ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕ АДАМДАР КҮЙЗЕЛІСКЕ НЕГЕ ТҮСЕДІ?
Карантин кезінде күйзеліске ұшыраған адамдардар саны айтарлықтай өскен. Мамандардың саралауынша пандемия кезінде елімізде әрбір екінші тұрғын психолог маманның онлайн қызметіне жүгінген. Коронавирусқа байланысты енгізілген шектеулердің алғашқы айында психикалық денсаулық жөніндегі республикалық ғылыми практикалық орталықтың сайтына кіру көрсеткіші 100 мыңнан асқан. Олар күйзеліске қарсы күрес жолдары бөліміне көп үңілген. Мұның себебін маманнан сұрау үшін Шымкент қалалық №3 емхананың психологы Әлия Ізбасаровамен тілдескен едік.
– Әлия Аңсағанқызы жуырда республикалық психикалық денсаулық ғылыми практикалық орталығы пандемия кезінде көп адамдардың психикалық көңіл-күйінің айтарлықтай өзгергенін мәлімдеді. Сіз оған келісесіз бе?
– Жалпы «Сізден жазылмайтын ауру анықталды…» дегенді қабылдау былай тұрсын, естудің өзі қиын екенін әрбіріміз жақсы білеміз. Қазіргі уақытта он айдан бері емі табылмай жатқан коронавирус салдарынан әлемде соның ішінде біздің елде болып жатқан жағдай әлгіндей жәйтті естіп, есеңгіреп қалған адамның күйіне көп ұқсайды. Мұндай хабарды естіген адам бастапқыда бұл сөзге сенбей «Бұлай болуы мүмкін емес!»,- деп, ауырып қалғанын мойындағысы келмейді. Сол сынды ауру алғаш таралып жатқан кезде көптеген елдердің халқы оған сенбей, сақтық шараларына жүрдім- бардым қарады. «Бетперделік режимді ұстаныңыздар» деген ескертулерге құлақ аспаған қаншама адамды көрдік те, естідік те. Сақтық шараларын сақтауда осындай олқылықтардың болуынан жағдай уыстан шығып, көптеген елдерде эпидахуал ушыға түсті. Сол кезде індеттің таралуына барынша тосқауыл қою үшін Қазақстанда да қатаң карантиндік режим енгізілді. Мектептердің қашықтан білім алуға көшуі, ойын-сауық орындары, кинотеатрлар, саябақтар, кафе, ресторандардың жұмысы уақытша тоқтатылғаны былайғы жұрт үшін күтпеген жағдай болды.
Бұған дейін уақытын сабақта, достарымен бірге саябақта, ойын-сауық орындарында, фитнес залдарда өткізуге дағдыланып қалған жастар үшін карантиндік режим оларды қоршауда қалғандай күйге бөледі. Ал ата-аналар үшін үйінде онлайн тәртіпте жұмысын атқарып, қосымша қашықтан білім алып жатқан баласының сабағына көңіл бөлу көп күшті талап етті. Оның үстіне балабақшада тәлім алатын баласының көңілін аулау да оңайға соқпады. Бұған дағдыланбаған олар біраз шаршауды бастан кешірді. Сонымен қатар көптеген жұмыс орындарының уақытша тоқтатылғаны да құр отырғанды суқаны сүймейтін азаматтарға да ауыр соққы болды. Пандемия кезіндегі күйзелісті осындай жағдайлармен байланыстыруға болады. Десе де, карантиннен позитив іздеген адамдар да болды. Мысалы, біраз адамдар кітап оқып, ізденсе, енді бірі көптен бері қолы бармай жүрген үй тірліктерін жасаудың сәті түсті деп қуанды.
– Пандемияға байланысты сақтық шараларын сақтау туралы талаптарға кейбір адамдардың әлі күнгей дейін монұсынбауын қалай түсіндіресіз? Сонда олар әлі күнге дейін індеттің жұқпалы екеніне сене алмай жүр ме?
