БАХОДИРДІҢ БАҒДАРЫ БАЯНДЫ

Адамның еңбегіне берілетін баға мен көрсетілетін құрмет атқарған ісінің қай деңгейде екеніне тікелей байланысты. Қазір Шымқалада Баходир Салимов көпке танылған, атқарған тірліктері, қол жеткізген жетістіктері көпке етене таныс болған тұлғалы азаматтардың бірі. 1971 жылы Шымкент қаласында жұмысшы отбасында дүние есігін ашқан Баходир Сатыбалдыұлы үлкен отбасының бас иесі. Өмірлік қосағы екеуі 5 бала тәрбиелеп отыр. 1988 жылы Шымқаланың Тельман бөлімшесінде орта мектепті бітірген соң еңбекке араласты. 1989-1991 жылдары Кеңес әскерінің қатарында өз борышын абыроймен атқарды. 2003-2008 жылдары Қазақ гуманитарлық-құқықтық университетінде заңгерлік білім алды.
Білуге, білімге деген құштарлық арқасында 2012-2014 жылдары Аймақтық әлеуметтік университетінде «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығына оқып, «Бизнес және экономика бакалавры» академиялық дәрежесін иеленді. 2001 жылы кәсіпкер ретінде алғашқы еңбек жолын бастаған Баходир Салимов Шымкент қаласын әлеуметтік-экономикалық жағынан көтеруге өзінің жекелей үлесін күні бүгінге дейін қосып келе жатқан іскер мамандардың бірі. Қала мен оның ауданында жұмыс көлемін арттыру, демеушілік көмек жасаудағы атқарған істері, қол жеткізген жетістіктері өз алдына ауыз толтырып айтарлықтай дәрежеге жетті. Балалар үйлеріне қаржылай көмек көрсетті, аз қамтамасыз етілген отбасыларына арнап жеке тұрғын үйлер салып берді. Шымкенттің түрлі салаларында ол кісінің жасаған демеушілігі көптің көз алдында өтіп жатыр. Әр жыл сайын төмен деңгейдегі отбасы балаларына мектеп формасы мен оқу құрал-саймандарын алып беріп, қамтамасыз етуді тұрақты дағдыға айналдырған. Өзі білім алған №51 мектепке деген көмектен ешқашан тысқары қалған емес.
Тек кәсіпкерлікті ғана жеке дамытып қоймай, қоғам өміріндегі басқа мәселелерге араласуды өзінің өмірлік қағидасына айналдырған. 2011-2017 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысындағы ұйғыр этно-мәдени орталықтың төрағасы қызметін өзіне көрсетілген үлкен сенімге сай атқарып, талай мәселелерді шешуде белсенділік танытты. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі болған Баходир 2012 жылы Шымкент қалалық мәслихатының депутаты болып сайланып, өз сайлаушыларымен тығыз бірлікте көптеген тиянақты істерді атқарды, өз қолтаңбасын қалдырып келеді. Келер 2013 жылы «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының партиялық бақылау қызметінің төрағасы ретінде де үлкен саяси тағылымды жолдан өтті. Округ сайлаушыларының өтініші бойынша өзінің қаржысына көпір салып бергенде де жүрегін жұбаныш қана емес, қастерлі қуаныш та орап алған еді.
– Менде еш мақтанышсыз дағды болып қалыптасқан бір әдет бар. Ол – тырнақтай жасаған жақсылығымды ешқашан міндет санамаймын, өзгелерді борыштар еткенді қаламаймын. Себебі, қол ұшын беру менің адамгершілік борышым деп ғана есептеймін, — деді Баходир мырза ағынан жарыла.
Міне, осындай орнықты азамат өз сайлаушыларымен тағы да көп тірлік тындыру үшін Шымкент қалалық мәслихатының депутаттығын өз кандидатурасын ұсынып отыр. Туған қаласының әлеуметтік-экономикалық ахуалы мен тұрғындарының тұрақтылығын қалыптастыруға бағытталған сайлау алдындағы бағдарламасын танысу үшін көптің назарына ұсыныпты. Онда талай толымды міндеттер мен мақсаттар тұр. Халықтың өзекті мәселелерін шешуді басты мақсат еткен ұстанымы алуан салалы мәселерді қамтиды. Қоғамда өзекті мәселеге айналған әлеуметтік ахуалды жандандыруды ең басты қажеттілік санаған Баходир Салимов Үкіметтен қабылданған бағдарламаларды қағаз жүзінде қалдырмай, жүзеге асыруды ең бірінші межеге қойып отыр. Расында да болашаққа негіз болар баяны биік бағдарламалар мен жобалар қабылданып жатыр. Оның сапалы да саналы түрде орындалуын бақылауды ол өзінің басты міндеттерінің негізі санауда. Партияның бағдарламасында айтылған 80 мың тұрақты жаңа жұмыс орындарын құру, орташа жалақы деңгейін арттыру бойынша тиянақты жұмыстарының жүруіне мұрындық, әрі бастамашы болса, онда жұмыссыздықты жою, халық табысын арттыруға негіз болатындығын кандидат мырза үлгілі ұстаным етіп отыр. Көп балалы және жағдайы төмен отбасыларға берілетін көмек түрлерін жүйелеу, баспанамен қамтылуына жағдай жасау және ай сайын көрсетілетін көмек түрлерінің уақытылы берілуін қадағалауды да өзі атқарар болашақтағы басты борыштар қатарында санауда.
Адамдар үшін – денсаулық ең маңызды мәселе. Қазіргідей пандемия жағдайы денсаулық саласының жоғары дамытылуын қажет етеді. Бұл оңай қол жеткізе салатын тірлік емес. Ол үшін емханалардың материалдық базасын нығайту, шетелдік заманауи техникалармен жабдықтау жұмыстарын жүргізуді іске асыру – ең басты кажеттіліктер. Жедел жәрдем қызметінің сапасын арттыру, арнайы көліктер қатарын көбейту саласын жақсартуды Баходир депутат ретінде негізгі нысана ретінде қоятындығын сайлауалды бағдарламасында ерекше атап көрсетіпті. Емханалар тапшылығын азайтып, партиялық бағдарламада көзделген бір мың орындың аурухана, он медициналың мекеме мен он екі амбулатория салуды жүзеге асыруда қол таңбасы қалатындығын үміткер үлкен сеніммен бізге жеткізді.
Білім саласын өркендету – заман талабы болса, онлайндық жүйеде білім алуды жақсы жағынан реттеу, уақыт талабына сай білім ордаларын салу, кәсіпкерлікті қолдауды күшейту, шағын және орта бизнес жобаларын қолдау, отандық тауар өндірушіге көмек көрсетудегі игілікті тірліктерді насихаттауды өз назарынан қалдырмайтынын негізгі нысан етіп отырған Баходир Салимов татулық пен қоғамдық келісімді қорғау қажеттігін нығайтуды назарынан тыс қалдырмақ емес. «Nur Otan» партиясының атынан праймериз қатысушысы есебінде елдегі бірлік пен тұрақтылықты нығайту, мемлекеттік тілді дамытудың бастамашысы болу, Елбасынаң «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыра отырып, тәуелсіз Қазақстанның іргесінің берік сақталуын қамтамасыз етуге сергек сеніммен қараған Баходир Сатыбалдыұлына өз сайлаушылары таңдау жасап, бір кісідей дауыс беретіндігіне біз ешқандай шектеу қойып отырғанымыз жоқ. Ендеше, іске сәт!

М. ӘБДІРАЙЫМ.