16 КӨШЕГЕ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Шымкент қаласындағы Қаратау ауданына қарасты Ақжайық шағынауданында 8 шақырымды құрайтын 16 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 3 көшеге кешкі шамдар орнатылады. Ал электр жарығы, ауыз су мен табиғи газбен толық қамтылған. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің Қаратау ауданы тұрғындарымен өткен есепті кездесуінде айтылды.

 

Жалпы Ақжайық шағынауданында 4 мыңға жуық тұрғын бар. Үйлердің басым көпшілігі – жеке сектор. 35 көпқабатты үй мен 3 мектеп, 12 балабақша орналасқан. Шағынауданда атқарылып жатқан жұмыстар да жоқ емес. Өткен жылы 8 балалар ойын алаңшасы мен 2 спорт алаңшасы салынып, пайдалануға берілген. Ағымдағы жылы 10 алаңшаның құрылысы жүріп жатыр.
Ықшамауданда жалпы 72 көше болса, оның 48-і асфальтталып, 24 көшеге шағал тас төселген. 2022 жылы 16 көше, 2023 жылы №1, 2, 3, 4 және 8, 9 көше, Астық, Көкшетау, Зеңгі ата көшелері жөнделеді. 2024 жылы Айнала, Әулие ата, Торғын және атауы жоқ екі көшеге жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, 8 көше жарықтандырылған. 2022 жылы Балқарағай, Асфендияров көшелері жарықтанса, 2023 жылы Байсбаев пен Қарасай, 2024 жылы Спанов пен Уали ата көшелеріне кешкі шам орнатылады.