың үш дәрежесі бар. Жеңіл, орташа және ауыр. Жеңіл түріне душар болған кезде көрсетілетін алғашқы көмек иіс тиген адамды сыртқа шығарып, таза ауада тыныстандыру қажет. Ал орташа және ауыр түрінде стационарлық деңгейде медициналық қызмет көрсетілуі тиіс. Жалпы, көміртегі қышқылымен уланудың басты белгілері бастың айналуы, бастың ауруы, жүректің айнуы, құсу, құлақтағы шу, ентігу, жөтел және көздің жасаурауы жатқызылады. Кейбір жағдайда адамдардың есту, көру қабілеттері нашарлап, тепе-теңдікті жоғалтады. Бойын әлсіздік пен ұйқышылдық билейді. Мысалы, жуырда иістен тұра алмаған 1983 жылғы азаматты жедел жәрдем қызметкерлері ауыр халде Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығына жеткізді. Науқасты дәрігерлер шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызып, емдеу шараларын жүргізген. Нәтижесінде 1983 жылғы науқастың жағдайы жақсарып, реанимациядан палатаға ауыстырылды,-дейді.
Өз кезегінде ол иіс тиген адамға көрсетілетін ең алғашқы көмек адамды таза ауаға шығару екенін ескертеді. Содан соң жедел жәрдем бригадасын шақыру қажеттігін атап өтті.
Иіссіз газдан улану бас миы, тыныс алу ағзаларының, жүрек-қан тамырлары жүйесі ауруларының асқынуына әсер етеді. Тек дер кезінде көрсетілген ем ғана бұл қауіпті алдын алады.