АЙТАХАНОВ ҚАЛДЫБЕК ҚҰРМАНӘЛІНІ ҚЫЗМЕТКЕ ШАҚЫРАДЫ МА?

Соңғы күндері «Қалдыбек Құрманәлі Ерлан Айтахановтың командасына алынып, мәдениет саласын тізгіндеуі бек мүмкін» деген сөздер ел ішінде жиі айтылып жүр. Оған күнгейдің тумасы, танымал композитор, талай тыңдарманның көңілінен шыққан ғажайып әндердің авторы болып табылатын ол кісінің кейінгі уақыттарда Шымкенттегі түрлі қоғамдық шаралардың бел ортасынан табылып жүргендігі себеп болса керек.
Жұрттың айтқаны айдай келіп, расымен де Қалдыбек Құрманәлі таққа отырып жатса құба-құп боларына сенім мол. Себебі ол кісі тәжірибелі маман. Өзіне берілген жауапты қызметті дөңгелетіп әкететін, көп нәрседен жан-жақты хабары бар қажетті кадр десек артық айтқандық емес. Оған оның осыдан бірнеше жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасында жауапты қызмет атқарғаны, одан соң Шымкенттегі «Түркістан» сарайының директоры болғаны негіз. Осы қызметтерді ол талапқа сай атқарған. Ешкімнің алдында беті қызармаған. Және ешкімнің де бетін жерге қаратпаған. Осы ретте көпшіліктің санасында «Анық сондай болса, неге сол директорлық қызметінде қала бермеді?» деген сауалдар да туу мүмкін. Ендеше айтайық. Қалекең ғылыми жұмысымен алаңсыз шұғылдану үшін сол қызметінен өз еркімен кеткен адам. Енді ғылыми жұмысын Бішкекте сәтті аяқтап, кең тыныс алып жүрген жағдайы бар…