Маңызды

Праймериз – партия ішіндегі бәсекелестік

Құрметті түркістандықтар!

Қазақстанның саяси тарихында алғаш рет кең көлемде «Nur Оtан» партиясының праймериз жобасы қолданысқа енгізілді.
Бұл жобаны енгізу жөнінде алғаш рет өткен жылдың 21 тамызында «Nur Оtан» партиясы Саяси Кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастама жасады. Осы отырыста Елбасы партияны қайта жаңғырту жөніндегі «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам — «Nur Оtан» партиясының 7 серпіні» атты бағдарламасын ұсынып, онда партияішілік іріктеу өткізудің қажеттілігіне баса назар аударды.
«Праймериз» деген терминнің өзі әлі де болса көпшілікке белгісіздеу ұғым. Ол ағылшын тілінен аударғанда «алдын-ала, бастапқы сайлау» деген мағынаны білдіреді.
«Nur Оtан» партиясының партияішілік алдын ала іріктеу жөніндегі праймериз жобасының міндеті – білімді де белсенді, бастамашыл азаматтар үшін «әлеуметтік лифт» құру, мықты көшбасшыларды партия қатарына тарту, ел дамуының өзекті мәселелерін талқылауға көпшілікті тарту.
Праймериз – қарапайым қазақстандықтар, түрлі маман иелері ішінен елге, халыққа қызмет етуді өзінің азаматтық парызы деп есептейтін, Қазақстанды жан-жақты дамыту жөнінде прогрессивті идеялары бар, талантты, нағыз лидерлерді іріктеп, оларды мемлекеттік билік органдарына – Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне, барлық деңгейдегі мәслихаттарға, мемлекеттік органдарға ілгері жылжытуға мүмкіндік беретін үздік жоба.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «… Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады»,- деген болатын. Расында да, тауардан тауардың өзінің сапасымен, ерекше қасиеттерімен озатыны секілді, адамнан адамның білімімен, түрлі қабілеттерімен озатыны ешбір дәлелдеуді қажет етпейтін дүние. Праймериз – азаматтардың осындай ерекше қабілеттері, білімі мен іскерлік қасиеттері бәсекелік күреске түсетін, жүзден жүйрік іріктелетін сүзгі секілді.
Праймериз кадрларды іріктеуде әділеттілік принциптерін орнықтыра отырып, кәсіби мемлекетті қалыптастыруға және сол арқылы Қазақстанның мемлекетаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыруға өз септігін тигізетін болады.
Жобаның көпшілікке қолайлы тұсы – жобаға қатысуға үміткер «Nur Оtан» партиясының мүшесі болмаса да тіркеуден өте алады, бұл ретте ол праймеризге қатысушыларды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін партия қатарына кіруі қажет.
Праймериз барша қазақстандықтарға, оның ішінде жігерлі жастарға өз қабілеттері мен потенциалын көрсетуге көп мүмкіндіктер береді. Партиялық тізімдегі жастардың үлесі осы жоба арқылы 20 пайызға жететін болады.
«Тақтың мұрагерін ана тәрбиелеген» деген дана сөз бар. Әйел азаматтардың қоғамдық-саяси өмірдегі рөлі ескеріліп, партиялық тізімде әйелдердің үлесі 30 пайыздан кем болмайды деп жоспарлануда. Бұл бағытта праймериз әйелдерді ілгері жылжытудың мықты тетігі болмақ.
Жаңа бағдар білімді, бастамашыл, іскер және адал азаматтарды іріктеп алуды көздейді. Сол себептен, барлық талапты, жігерлі азаматтарды праймеризге белсенді қатысуға шақырамын.

Қайрат БАЛАБИЕВ,
Түркістан облыстық
мәслихатының хатшысы.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру