КОРОНАВИРУСПЕН КҮРЕС ҮШІН ҚАНША АҚША БӨЛІНГЕНІН ЕЛДІҢ БӘРІ БІЛУІ КЕРЕК…
Қазақстан коронавируспен күреске қанша қаржы бөлді? Бұл сұрақтың нақты жауабы көп адамға беймәлім сияқты. Мамыр айының басында еліміздің Қаржы министрлігі індетпен күрес шараларына бағытталған қаржы ресурсы жыл басында дағдарысқа қарсы шаралар үшін бөлінген 6 трлн. теңге есебінен жүзеге асатыны туралы мәлімет берген.
Сол қаржының есебінен эпидемияға қарсы іс-шараларға, оның ішінде медициналық және басқа жұмысшыларға қосымша төлемдер алуға, халықтың әлсіз топтарын азық-түлікпен және тұрмыстық жиынтықтармен қамтамасыз етуге және басқаларға 125 миллиард теңге қарастырылғаны айтылған. Маусым айының басында Қазақстан Президентінің сол кездегі штаттан тыс кеңесшісі, экономист Олжас Құдайбергенов эпидахуалға қарсы іс-шараларға бағытталған қаржының (125 млрд. теңгенің) әлдеқашан бөлініп қойғанын хабарлаған.
Бірақ еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 7-шілдеде Үкімет резерві мен республикалық бюджеттен пандемия кезінде коронавирус инфекциясымен күрес, оның пайда болуы мен індеттің бетін қайтару үшін
114 миллиард 826 миллион теңге бөлінгенін (40 миллиард 58 миллион теңгесі Үкімет резервінен, ал 74 миллиард теңге республикалық бюджеттен) айта келе, олардың жаратылуын былай деп жіктеген еді.
21 миллиард 184 миллион теңге -жеке қорғаныс құралдарын сатып алуға, 2 миллиард 30 миллион теңге — дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар сатып алуға, 2,5 миллиард теңге — зертханалық жабдықтар, КВИ-ді анықтайтын тест-жүйелерін сатып алуға, 100 миллион теңге КВИ-ді анықтайтын реагенттер жасау мен шығару қызметтеріне, 13,7 миллиард теңге — ПТР тест әдісімен зертханалық қызмет көрсетуге , 310 миллион теңге — Отандық өндірістегі ИВЛ аппараттарын сатып алуға, жедел-жәрдем көліктерін жабдықтауға, 131 миллион теңге — азаматтарды звакуациялауға, 19,5 миллиард теңге — медициналық ұйымдарда (инфекциялық, провизорлық және карантин стационарларында) қызмет көрсетуге, 40,4 миллиард теңге -карантиндік шараларды өткізетін қызметкерлерге, 14,8 миллиард теңге — Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында үш инфекциялық аурухана салуға жұмсалған.
Алайда содан бір күн өткен соң Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов елімізде коронавируспен күреске 191 млрд. теңгеден астам қаржы (Оның 125 млрд теңгесі бюджетті нақтылау аясында, 66,9 млрд теңгесі Үкімет резервінен) бөлінгенін жеткізген.
Яғни, Денсаулық сақтау министрлігі мен Қаржы министрлігінің есептерінде үндестік, бірізділік болмады. Және бұл екі көрсеткіште әу-баста Қаржы министрлігінің 6 триллион теңгенің ішінде коронавируспен күрес үшін 125 млрд. теңге бағытталады деген мәлімдемесімен қабыспады.
Одан кейін яғни, 10-шілдеде Президент Қасым-Жормарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында коронавируспен күрес үшін тағы 150 млрд. теңге қаралатынын айтты.
Көп ұзамай, атап айтанда, 21-шілдеде еліміздің бас дәрігері Алексей Цой ПТР тесттерін сатып алу үшін қосымша тағы 42 млрд.теңге қажеттігін мәлімдеді.
Енді осындай тізімнен кейін нақты қанша қаржының кеткенін түсіну, қарапайым халық былай тұрсын, депутаттарға да оңай емес болып отыр. Осы күнге дейін кең пішіліп бөлінген бюджет қаржысына жанашырлық танытып, есіл қаржының қалай жұмсалып жатқанын халыққа бір де бір депутат елек-екшеп айтып беруге бас қатырмапты. Тек Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев «Білмегеніңді сұрау ұят емес, білмей тұрып сұрамау ұят» дегенге табан тіреп, Үкімет басшысы Асқар Маминнен коронавирусқа жалпы қанша теңге бөлінгені және олар қайда жұмсалғаны туралы депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы халық қалаулысы өзінің фейсбук парақшасында жариялады. Өз жазбасында ол «Вируспен күресуге қанша ақша бөлінді? Және олар қайда кетті? Біз мұны әлі білмейміз. Бірақ біз мұны білуіміз керек. Мұндай есепті алу-біздің құқығымыз, ал Үкімет үшін мұндай есепті ұсыну-міндет. Мен бір ай бойы Астана, Алматы, Шымкент қалаларының дәріханаларына, ауруханаларына, қоймаларына бардым. Пандемия өршіген кезде азаматтардан дәрі-дәрмектердің тапшылығы, ауруханалардағы орындардың жетіспеушілігі туралы шағымдар күнделікті келіп түсті… Көптеген сұрақтар жиналды. Негізгі сұрақ: коронавируспен күресуге үлкен қаражат бөлінді. Олар қалай жұмсалды, бұл қаражат нақты не үшін жұмсалды? Біз егжей-тегжейлі есепті қалаймыз. Осыған байланысты мен Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдадым» деп жазады. Және сауалға берілген жауапты өз парақшасында жариялайтынын айтты.
Үкімет басшысының берген жауабы жан-жағы тұйықталған бітеу сөздерден емес, тәптіштеп келтірілген мәліметтерден түзілсе, халық елде коронавирус індетімен күрес үшін қанша қаражаттың бөлінгенін білетін күні алыс емес сияқты. Ал оның игілігін халықтың қаншалықты сезіне білгенін талдау, анықтау жұмыстары тиісті органның құзырында болып қала бермек.