Маңызды

«ТӨЛЕБИДІҢ БРЕНДІ – ҚЫМЫЗ»


Әлемде экономикадағы қарқыны төмендемейтін саланың бірі – туризм. Бүгінде туризмнің қайнаған ортасына айналған орындары бар Франция, Италия, Испания елдерінің әрбіріне жыл сайын 30 миллионнан астам туристер келеді екен. Сол арқылы олардың бюджеттеріне 10 млрд. долларға жуық қаржы құйылады. Ал Түркия мемлекеті болса туристік нысандарының арқасында 2,5 млн адамды тұрақты жұмыспен қамтуда.
Қазақстанда, соның ішінде Түркістан облысында туризмді алға сүйрейтін орындар мен нысандар жетерлік. Жуырда облыс орталығы Түркістандағы Қ.А.Ясауи кесенесіне миллионыншы мейманның келуі соның жарқын мысалы. Одан бөлек, облыста табиғи ландшафты ерекше Төлеби ауданының да туризмді дамытудағы мүмкіндігі мол. Ауданның осы және өзге де мүмкіндігін пайдалануда жергілікті билік қандай жұмыстарды атқарып жүр? Төлеби ауданының әкімі Бауыржан Омарбековпен болған сұхбатымыз осы бағытта өрбіген еді.

– Бауыржан Бақытұлы, қазіргі таңда Төлеби ауданының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты өткен жылдармен салыстырғанда қандай? Ауданның өндірісі, мал мен егін шаруашылығы жөнінде мағлұматтарды келтіре кетсеңіз.
– 2018 жылдың 9 айында жалпы өңірлік өнім көрсеткіші 74 млрд. 718,1 мың теңгені құрап, 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9 млрд. 185,8 мың теңгеге артты. Өнеркәсіп саласында 2018 жылдың 9 айында 24 млрд. 503 млн теңгенің өнімі өндіріліп былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4 млрд. 777 млн теңгеге ұлғайды. Ал ауылшаруашылық саласының өнім көлемі 2018 жылдың 9 айында 25 млрд. 419,3 млн теңгені құрады.

– Ауданда қандай салалар бойынша даму динамикасы байқалады? Керісінше қай салада түйіткүл көп?
– Ауданда кәсіпкерлікке бет бұрғандардың қатары қалыңдаған. Мысалы өткен жылы ауданда 15203 кәсіпкер жұмыс істеген болса, биыл олардың саны 15794-ке, яғни 2,5 пайызға көбейген.
Жоғарыда өнеркәсіп саласында жалпы өндірілген өнім көлемі өскенін атап өттік. Бірақ нақты өндірілген өнім көлемі біршама төмендегенін жасырғым келмейді. Мәселен, сүтті өнімдер өндіру бойынша ағымдағы жылдың 10 айында 16 695 тонна өнім өндірілді. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 1000 тоннаға аз. Есепті кезеңде кондитерлік өнімдерді өңдеу 8,5 пайызға, құрылыс кірпіштерін өңдеу 14.8 пайызға төмендеген.

– Аудандағы көгілдір отын, су, жарық яғни, коммуналдық мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өтсеңіз. Осыдан біраз бұрын Төлеби ауданында біраз жұрт иісі қолқаны қабатын су ішіп отырмыз деп ашынған болатын. Жалпы аудан әкімі ретінде осы сынды көлеңкелі мәселелерге нүкте қоюда қандай жұмыстар атқарып жүрсіз?
– Ауданда 55 елді мекен бар болса, соның 51-і орталықтандырылған ауыз су құбырына қосылған. Бұл аудандағы 116 мыңнан аса халықтың 93,7 пайызы орталықтандырылған ауыз су құбыры арқылы тіршілік көзін тұтынады деген сөз. Су құбырымен қамтылған 51 елді мекеннің 41-і суды тәулік бойы тұтынса, қалғаны шекті көлемде алады. Орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылмаған Әлішер Навой, Тағайна, Алатау, Сарқырама елді мекендерін сумен қамту мақсатында бюджеттен қаржы қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ауыз су жүйелерінің жалпы ұзындығы 929,9 шақырымды құрайды. Бірақ олардың 43 пайызының тозығы жеткен. Жаңарту жұмыстарын қажет етеді. Өзіңіз жоғарыда атап өткен мысалдардың орын алуына сол су құбырларының тозуы өзіндік әсерін тигізбей қоймайды. «Ескі есіңді алады» деген сөз тегін айтылмаған ғой. Осыған орай, Қаратөбе, Тасарық, Көксәйек
елді мекендеріне баратын магистральды су құбырын аяқтауға 20,6 млн. теңге қарастырылып, құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Жеті елді мекеннің, атап айтқанда, Жаңажол, Нысанбек, Керегетас, Бейнеткеш, Зертас, Ақайдар, Мәдени елді мекендерінің су құбырларын қайта құру жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.
Төлебидегі халықтың 85% көгілдір отынмен қамтылған. Яғни, аудандағы 42 елді мекенге табиғи газ жеткізілген. 2018 жылы аудандық бюджет есебінен 9 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп мемлекеттік сараптамадан өткізуге 32,7 млн теңге қарастырылды.