– Қазір бұл індеттің жұқпалы әрі қауіпті екеніне күмәнмен қарайтындар жоқтың қасы десек те болады. Дегенмен карантин тәртібін сақтамайтындар саны сиреймей тұр. Егер бір адамға «Ол жерге баруға болмайды! Ол жерде өміріңе қауіп төніп тұр» десең және ол адам сенің айтқаныңа құлақ аспаса, бұл оның өмірге деген қызығушылығының құрдымға кетіп бара жатқанын аңғартады. Ол бейсаналы түрде ауру жұқтырып, індеттің құрбаны болғысы келеді дегенді білдіреді.
Психолог ретінде менің қабылдауыма келетін адамдардың бірі шын мәнінде осылай екенін мойындады. Ол маған «Суицид жасағым келіп жүр. Бірақ өзіме қол салсам ешкімге қадірім болмайды. Өзіне қол жұмсаған әлсіз адам деп ойлайды. Ал коронавирус жұқтырып, олай-бұлай болып қалсам, адамдарда маған деген аяушылық сезімі пайда болады», — деп айтты. Әрине бұл жағдайға мен қарап отыра алмадым. Кәсіби көмегімді көрсетіп оны әлгіндей мазасыз ойлардың шырмауынан алып шықтым. Қорқыныштысы сондай ойдың шырмауында жүргендер қаншама…
– Ондай күйзелісте жүргендерді тығырықтан қалай алып шығасыз?
– Әр адамда өмірге және өлімге деген құштарлық болады. Өмірге деген құштарлықты арттыру керек. «Мен бәрінен шаршап кеттім, жұмысымнан кетіп, үйде отырғым келеді» деген ой өлімге деген құштарлықты білдіреді. Бірақ оны адамның өзі мүлде сезбеуі мүмкін. Нені көп ойласаңыз соған қол жеткізесіз. Егер 21 күн қатарынан «Мен аурумын» деп қайталай берсеңіз, 21-күні дәрігерлер ағзаңыздан ауру тауып береді. Бұл басқа да дерттерге қатысты. Нені көп ойласаңыз, соған қол жеткізесіз. Сондықтан әрбір адам әрдайым жақсы ойда болғаны абзал. Жақсы ой, күлкі, салауатты өмір салты – күйзеліс пен үрейдің тиімді профилактикасы. Күйзелісті жеңудің дұрыс немесе бұрыс әдістері болмайтындықтан оны әр адам әртүрлі әдістермен жеңеді.
Қазіргі коронавирус пандемиясы жағдайында қорқыныштан арылып, жан тыныштығын сақтаудың бірнеше әдісі бар. Бұл орайда еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мамандары бірнеше кеңестер береді.
Атап айтқанда, жақсы ойлауға тырысу. Жағымды ойларға және жылы естеліктерге көбірек назар аударған маңызды. Көңіліңізді басқа нәрселерге аударыңыз. Жағымсыз ойлардан аулақ болып, көңіліңізді қуанышты оқиғаларға, естеліктерге аударған абзал. Өзіңізді не нәрсе қуанта алатынын байқаңыз. Теріс эмоциялардан арылыңыз. Жағымсыз эмоциялар күйзелісті күшейтіп, депрессияға әкелуі мүмкін. Сондықтан оларды сыртқа шығару қажет. Егер сізді немесе отбасыңыздың мүшелерін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы берілетін репортаждар қатты үрейлендіретін болса, оларды көруге немесе тыңдауға аз ғана уақыт бөлген дұрыс.
Ақпарат алуға тырысыңыз. Қауіп-қатерлерді жақсырақ анықтауға және дұрыс сақтық шараларын қабылдауға көмектесетін ақпарат алыңыз. Сенімді ақпарат көздерін пайдаланыңыз.
– Ал коронавирусқа шалдыққан азаматтарға қандай кеңес айтасыз?
– Коронавирустан кейінгі оңалту шаралары ретінде ағзаны сауықтыруға арналған пайдалы кеңестерге құлақ асыңыз. Салауатты өмір салтын ұстаныңыз. Өз эмоцияларыңызды басу үшін темекі шекпеңіз және ішімдік ішпеңіз. Егер олардан арыла алмасаңыз, медициналық немесе психологиялық көмекке жүгініңіз. Қай жерге және қалай көмекке жүгінетініңіз туралы жоспарды алдын ала дайындаңыз.
