ІНДЕТ ТӨҢІРЕГІНДЕ СҰРАҚ КӨП, ЖАУАБЫ ҚАНДАЙ?

Кешегі жұмада Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов желі арқылы тікелей эфирге шығып, тұрғындардың COVID-19 және коронавирус белгісі бар пневмония дерттеріне қатысты сұрақтарына жауап берді. Соның бірқатарын назарларыңызға ұсынамыз.

– Бірнеше күн қатарынан қызу түспесе, не істеу керек?

– Мұндай жағдайда бірінші кезекте өзіңіздің тұрғылықты жеріңіздегі емханаға хабарласуыңыз керек. Ол жақтан сізге мобильді топ жіберіледі. Немесе қашықтықтан дәрігер маман кеңесі беріледі. Болмаса «103» жедел жәрдем нөміріне қоңырау шалсаңыз да болады. Бірақ, аталған қызмет түрлері көрсетілгеннен кейін де қызуыңыз түспей, жағдайыңыз жақсармаса, емханаға барып, тиісті ем-дом алуыңызға болады. Егер науқастың жағдайы аса ауыр болмаса, оны үй жағдайында емдеуге болатын болса, біз барынша сол әдісті қолдануға тырысамыз. Бұл емханалар мен ауруханаларға түсетін жүктемені азайтады. Ауру жеңіл, асқынбаған болса, үйде емделудің жолдарын қарастырған абзал.

 

– ПТР-тесттің бағасы қанша?

– Қазіргі таңда Шымкентте ПТР-тестті 6 мекемеде тапсыра аласыз. Олар – СПИД орталығы, Ұлттық сараптама орталығының Шымкент қалалық филиалы, қалалық диагностикалық орталық, «Олимп», «Invivo» зертханалары және «Медикер» клиникасының базасы.

Кейбір клиникалар ПТР-тесттің қорытындысын үш тілде береді. Бұл шетелге ұшатындар үшін өте ыңғайлы.

Бұдан бөлек, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қаулысына сәйкес, бірқатар санатқа жатқызылатын адамдар ПТР-тестті тегін тапсырады. Сондықтан, сіз өзіңіз тіркелген емханаға барып, ауруханаға жоспарлы түрде жататын болсаңыз не сол жерде көрсетілген санатқа кіретін болсаңыз, ПТР-тестті тегін тапсыра аласыз. ПТР-тесттің бағасы – 10-13 мың теңге аралығында. Тест бағасы осы аптада арзандауы керек.

 

– Коронавирусқа қарсы антидене ағзаны қанша уақыт аурудан қорғай алады?

– Вирус немесе бактерия жұқтырғаннан кейін кез келген ағзада вирусқа қарсы антидене пайда болады. Антидене – қорғаушы иммунитет факторлары. Оны иммуноглобулин деп те атайды. Антидене бізді алты ай немесе бір жыл қорғайды деп белгілі бір уақытты тап басып айта алмаймын. Себебі, бұған қатысты ғалымдар әлі зерттеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.

 

– Елімізде КВИ-дан емделіп шыққан адамның екінші рет індетті жұқтырғаны туралы дерек тіркелді ме?

– Елімізде ондай дерек әлі тіркелмеді. Бірақ, соған қарамастан, арқаны кеңге салмай, барлық сақтық шараларын сақтап жүрген абзал.

 

– Полисегментарлы пневмония диагнозы – вирусты пневмонияның белгісі екені белгілі. Бірақ ПТР-тест қорытындысында теріс нәтиже беруінің себебін қалай түсіндіресіз?

– Коронавирус адамға жоғарғы тыныс алу жүйесі, яғни, мұрын, ауыз қуыстары арқылы жұғады. Олар сілекейлі шырышты қабатта белгілі уақыт қана тұрады да, бір-екі күннен кейін төмен қарай түседі. Яғни, адам тамақ, су ішкеннен кейін жоғарғы тыныс алу жүйесі тазаланып қалады. Коронавирусты анықтау үшін мұрын немесе ауыздан сынама алған кезде ПТР-тесттің теріс нәтиже көрсетуінің себебі осы. Вирус төмен түскеннен кейін өкпені зақымдап, полисегментарлы пневмонияға алып келеді.

 

– Жазда індеттің жаппай өршуіне дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі де себеп болғаны анық. Осы олқылық тағы қайталанбайды ма?