– Балалардың балабақша, мектеппен қамтылуы қандай?
– Ауданда 68 мектеп бар болса, соның 56-сы типті, 12-сі ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. 21 мектеп бір ауысымда, 47 мектеп екі ауысымда жұмыс істейді. Ауданымызда үш ауысымдық жүйедегі мектеп жоқ. Биыл облыстық бюджет есебінен «Бірінші Мамыр», «Жаңа – Ұйым», Әл-Фараби және М.Әуезов атындағы жалпы орта мектептері, аудандық бюджет есебінен Аршалы бастауыш мектебі және Жеңіс орта мектептері жөндеуден өтті. Сонымен қатар, №5, Қайнар, №16 Ш.Уалиханов, Қ.Тыныбеков атындағы білім ұялары мен Көксәйек
елді мекеніндегі 100 орындық бастауыш мектептерге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалды. Бірақ атқарылған бұл жұмыстар осы бағыттағы түйіткілдердің түйінін толықтай тарқай алмайды. Яғни, ауданда әлі де жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етіп отырған сегіз мектеп бар. Олар №2, Қ.Мамытов, Майбұлақ, Т.Тоғысбаев, Б.Биболатұлы атындағы және Ынтымақ, Диханкөл, №8 білім ұялары. Оларға тиісті жұмыстарды жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалуда.
Аудан бойынша балалардың балабақшамен қамтылуы жоспарға сай орындалуда. Қазіргі таңда 71 мектепке дейінгі ұйымда 6116 бүлдіршін тәрбиеленуде. Бұл балабақшада тәрбиеленетін жастағы қара домалақтардың 99,0 пайызын құрайды.

– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес «Туған жер» жобасы аясында былтыр ауданның атпал азаматтары өз ауылына біраз абаттандыру жұмыстарын жүргізген болатын. Жұртқа үлгі етіп айтар осындай мысалдарды тарқатып өтсеңіз.
– Иә, биыл жалпы құны 43 млн.мың теңгені құрайтын 44 жоба жоспарланған. Оның ішінде 16 жоба іске асты.
«Туған жер» жобасы аясында нағыз азаматтықтың үлгісін көрсетіп жатқан азаматтар бар. Олардың қатарында облыстық мәслихаттың депутаты Мұрат Төлтебаевтың есімін бөле-жара атап өткен дұрыс сияқты. Өз кезегінде ақберен азамат Жоғарғы Ақсу ауылдық округі, Сарқырама елді мекеніне өз қаражаты есебінен қоршаулар орнатып, көгалдандыру аймақтарына гүл отырғызып, көшеттер екті. Атпал азаматтың ықпалымен аталған ауылдағы орталық көшеге Д. Қонаевтың есімі беріліп, ұлы тұлғаның құрметіне ескерткіш орнатылды. Мақсатты істердің бел ортасында жүруді дәстүрге айналдырған Мұраттай ағамыздың бұл қыры өзгелерге өнеге, ал тірлігі түзеліп, кәсібі өрге басқан жандарға үлгі боларлық тірлік дерсің.