Көбірек күліңіз. Күлу – бұл күйзелістің маңызды профилактикасы.
Жайбарақаттануға тырысыңыз. Мұндай әдістің пайдасы зор. Барлық дәрігерлер мен психологтар күйзелістің алдын алу үшін күн сайын 10-30 минут ішінде аутогенді жаттығулар жасауға кеңес береді.
Ванна қабылдаңыз. Бұл жайбарақаттану үшін керемет әдіс болып табылады. Ванна қабылдау үшін әсіресе эфирлі майларды қолданған өте пайдалы.
Сүйікті ісіңізбен айналысыңыз. Жақсы көретін хобби – бұл күйзелісті алдын алудың ең тиімді тәсілі. Сондықтан, өзіңізден «не істегенді жақсы көремін?» деп сұраңыз. Мүмкін, сіз өлең жазғанды, тамақ түрлерін дайындағанды немесе психологияны оқып-үйренгенді ұнататын шығарсыз. Сол әуес іспен шұғылдану күйзелісті жеңуге көмектеседі.
– Күйзеліс пандемияға дейін болған, және одан кейін де бола беретін құбылыс екені белгілі. Жалпы күйзелісті жеңудің әдістері қандай?
– Дұрыс айтасыз, күйзеліс тек пандемия салған әлектен туындамайды. Өмірде болатын әртүрлі жағдайлар күйзеліс тудыруы мүмкін. Мысалы, қандай да бір адам күні бойы компьютер алдында тапжылмай отырса, адамның бұлшық еттері ширығып, басы мен бүкіл денесі ауырады. Мұндай жағдай үздіксіз қайталана берсе, оның соңы күйзеліске апаруы ғажап емес. Сондықтан да қарбалас жұмыс күнінен соң қолыңызға тарақ алып, шашыңызды 10-15 минут бойына асықпай тарауды әдетке айналдырыңыз. Бұл бастағы қантамырлардың жұмысын жақсартып, бұлшықеттердің босаңсуына көмектеседі.
Сонымен қатар, көңіліңіздің қошы болмаса дәмді тағам жеңіз. Бірақ қит етсе тоңазытқышқа қарай жүгіруді әдетке айналдырып жібермеңіз.
Бір кездері бойыңызда тасыған күш құрдымға кетіп бара жатқандай күй кешсеңіз, мұрынның астындағы, екі қастың ортасындағы, төменгі еріннің астындағы және алақанның ортасындағы нүктелерді 30 секундтан уқалаңыз.
Сіркеңіз су көтермей тұрса, бар күшіңізбен екі алақаныңызды қатты қызғанша бір-біріне ысқылаңыз. Сондай-ақ, құлақты ысқылаған да жақсы. Бұл әдіс жұмысқа деген енжарлықты жойып тастайды.
15 минут судың астында тұру арқылы жаман көңіл-күйден де құтыла аласыз. Жалпы суға түсу қажетсіз нәрсенің бәрін жуып-шайып әкетеді деген сенім осыдан қалса керек.
Шығыс даналығы: «Қайғыдан құтылғың келсе, үйдегі 27 затты орнынан жылжыт» деп кеңес береді. Бұл жаман қуаттардың шығып, жақсы қуаттардың кіруіне жол ашады екен. Мұны да тәжірибеде тексерсеңіз, ойыңыз бөлініп, денеңіз ширай түседі. Егер Сіз көп қабатты үйде тұратын болсаңыз, мына жаттығуды да жасап жүргеніңіз артық болмайды. Яғни, 5 минуттай баспалдақпен жоғары-төмен жүгіріңіз, не жай ғана жүріңіз. Бұл жаттығу адамның көңіл-күйіне жауап беретін ми бөліктеріне оттегінің баруына көмектеседі. Сондай-ақ, оңашада өзіңізге не керектігін, алдағы жоспарларыңыз туралы ойланыңыз. Жеңіл жаттығу қимылдарын жасаңыз.
Дайындаған:
С. ИБРАГИМОВА.