«МЕЙІРІМ КЕРУЕНІНЕ» ҚАТЫСУҒА ӨТІНІМДЕР ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ

Шымкентте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы ұйымдастыратын «Мейірімділік керуені» атты республикалық байқауға өтінімдер қабылдау басталды.
Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталық алаңында Іскер әйелдер қауымдастығының Шымкент қаласы бойынша төрайымы Эльмира Созақбаева айтты.
Байқаудың мақсаты айқын. Ол ештеңеден именбей игі істер жасайтын адамдарды анықтап, көпшілікке таныстыру. Сол арқылы қоғамда адамгершілік құндылықтарды дәріптеу. Өз кезегінде байқау лауреаттары төмендегідей бес номинация бойынша анықталады. Атап айтқанда, қайырымдылық қызметі ұлттық салт-дәстүрлермен байланысты және ұлттық мәдениетті сақтауда белсенділік танытқандар үшін «Асар» номинациясы, білім беру, экология және абаттандыру, мәдени нысандарды қалпына келтіру және т.б. салаларда туған өлкесіне қайырымдылық көмек көрсететіндер үшін «Туған жер» номинациясы, ешқандай бұйрық күтпей, ерлік жасап, қайсарлық танытқандар үшін «Батыл жүрек» номинациясы белгіленіп отыр. Сонымен қатар белгілі бір уақыт аралығында өтеусіз тұрақты көмек көрсеткендерге «Мейірім жолында», ал БАҚ-та қайырымдылық тақырыбын көтеріп, қоғамның назарын әлеуметтік мәселелерге аударатын материалдары үшін журналист немесе шығармашылық ұжымға «Қайырымдылық тарихы» номинациясы тағайындалады.
Брифинг барысында Шымкент қаласы Олимпиадалық резервті даярлау орталығы мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Айнұр Ертай белсенді әрі батыл адамдарға арналған байқауға қатысуға өтінімдерді жолдау тәртібін түсіндірді. Өтінімдерді 2020 жылдың 1-қазанынан бастап 15- желтоқсанына дейінгі мерзімде caravan_dobroty@fpp.kz электронды поштасына жіберу қажет.
Адамдық істер жасайтын азаматтарға лайықты құрмет жасау бағытында ұйымдастырылған конкурс жеңімпаздары келер жылдың ақпан айының соңында Алғыс айту күні қарсаңында анықталатын болады.