Жақсылықтың жаршысы болғандар марапатталды

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, бүгінде Созақта Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында қолға алынған түрлі жобалар негізінде туған жердің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген азаматтар да жетерлік. Жуырда облыс әкімі Жансейіт Түймебаев аталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған демеушілік, қайырымдылық және еріктілік жобаларды жүзеге асыруға белсене атсалысып, көзге ерекше түскен бірнеше созақтық азаматтарды «Жомарт жүрек» жобасы аясында марапаттады.

Соған орай, Ерлан Лесбекұлы Тәшімовтың басқаруындағы «Қаратау» ЖШС «Жылдың үздік ұйымы» номинациясын, кәсіпкер Ербол Қарнақбаев (суретте) «Туған өлке» номинациясымен марапатталды. Өз кезегінде Созақ ауданының тумасы Ербол Қамбарбекұлы 2010 жылы «Балапан» бағдарламасы қолға алынған кезден бастап өз қаражатына Шымкенттен «Ербол» атты 150 орындық балабақша, мемлекет пен жеке кәсіпкерлік арасындағы ынтымақтастық байланыс негізінде 2014 жылы Шымкентте «Балбота» балабақшасының жұмыс істеуін жолға қойған. Бұдан бөлек ол, Созақ ауданында 250, Түркістан қаласында 200, Кентауда 400 орынға лайықталған заманауи жабдықтармен жабдықталған балабақшаларды салған. Қазіргі таңда аталған балабақшаларда 1500-ге жуық бала балалықтың бал дәуренін ойдағыдай өткізуде.
Сонымен қатар, Бағлан Сүгірбаевқа «Жыл меценаты» номинациясы табысталды. Өз кезегінде Бағлан Қанжарбекұлы да теріскей десе тартынып қалмайтын жомарт жанның бірі. Алысқа бармай-ақ, оның өткен айда Созақтың 90- жылдығына орай аудандағы орталық атшабарда ұйымдастырылған көкпар, қыз қуу, бәйге сынды жарысқа «Рriora» темір тұлпарын сыйға тартуын мысал ретінде айтып өтудің өзі жеткілікті.
Бұдан бөлек, Созақ ауданында өткізілетін түрлі қайырымдылық шараларына белсенді қатысып, өзімен бірге жұмыс істейтін еріктілер тобымен жалғыз басты қарттардың үй шаруасына көмектесуге, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қаражат жинап, оны соған мұқтаж адамдарға тапсыруда нағыз ізгіліктің үлгісін көрсетіп жүрген Созақ ауданындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің ағылшын тілі мұғалімі Нұрсұлу Ерұланқызы Әбдәшім «Ерен еріктілік» номинациясымен марапатталды.

С. НҰРАЙ.