Жасыл желегі жайқалған мектеп Немесе 60 000 көшет таратқан мектеп

Қарлы шыңы көктем кеткенше алабастанып жататын қарт Қаратаудың бөктері күннен күнге жасыл желекке оранып, табиғаттың тынысын ашып, ауылдың ажарын айшықтап тұр.
Әрине, жайқалған ауыл, күнделікті тіршілігіне қуат берген тұрғындарының кең тыныстауы ауыл азаматтарының алақан табының адал еңбектері мен маңдай терлерінің жемісі болса керек. Таудан төмен қарай ауыл ішіне енсең алдыңнан зәулім мектеп ғимараты менмұндалап шығады. Бұл Созақ тарихында аты қалған алғашқы Күмісті, Ф.Энгельс, кейіннен генерал И.В.Панфиловтың атын берген қастерлі блім ошағы. Жалпы орта мектеп тарихы 1930 жылдардан бастау алады. Мектеп алдымен Күмісті елді мекенінде сауат ашу мектебі болып қалыптасып, 1935-1941 жылдары бастауыш мектеп, 1941-1963 жылдары қайта құрылып, И.В.Панфилов атындағы жеті жылдық мектеп болып аталды. 1962 жылы Қаратау кеңшары ашылуына орай мектеп осында көшіріліп, 1963-1965 жылдары сегіз жылдық, 1965-1966 оқу жылында Панфилов атындағы орта мектеп болып қайта ашылды. Тұңғыш түлектер орта мектепті 1966 -1967 оқу жылында бітіріп шықты. Бүгінгі таңға дейін мектеп түлектерінің 13-і «Алтын» медальмен, 40-ы ерекше үлгідегі аттестаттармен, 75-і үздік куәліктермен бітірсе, 14-і академик, профессор, ғылым кандидаттары атағын алып, елімізде ғылымның дамуына өз үлестерін қосуда. Сонымен қатар, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына бірқатар түлектер халықаралық және республика көлемінде түрлі салада еңбек етіп келеді. Мектебіміздің 2008-2009 оқу жылының бітіруші түлегі, «Алтын белгі» белгісінің иегері Дүкенбаева Айшабибі 2009 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің механика-математика факультетінің математика мамандығына грантқа түсіп, 2013 жылы бакалавр дәрежесін алып, осы мамандық бойынша магистратураға түсті. Осы жылы магистратурада білім алып жүріп «Болашақ» бағдарламасын жеңіп алады.
Қазіргі таңда Алматы қаласында «Математика және математикалық модельдеу» институтында кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс атқарады. Мектеп 2011 жылдың 14 желтоқсанында типтік үлгідегі 200 орындық жаңа ғимаратқа қоныс аударған.
Мектеп директоры Іргебай Омардың айтуынша мектепте арнайы жабдықталған мектеп шеберханасы, қашықтықтан оқыту, қызмет көрсету, дәрігерлік бөлме, кітапхана, буфет және 72 орындық асхана, 128 орындық акт зал жұмыс істейді. Мектепте 1 компьютер және 1 лингафонды мультимедиялық кабинет сыныбы бар.
Ағымдағы оқу жылында мектепте бюджеттің есебінен «Робототехника» кабинетімен жабдықталды. Сондай-ақ, арнайы жабдықталған биология, химия, физика және математика кабинеттері және онда 4 интерактивті тақта жұмыс істейді. Одан басқа 9 интерактивті тақта, барлығы 13 интерактивті тақтамен жабдықталған. Еліміздің жарқын болашағы – бүгінгі жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде елеулі еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мұғалімдер: Р. Үсенбаева,
М. Сенбі, Ғ. Имашов, Ә. Көпберген, Л. Шериязданова, А. Дүкенбаев,
Ж. Мұртазаева, Ұ. Пралиева,
К. Төлепбергенова, Г. Бимендиева,
Н. Имашова, С. Тұтқышева,
Л. Қойшыбаева, Л. Сүлейменова,
Н. Омар, Н. Садуова, Г. Анарбаева, Ә. Әлиеваларлар өз шәкіртінің заман ағымына сай білімді де, білікті азамат болып өсуіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын, өз кәсібіне сүйіспеншілікпен берілген, шығармашылық ізденісімен ерекшеленген мамандар.
Өткен оқу жылында аудандық пәндік олимпиададан мектеп оқушылары Жанболат Нұрбақыт, Сайлаубек Қамажай, Рысдаулет Айшабибі, Әбілхан Манар, Сейтмахан Балсая, Байзақ Аманғали жоғары нәтежие көрсетті.
Республикалық «Көк тудың желбірегені» атты ән байқауында Сәкенқызы Айгерім 1 орын, Байзақов Аманғали 3 орын иеленді.
Оқушылардың жазғы сауықтыру жұмыстары да назардан тыс қалмады. Мектеп жанынан сауықтыру алаңына бастауыш сынып оқушыларынан 2 ауысымда 120 оқушы тартылып, бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілсе, аула клубына 30 бала, көгалдандыру бригадасына 2 ауысымда 40 бала, мектеп орманшылығына 2 ауысымда 40 бала тартылды.
Көгалдандыру жұмыстарына келсек, туған жерді көркейту, көгалдандыру жұмыстарын жүзеге асыру мақсатында ұжым бірқатар жұмыстар атқарып келеді.
– Біздің ұжым аудан мектептері арасында көркейту-көгалдандыру және мекеменің ішкі, сыртқы тазалығын өз дәрежесінде сақтағаны үшін «Таза мекеме» номинациясы беріліп, аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталған. Сонымен қатар, мектеп ауласында 2017 жылы «Қаратау» ЖШС-нің демеушілігімен заман талабына сай 30 м2 жылыжай тұрғызылды. Жылыжайда жыл сайын түрлі гүл тұқымдары егіліп, мектептің ауласына отырғызылады. Жылыжай құны 350 000 теңгені құрайды екен.
Сондай-ақ мектептің қосалқы шаруашылығында 1 га «Алтын ұя» саябағы, 10 га «Қызылсеңгір» және 8 га «Күмісті» жеміс баулары бар. Онда бүгінгі таңда 4862 дана жеміс ағаштары мен түрлі декоротивті талдар өсірілуде. Оның ішінде, мектеп ауласында түрлі 1600-ге жуық түрлі декоротивті талдармен, жеміс ағаштары өсуде.
Мектеп ауласында орналасқан «Отан үшін от кешкендер» және «Панфилов» ескерткіштерінің айналысына түрлі гүлдер егілген.
Сондай-ақ, әрбір жылдардағы бітіруші түлектердің демеушілігімен жасалған «Қызыл сеңгір» жеміс бауында 2500-ға жуық жеміс ағаштары өнім беруде. Бұл баудың бүгінгі көрсеткіші мектепті көптеген жылдар басқарған, ардагер ұстаз (марқұм) Мекебаев Саржан ағамыздың еңбегі және бүгінгі күнге дейін аянбай еңбегін көрсетіп келе жатқан мектеп ұжымының ынтымағы мен бірлігінің, еңбекқорлығы мен ауызбіршілігінің жемісі,-дейді мектеп директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Іргебай Омар.
Осындай қосалқы шаруашылық жұмыстарының нәтежиесі және елге пайдасын тигізу мақсатында мектеп жылдың көктем, күз айларында аудан мекемелері мен өзге елді мекендердің көркейуіне үлестерін қосу мақсатында соңғы үш жыл көлемінде 60000-ға жуық қара тал көшеттері тегін таратыпты.
Әрине, осынау қыруар еңбек пен оның мерейлі жемісі ұжымды ұйыстырған татулық пен жарастықтың ұйытқысы арқылы келері анық. Біз ауылдан ұзап кеткенде бұлдыр-бұлдыр сағыммен, желегі жайқалған алтын ұя-құт шаңырақ қол бұлғап қоштасып қалғандай болды.

Мақсат Қарғабай,
Журналистер одағының мүшесі.