ЗЕРТХАНАЛАР ТӘУЛІГІНЕ 3500 ПТР ТЕСТ ЖАСАУ МҮМКІНДІГІНЕ ИЕ

Шымкентте ағымдағы жылдың 30-қазанына дейін 116591 ПТР тест тапсырылған. Қазіргі таңда қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсететін 9 ПТР зертханасы бар. Олар күніне 3500-ге жуық тест жасау мүмкіндігіне ие.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының таратқан деректерге сүйенсек, аталған зертханалар тәулігіне 1500-2000 арасында тест қабылдауда.

Қалада қалыптасқан эпидахуалға байланысты әзірленген төсек-орын саны 1060-қа жетеді. Оның 560-ы жұқпалы ауруларға шалдыққандар үшін, 500-і оқшаулауға жатқызылғандар үшін дайындалған. Бірақ қазіргі таңда жұқпалы және карантиндік ауруханаларда 156 науқас ем алуда.

Айта кетейік, қалада 2020 жылдың 24-наурызынан 29-қазанына дейін коронавирус инфекциясының 5 231 жағдайы тіркелген. Оның 2662-сі симптомды болса, 2569-ы – симптомсыз. Олардың ішінде 5 152 науқас емделіп шыққан. Ал осы жылдың 1 тамызы мен 29 қазан аралығында COVID-19 белгілерімен пневмонияның 985 жағдайы тіркелген.

Ағымдағы жылдың 5-қарашасындағы жағдай бойынша Шымкентте коронавирус жұқтырғандар саны 5249 адамға жетіп отыр.