МЕГАПОЛИСТЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ БЕТПЕРДЕ МИЛЛИОНДАП ШЫҒАРЫЛАДЫ

Шымкентте коронавирустан қорғануда таптырмас құрал болып табылатын медициналық бетперде мен қолғаптар шығару ісі жолға қойылғаны белгілі. Қалада тәулігіне 150 мың дана медициналық бетперде мен 200 мың жұп қолғап өндіріледі.

Мәселен, «Bіzhon» ЖШС айына 5 миллионға жуық медициналық бетперде тігетін еліміздегі бірден бір кәсіпорын. Өндіріс орнынан шығарылатын маскалар үш қабаттан тұрады. Бір реттік қолдануға арналған бетперделер тек жергілікті жерге ғана емес, өзге де аймақтарға шығарылуда.

Ал «Қазмедпром» медициналық компаниясы күніне 170-200 мың дана қолғап шығарады. Аталған серіктестік Қазақстандағы медициналық қолғаптың барлық түрін шығаратын алғашқы мекеме ретінде ерекшеленеді. Аумағы 1,2 гектар құрайтын кәсіпорын «Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан. Онда стерильді, стерильді емес, диагностикалық, табиғи және синтетикалық секілді медициналық қолғаптар дайындалады.

Компания 68 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өндіріс орны алдағы уақытта өндірісте және үй шаруашылығында қолданатын қолғаптар дайындауды жоспарлауда.

Жоғарыда медициналық масканың індеттен сақтануда көп маңызға ие екенін атап өттік. Қазіргі таңда елімізде пандемияға байланысты бетперделік режимді сақтау бақылауға алынғаны белгілі.

Өткен айдың 7-қазанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен жиында еліміздің Денсаулық сақатау министрі Алексей Цой індеттің беталысына қатысты пессимистік сценарий ұсынған болатын. Еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осындай қауіпті кезеңде ел ішінде бетперде тағу режимі 100 пайыз сақталған күннің өзінде желтоқсанға дейін індетке шылдыққандардың саны 40 мыңға жуықтап, оның 15 мыңдайы ем-дом қабылдауы мүмкін екенін айтқан. Министр айтқан пессимистік сценарий бойынша егер ел аумағында бетперде режимі 60 пайызға дейін сақталса, қазан мен желтоқсан аралығында коронавирус індетіне шамамен 190 мың адам шалдығып, оның 65 мыңы стационарлық ем-домға мұқтаж болатыны ескертіледі. Эпидахуал дәл осылай қолайсыз күйге түссе желтоқсанның ортасында елде локдаун енгізілуі мүмкін. Ал бетперде тағу режимі 70 пайызға қамтамасыз етілсе, қазан-желтоқсан аралығында вирус жұқтырғандар саны 90 мыңға жетіп, оның 30 мыңы медициналық мекемелерде емделмек.

Сонымен қатар ведомства басшысы еліміздегі эпидемиологиялық ахуал дәл осылай өрбитін болса, локдаун режимі қаңтарда жариялануы әбден мүмкін екенін айтқан болатын.