ОРДАБАСЫДА ОРНЫҚТЫ ІСТЕР ОҢ НӘТИЖЕ БЕРУДЕ
Бұл күндері еліміздің экономикалық қуаты, тұрмыс-тіршілігі, халықтың әл-ауқатының артуы ауыл шаруашылығындағы жүргізілген жұмыстарының нәтижесіне тікелей байланысты. Әр аудан, әр аумақ осы игілікті мақсат жолында үлкен міндет пен игілікті мақсат жолында нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізу үшін бар тірліктерін саралай отырып іс атқаруда.
Солардың қатарында Ордабасы ауданының қауымы да бар. Аумақ экономикасының басты драйвері – ауыл шаруашылық саласының өнім көлемі 24 млрд. 277 млн. теңгені құрап, өткен жылдың кезеңімен салыстырғанда 2 млрд. 325 мың теңгеге артты. Жалпы өңірлік өнімнің 53,2 пайызын құрап отыр. Облыс бойынша алып қарағандағы үлесі 7,2 пайыз. Енді салалық және жекелеген ұжымдар бойынша алып қарар болсақ егістік жердің игерілуі жоспарлы 65400 гектар орнына 65777 гектарға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 400 гектарға молайған.
Ауданда жаңадан 710 гектар жер айналымға қосылды. Ол негізінен жерді бір санаттан екінші санатқа, яғни жайылым жерлерді суармалы жерге айналдыру және тәлімі жерлерге бау, жылыжай шаруашылықтарын орнықтыру есебінен орындалды. Уақыт өткен сайын аумақта жылыжай салуға деген ниет білдірушілердің, тікелей құрылыс жүргізіп жатқан тұрғындардың, кәсіпкерлердің саны артып келеді. Оның көлемі қазір 83 гектарға жетті. Саралап көрсек осы алқаптың 21 гектары өндірістік, қалған 62 гектары фермерлік жылыжайлар. Бұл бақшалық орыннан 4708 тонна өнім, оның ішінде 3621,5 тонна қияр, 1086,5 тонна қызанақ, көкөніс өнімдері алында. Бадам ауыл округіндегі «АдельЯ» шаруа қожалығы Ресей еліне өздері өндірген өнімнен 104,5 тонна қиярды экспортқа шығарды. Шұбарсу ауыл округінен халықты тұрақты жұмыспен қамту мақсатында «Шұбарсу жылыжай аймағын құру жобасы» қолға алынып, 15 гектар жер телімі бөлінді.
Инвестиция тарту біртіндеп ілгерілеп келеді. Өткен сегіз айда ауыл шаруашылық саласына 4 млрд. 644 млн. Инвестиция тартылып, көрсеткіш өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда екі есеге артты. Тамшылатып суару әдісі 611 гектар жерге енгізіліп, белгіленген тапсырма 101,8 пайызға асыра орындалды. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруге жеңілдетілген бағамен 6110 тонна жанар майдың бөлінуі жұмыстың жүйеленуіне пайдасын берді. Оған қосымша топырақ құнарлылығын арттыру, дақылдардың өнімі мен сапасын арттыруға қол жеткізу мақсатында шаруалар 4200 тонна минералды тыңайтқыштар иемденді.
Жаңа инновацияны қолдану арқылы Қажымұқан ауыл округінен 60 гектар тәлімі жерге «BS-Aqro Product» ЖШС суарусыз әдіс арқылы жаңа қарбыз көшетін отырғызып, алынған 6,6 тонна көшеттік дәннің килограмын Израйль еліне экспорттауды жоспарлап отыр.
Өнім сақтайтын қоймалар жұмысын жолға қоюда да біршама жұмыс ауданда қолға алынуда. Жалпы алып қарағанда сиымдылығы 38,050 тоннаны құрайтын 16 бірлік қоймалар бар. 7 қойма сыйымдылығы 8950 тонна көкөністі сақтаса, қалған 9 қойма 29100 тонна астық өнімдеріне арналған. Бірақ олардың өзі де қажеттілікті толық қамтасыз ете алмайды. Сондықтан да қазір Бадам ауыл округінде «Александровский сад» ЖШС-да жеміс-жидек өнімдерін бастапқы өңдеумен айналысатын сыйымдылығы 1670 тонна, инвестициялық құны 815 млн. теңгені құрайтын заманауи қойманы іске қосуға деген дайындық жұмыстары жүргізілуде. Халықты жеміс-жидекпен толық қамтамасыз ету мақсатымен жалпы көлемі 319 гектар жерге көпжылдық қарқынды екпелер орналастырған. Жыл басынан бері оның 109 гектарына тиісті екпелер орналасты, жоспар 109 пайызға орындалды.
Сондай-ақ егістік жерлерді тиімді пайдалану мақсатында бір жерден екі өнім алу жұмысы ауданда жаңаша бағыт алып, біраз жұмыстар жолға қойылу үстінде.
Ауыл шаруашылыған дамытуда мал шаруашылығының қосар үлесі аз емес. «Сыбаға», «Алтын асық» бағдарламалар бойынша жүріп жатқан жұмыстар оң қайтарымын беруде. Әсіресе, мал бордақылауға деген ұсыныс пен талпыныс қарқынды өтуде. Тек осы жылдың өзінде ғана ауданда 76 бірлік мал бордақылау алаңдары ашылды. Сүт фермалары мен құс фермаларының жұмыстары да жоғары қарқынды. Мал басын арттыру, бордақылауды жүйелеу, жұмыртқа өндіруді ұлғайту салаларының жақсаруы да көңілге көп үміт ұялатады. Ауданда ет-сүт өнімдерін өңдеу, шұжық цехтарын көбейту салаларында да біршама игілікті тірлік одан ары жалғастырылуда.
Ордабасы ауданында 85 канал бар. Оларға жөндеу жұмыстарының жүргізілмеуінен егістік жерлерді сумен қамтамасыз ету көрсеткіші елеулі төмендеген. Қазір 43 каналға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Олардың жалпы ұзындығы 380,9 км. Механикалық тазалауды қажет ететін 214,6 км. канал арнасын тазалау нәтижесінде 15.249 гектар сумен қамтасыз етілуі жақсарса, су жетпеу қаупі біршама шешілді. Ендігі сәтте Қараспан ауыл округінде шешімі қиын болып тұрған мәселені орнықты етуге байланысты жұмыстар ауданда жүргізілуде. Онда жаңадан ұзындығы 4,2 км. канал қазылып, Бадам өзенінен бөгет арқылы су алынып, 2664 га жерге судың жетуіне мүмкіндік тумақ. Әрі бұл бір жағынан Бейсен, Жаңатұрмыс; Ақжол, Мақташы, Сарыарық, Жұлдыз; Ынтымақ, Мәдениет, Семхоз елдімекендерінің егістіктерін сумен қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін көбейтетін болады. Жалпы Ордабасы ауданы өңірінде осындай біршама атқарылып жатқан жақсы жұмыстар келешекте мол қайтарымға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
С. ДАЙЫР.