– Ауданда абаттандыру, көгалдандыру бойынша шешімін күтіп тұрған тағы басқа мәселелер бар ма?
– Қазіргі таңда Төлеби және Қапал батыр көшелерінің қиылысындағы ұзындығы 17,27 шақырым шатқал, Ленгер қаласындағы Төлеби және Бірлік көшелеріндегі ұзындығы 7,5 шақырым жол, Біргөлік-Екпінді автожолының ұзындығы 6,2 шақырымы абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына сұранып тұр. Осы мақсатта аталған аралықтарға тиісті жұмыстарды жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, қаржыландыруға жіберілді.

– Тұнық ауа, керемет көрініс, аспанмен таласқан тау. Осындай кереметті бойына жинаған ауданның бүгінгі туристік әлеуеті қандай? Жалпы бес баллдық шкала бойынша ауданның туристік әлеуеттілігін қалай бағалайсыз?
– Әрине жоғары бағалаймын. Өйткені бұл аумақ елімізде барлық табиғат сұлулығын бойына жинаған өлкенің бірі болып есептеледі. Аты әлемге әйгілі Ақсу-Жабағылы қорығының 99 474 гектары аудан территориясына кіреді. Табиғаты шұрайлы ауданымызда еліміздің туристік инфрақұрылымын дамытуға арналған көрікті мекендер көп. Олардың қатарына «Алма Тау», «Тау самалы», «Саутс-Ойл» қонақ үйлерін, «Біркөлік» емдік сауықтыру санаториясын, «Тау самалы», «Эдельвейс» балалар лагерін, «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық паркін және әртүрлі 34 демалыс аймақтарын қосуға болады.
Ауданға келген қонақтарға тиісті талаптарға сай қызмет көрсету үшін осы жылы Ақмешіт шатқалына баратын Екпінді-Ақмешіт жолының 2,5 шақырымы ойдағыдай аяқталып, пайдалануға берілді. Облыстық маңызы бар КХ 82 автомобиль жолында орналасқан «Тау Самалы» демалыс аймағының 30 шақырымы күрделі жөндеуден өтіп, кеңейтілді. Бұл жұмыстардың барлығы ауданның туристік әлеуетін арттыра түсетіні сөзсіз. Сонымен қатар, бізде туристік тартымдылықты арттыра түсетін 30-дан аса тарихи-археологиялық нысан бар. Олардың қатарында сақ заманының қорғандары, орта ғасырлық қалашықтардың орындары және халық арасында аты аңызға айналған тарихи маңызы бар «Жылақ ата», «Ғайып Ерен Қырық Шілтен», «Нұр ата», «Ақ мешіт» секілді көпшілік мінәжат ететін әулиелі орындар бар.

– Осыдан біршама жыл бұрын аудандағы біраз жер телімдері бірқатар азаматтарға жекеменшікке берілгені, бірақ олар нақты іс жүргізбей жатқандықтан, учаскелерді қайтадан мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары қолға алынғандай болған еді. Осы жайында ашып айтып берсеңіз.
– Иә, игерілмей жатқан жер телімдерін анықтау бойынша түгендеу жұмыстары жүргізілді. Соған сәйкес, Қаратөбе ауылдық округіндегі 8, Қоғалы ауылдық округіндегі 12, Қасқасу ауылдық округіндегі 34, Алатау ауылдық округіндегі 9 жер учаскелерінің мақсатты пайдаланылмай жатқаны анықталды. Соған сәйкес облыстық жер инспекциясына осы фактілерге орай шара көру үшін хат жолданды. Бүгінде жер телімдерінің мақсатты пайдаланылуы бойынша өзге де ауылдық округтерде түгендеу жұмыстары жүргізілуде.

