ҚАЛЫҢ ҚАУЫМ БЕЙСЕНМЕН КІТАП АРҚЫЛЫ ҚАУЫШАДЫ…
Қазақ телевизиясында өзіндік орны болған бір төбе азамат, айтары бар журналист Бейсен Құранбек туралы «Біздің Бейсен» атты естелік кітап Түркістан төріне жетті.
Кітапта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айтуынан басталған жинақта танымал ел ағаларының естелігі, замандастарының толғаныстары, ақындардың арнау жырлары, қарапайым көрермендердің ыстық ықыласы мен сағынышы топтастырылған. Кітаптың таныстырылымы түркі әлемінің бесігі Түркістан қаласындағы Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ-нің ғылыми кітапханасында өтті. Жинақ қазақ елінің біртуар перзенті, тележурналистика тарланы – Бейсен Абайұлы Құранбекті құрметпен еске алушы қалың көпшілікке арналды.
Киелі ордада өткен жиын дара тұлғаның Түркістан облысындағы әріптес, дос, замандастарының басын қосты. Ұлттық арнада «Айтуға оңай», «Қарекет» атты ток-шоулар арқылы қоғамда болып жатқан түрлі тақырыптағы түйінді мәселелерді тарқатып, көрермен көңілінен ойып тұрып орын алған арда азамат туралы жазылған естелік кітаптың таныстырылымына университеттің журналистика кафедрасының белсенді жастары қатысты. Өз кезегінде талантты журналистің тұрғыластары жиналғандарға Бейсеннің болмысын танытатын оқиғаларды еске алып, әсерлі естеліктердің тиегін ағытты.
Туындыға Бейсен Құранбек туралы 170 естелік пен 90-ға жуық арнау өлең сыйған. Сонымен қатар журналистің өзінің пікірлері де жинақталған. Кітапты Бейсен Құранбектің рухани інісі, журналист Есболат Айдабосын бастаған журналист әріптестері құрастырып жарыққа шығарған. Жетісу өңірінен Түркістанға жеткен «Біздің Бейсен» кітабы қаладағы барлық кітапхана сөресінен орын алмақ. Айтпақшы, еркін форматта өткен кездесуде сөз алған Бейсен Құранбектің курстасы, ҚР Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ-нің журналистика кафедрасының студенттеріне Бейсен Құранбек атындағы 3 стипендия тағайындалатынын жеткізді.