– Қазіргі таңда ықтималды екінші толқынға дайындық толық деңгейде жүргізіліп жатыр. Қала аумағындағы барлық емханаларда, ауруханаларда және дәріханаларда екі айға жеткілікті дәрі-дәрмек қоры бар. Дәрі-дәрмек қорына біз күнделікті мониторинг жасап жатырмыз. Соның ішінде қызуды түсіретін ең керекті дәрілер, атап айтқанда, парацетамол, медициналық қолғап және маска қорын біз екі айға дайындап қойдық. Бұдан бөлек, біз осы індетке шалдыққан науқастарды емдеу кезінде дәрілерді негізгі және қосымша препараттар деп екіге бөлеміз. Сол негізгі препараттардың барлығы дәріханаларда бар. Тиісінше қосымша препараттар да ауруханалар мен емханаларда жеткілікті. Теңгерімді ұстап отырмыз.

 

– КВИ-ге қарсы вакциналау басталады ма?

– КВИ-ге қарсы вакцина қазіргі таңда Қазақстанда әлі егіліп жатқан жоқ. Әзірге Ресей мемлекетімен келіссөздер жасалып жатыр. Сол жақтан алып келген жағдайда міндетті түрде егу жұмыстарын жасаймыз.

 

– Балалардың КВИ жұқтыруы туралы не айтасыз?

– Қазіргі таңда Шымкентте оқушылар арасында КВИ жұқтыру деректері бар. Олардың барлығы – қашықтықтан оқыған балалар. Жағдайлары өте жақсы. Барлығы симптомсыз. Соған қарамастан олармен байланыста болған адамдардың барлығын СЭС-пен бірге карантиндік бақылауға алдық. Осы ауырған балалармен емхана қызметкерлері жұмыс жасауда.

 

– Коронавируспен ауырған адамдарды оңалту шаралары туралы не айтасыз?

– Жаз айларында КВИ жұқтырып, пневмонияға шалдыққан науқастар саны көп. Олар дертінен айығып шыққанымен, аурудың салдары ұзаққа созылатыны анықталып отыр. Сондықтан, оларды оңалту шараларына көбірек көңіл бөлуіміз керек. Оңалту дегеніміз – денсаулығын қалпына келтіру. Полисегментарлы немесе басқа да пневмония дертінен кейін 3-6 айға дейін оңалту курстарынан өту керек. Шымкент қаласында осындай емшаралармен айналысып жатқан арнайы емхана, ауруханалар бар. Оған қажетті аппараттардың барлығы алынған. Олардың көмегімен өкпенің фиброзын немесе басқа да асқынуларын емдеуге болады. Бұдан басқа лазерлік емдеу, массаж, физиоемдеу бар. Осындай кешенді емнің арқасында пневмониядан толық айығып кетуге болады.

 

– Біраз адамдар арақашықтық сақтауға немқұрайлы қарайды, бұған не шара қолдануға болады?

– Бізде, өкінішке орай, арақашықтық сақтау мен бетперде тақпау, антисептик қолданбау деректері өте көп. Мұндай тәртіпке бағынбаушылық деректерін анықтайтын арнайы мониторингтік топтар құрылған. Олар мекемелердің барлығын аралап, халықтың денсаулығын сақтау талаптарының орындалуын қатаң қадағалап жүр. Бұл қандай талаптар? Ең алдымен, кез келген жабық ғимаратқа не қоғамдық көлікке кіргенде міндетті түрде бетпердеңіз болуы керек. Адам көп шоғырланған жерлерден өзіңізді алшақ ұстауыңыз керек. Әлеуметтік арақашықтық сақталуы қажет. Мекемелердегі арнайы сызылған 1-1,5 метрлік қызыл сызықтың шегінен өтпеген жөн. Әрбір азаматтың осындай талаптарды сақтап, әлеуметтік жауапкершілікті сезінуі – бүкіл қоғам саулығының кепілі болмақ.

 

– Емханаға барған науқастарға медициналық бетперде беріледі ме?

– Заң бойынша бетпердені әркім өзуі алуы тиіс. Егер кездейсоқ өзіңіздікі болмай қалса, емханаларда тегін бетперде табылады деп ойлаймын. Бірақ, емхана келушілерге маска беруге міндетті емес.