– Төлебидің ауасы «қоңыр салқын малға жай» дейміз. Бірақ ауданда жайылым жерлер аз. Бұл ауданның мал шаруашылығына қандай әсерін туғызып жатқанын айта кетсеңіз. Бүгінде аудандағы мал басы туралы көрсеткішті өткен жылдармен салыстырып берсеңіз.
– Ірі қара мал басының ұлғаюы 60,8 мың басқа жеткізу болса, нақты 66,7 мың басқа жетіп 109,7 пайызды құрады. Ұсақ мал басының ұлғаюы 180,7 мың басқа жеткізу болса, нақты 201,1 мың басқа жетті. Жылқы басының ұлғаюы 29,6 мың басқа жеткізу болса, нақты 26,6 мыңды құрады. Ауданда жалпы жайылым көлемі 29746 гектар. Жайылымның шектеулі болуына байланысты мал басын қарқынды көбейту мүмкіндігі болмауда. Алайда, мал басын асылдандыру бағытында жұмыстар жүргізілуде.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданда бірқатар орындар атап айтқанда, Бекасыл әулие, Мыңшейіт тарихи орны, Көз ата әулие, Үңгірлі әулие, Қотыр ата бұлағы сынды нысандар жергілікті жердегі тарихи маңызы бар нысандар тізіміне енгені белгілі. Осы нысандар төңірегінде тарих қандай сыр шертетіндігі туралы мазмұнды әңгіме өрбітсеңіз.
– Бұл әулие-әмбиелердің жүріп өткен жолдары кез-келген туристі еліте кетеді. Мәселен, Бекасыл Ғұлама молда әулие — Адам Ата -Хауа Анадан бермен қарай тіршілік заңдылықтарын, әлем жаратылысын, тылсым табиғатты, Алланың атымен айтылатын баян-хиқаяттарды, тарихи шежірелерді терең білген, ілім-білімді игерген. Ол жұлдыздар сырын таныған, дұғалар құпиясын меңгерген, сәуегей әрі көріпкел, жұлдызшы әрі шипагер болған. Қара суды теріс ағызатын құдіретке ие болған. Және мұның бәрін қасиетті бабамыз тек ілімге, ғылымға сүйеніп жасаған. Осының өзі оның білімділігін, көп оқығандығын аңғартады.
Ал Мыңшейіт тарихи орны мен өңірдегі қасиетті жерлер тізіміне енген аудандағы өзге де нысандар туралы деректер де ауданға келген туристерді ерекше қызықтыратыны сөзсіз.
Үңгір әулие атымен көпшілікке кеңінен таңылған киелі орынның бірі. Бірінші мамыр әкімшілігіне қарасты Қоңырбөрік ауылдың орта тұсында орналасқан орта мектептің шығысында, шағын өзен бойынан 35-40 метрдей биікте, беткейде орналасқан. Үңгірдің үсті қатпар тасты келген. Алыстан қарағанда осы көрініс екі көзбен мұрынды, ал қатпарлы тастар қалын қасты адамның бетбейнесін көз алдыңызға елестеді. Осы жерді жергілікті халықтар «Үңгірлі әулие» деп атап, басына айналасын тазалап, күтіп баптайтын шырақшы қойған. Үңгірлі әулиенің күтуші шырақшысы Қоңырбөрік елді мекеннің тұрғыны Қосқұлақов Сәлімханның әңгімесіне қарағанда, бұл ара «Дәу ата», «Көз ата», «Үңгір әулие» деп бірнеше атаумен аталады екен. Ол атаулар суының шипалық қасиетіне байланысты аталған. Яғни, бұлақ суының ең басты қасиеті көзге ем. Бауыр, бүйрек, өт сияқты ішкі ағза мүшелерін тазартып ондағы ас қалдықтары мен тасқа айнала бастаған қатты заттарды түсіруге, мидың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, бойды сергітетін қасиеті бар екен.
Көзді ата әулиесі Кемеқалған ауылына қарасты Ақбастау ауылынан екі шақырым оңтүстік-шығысындағы ескі қорымда орналасқан. Қорым «Көзді ата әулие» атымен аталады. Көзді атаның аты Сейіткәрім қары деген молда екен. Шамамен 1714 жылдары өмір сүрген, осы өңірде егін егіп, Исламды насихаттап, елді ашаршылықтан аман алып қалған екен. Көзді атаның әулиелігі де, ол топырағында, тасында. Суын ішіп, жуынады. Топырағына аунайды. Өйткені әулие иесі – айдаһар! Айдаһардың бүкіл дене бітімі қасындағы тасынан көрінеді. Бастысы соқырлар көзін ашады. Талай адам ниеттеніп келіп, қуанып кеткен екен.

