АРЫС: 10-СЕКТОРДАҒЫ ЖҰМЫСҚА ХАЛЫҚ ОҢ БАҒАСЫН БЕРУДЕ

Кеше Үкімет басшысының орынбасары Жеңіс Қасымбек Арыс қаласына жұмыс сапарымен барып, Шымкентке бекітілген сектордың жұмысымен танысты.
Өз кезегінде үшінші мегаполиске жарылыстан зардап шеккен қаланың 10-секторын қалпына келтіру тапсырылған болатын. Шағын шаһарда барлығы 8 мыңнан астам үй бар. Соның і шінде 652 т ұрғын үй Ш ымкентке бекітілген сектор аумағында орналасқан.
Апат болған алғашқы күннен бастап арыстықтарға барынша пана болған Шымкент төтенше жағдай салдарынан қираған үйлерді қалпына келтіруді де қарқынды жүргізуде.
Сапар кезінде Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбекке Арыста атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Қала әкімі:
– Біздің сектордағы тұрғын үйлерге жарылыс салдарынан болған залалды бағалау және жою үшін 550-ден астам маман жұмылдырылды. Олар Шымкент қаласы әкімдігінің қызметкерлері мен 13 мердігерлік мекеме-лердің мамандары. Сараптама нәтижесі сектордағы 652 тұрғын үйдің 604-інде жөндеу жұмыстары жүргізі-лу қажеттігін көрсетті. Бүгінде оларға жөндеу жүргізілуде. Қазіргі таңда 161 үйде жөндеу жұмыстары аяқталды. 1-тамызға дейін барлық үйлердің шатырлары мен терезелері қалпына келтіріледі. 15 тамызға дейін жөндеу жұмыстары жүргізілетін тұрғын үйлердің ішін және сыртын әрлеу жұмыстары аяқталады. Ал апатты деп танылған және өртеніп кеткен 32 үйдің орны толық сүріліп, қайта салынатын болады,- деді. Сонымен қатар Ғабидолла Әбдірахымов тұрғын үйлерді жөндеу тәулік бойына жүргізіліп отырғанын, құрылысшылар үш ауысыммен жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
Сапар кезінде жоғарыда атап өткен жөндеуге келмейтін 32 үйдің орнына салынып жатқан жаңа баспана-лардың құрылысы екі ай мерзімде бітетіні мәлімделді. Ондағы әрбір үйдің құрылысы мен жөндеу жұмыстарының ешқандай шала жансар жүргізілмеуі қала әкімінің қатаң назарында екені айтылды.
Шымкентке бекітілген 10-сектордың тұрғындары болса, мұндағы жөндеу жұмыстары сапалы жүргізіліп жатқандарын айтып, алғыстарын білдірді.