– Қазіргі таңда ауданға келуші туристердің саны қанша? Олардың санын көбейту мақсатында нақты бір жоба-жоспар бар ма?
– Туристердің ағынын көбейту үшін біз демалушылардың қажеттілігін толық қанағаттандыра алатын сервистік қызметті жетілдіруге көп мән берудеміз. Сонымен қатар, биыл біз ауданға келетін туристердің санын 27 мыңға жеткізуді межелеген болатынбыз. Ағымдағы жылдың 10 айында ауданға бет бұрған қонақтардың саны 28 мыңға жуықтады. Төлебиге келетін туристердің қатарын көбейту бағытында «AISA» және «SAIRAM SU resort» демалыс аймақтары іске қосылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

– Мырзашөл өңірі ақ алтынымен мақтанады. Сарыағаш курортты аймағымен жақсы таныс. Арыс тоғыз жолдың торабындағы қала ретінде ерекшеленеді. Созақ өндірісі өркен жайған аудан ретінде алға шығады. Ал Түлкібастың алмасы нарықта көп сұранысқа ие екендігімен ерекшеленеді. Сол сынды Төлебидің бренді қандай?
– Төлеби ауданының бренді – қымыз деп айтар едім. Осыған байланысты соңғы жылдары Қамбар ата төлдерін мүмкіндігінше көбейтіп, қымыз өндіру ісін қарқынды дамыту қолға алынған. 2015 жылмен салыстырғанда жылқы басы 1,5 есеге артып, қымыз өнімділігі артқан. Өнімдердің тауарлық белгісін қалыптастыру үшін ұлттық сусынымызды арнайы бөтелкелерге құйып дайындайтын 4 шаруашылықтың жұмысы жолға қойылған.
Бұдан бөлек, таулы территорияда орналасуы себепті Төлебиді туризм саласының бренді деп айтар едім. Себебі, Алатау және Қасқасу ауылдық округтері сауықтыру аумақтарына жатады. Мұнда жылдың кез келген мезгілінде туристер таңғажайып тынығуды бастан кешіретін «Тау самалы», «Изуми тау», «Алтын Дән», «Eco Village Қасқасу» демалыс аймағы мен «Алатау» шаңғы базасы жұмыс істейді.

– Елбасының жуырда Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы бойынша өз пікіріңізді айта кетсеңіз.
– Жолдау Елбасының қазақстандықтар үшін жасалып жатқан шынайы қамқорлығның кезекті дәлелі десек болады. Айқын алты басымдық алға тартылған құжатта Қазақстан дамуының стратегиясы белгіленіп, оның дамуымызға қаншалықты қарқын беретіні көрсетіліп отыр. Сол бойынша алға қойған межелерге қол жеткізуде адам факторы зор маңызға ие екені екшеледі. Бұл туралы Президентіміз «Әрбір Қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін сезініп, олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуге тиісті» деп атап көрсеткен. Реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың ортақ мақсатқа жұмылуы аса маңызды.
Жолдауда халықтың әлеуметтік көңіл-күйін айқындайтын негізгі салаларда үлкен шараларды іске асыру ұсынылған. Әсіресе, мемлекет басшысының еңбекке қатысты идеологияны ілгерілету туралы сөзі қоғамдық бірлестіктерге зор жауапкершілік жүктеді.
Президентіміздің келесі жылы «Педагог мәртебесі» туралы заңның әзірленіп, оның қабылдануын қадап айтуы ұстаздар тарапынан зор қолдау тауып отыр. Жастардың заманға сай білім алуында жетекші мәнге ие мұғалімдер білімінің артуына жағдай жасау ел болашағын жарқын ету жолындағы аса маңызды іс.
Қазақта «ауруды елемеген өледі, дауды елемеген төлейді» деген сөз бар. Сол сынды қоғамды тұтас бір ағзаға теңеп, ондағы кейбір дерттердің қылаң беруіне мән бермесек, соңы ушыққан құбылысқа айналары анық. Ал ағымдағы жылдың 5-қазанындағы Елбасының жариялаған жолдауы қазіргі қоғам дертін тап басып, оның дауасын дәл тапқан игілікті құжат десек артық айтқандық емес.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Т. ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру