Маңызды

«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» БОЙЫНША ЖЕМІСТІ ЖҰМЫСТАР САРАЛАНДЫ


Жуырда аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев журналистерге Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының барлық басым бағыттары бойынша облысымызда атқарылған нақты жұмыстар мен жүзеге асырылатын ауқымды жобалар жөнінде тарқатылған мәліметтер берді. Солардың ішінде ауыз толтырып айтар тірліктерге кеңінен тоқталсақ.

QR-код тақтайшалары туризмнің тынысын ашады

Жыл соңына дейін Түркістан облысында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 46 жоба мен 168 іс-шара өткізу жоспарланған болса, бүгінде соның басым көпшілігі іске асқаны белгілі. Олардың қатарында облыстағы қасиетті, киелі орындар мен туристік маңызы бар ескерткіштер бойынша 21 бағытта туристік маршруттардың ашылғандығын қосуға болады. Одан бөлек, туризм саласының әлеуетін арттыру мақсатында киелі жерлер туралы ақпарат алудың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін туристер жиі баратын 35 туристік нысанға QR-кодтар бар тақтайшалар орнатылды. QR-код тақтайшалары орнатылған киелі, тарихи нысандардың қатарында Ақбура кесенесі, «Сайрам-өгем» ұлттық табиғи паркі, Отырар және Сауран қалашықтары, «Қаратау» мемлекеттік табиғи қорығы, Ақ мешіт әулие үңгірі, Ақсу-Жабағылы қорығы, Исмаил ата кесенесі, «Кеме қалған» монументі, Арыстан баб және Баба түкті шашты Әзіз, Бәйдібек ата және Домалақ ана, Гаухар ана мен Ибрагим ата, Қарабура кесенелері, «Қызыр Пайғамбар» мұнарасы, Қарашаш ана мен Қожа Ахмет Яссауи, Үкаш ата мен Аппақ Ишан, Ысқақ баб кесенелері бар. Туризм бойын-
ша әлемдік стандартқа сай келетін QR-код тақтайшаларының ерекшелігі не? Осы жайында бірер сөз келтіре кетсек. Аталған нысандарға табаны тиген турист сол жер жөнінде толыққанды мағлұмат алу үшін QR-код жазылған тақтайшаны смартфонмен суретке түсіру арқылы қажетті мәліметтерді алатын болады. Тек оны оқу үшін смартфоныңызға интернеттен «Neo Reader» және «QR Reading» сияқты бағдарламаларды көшіріп алу қажет. QR-код арқылы нысандар бойынша үш тілде толыққанды мәлімет алу мүмкіндігі қарастырылғанын айта кетейік.

Мобильді қосымшаның мәні бөлек

Еліміздің бірқатар облыстарында сол аумақтардың киелі орындары мен қасиетті жерлері, көрікті мекендері туралы толыққанды ақпараттарды қамтитын мобильді қосымшалар іске қосылуда. Мәселен, Тараз қаласында «Тараз-туризм» туристік ақпараттық орталығы мен «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық музейі бірлесіп «Тараз тур» мобильді қосымшасын іске қосты. Сонымен қатар, Ақмола облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «SMART Рухани жаңғыру» мобильді қосымшасы әзірленді. Облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырмасымен жүзеге асқан бұл қосымшада мәдениет саласындағы, меценаттық, қайырымдылық шаралары және Ақмола облысының танымал тұлғалары туралы ақпараттар қамтылған. Оған қоса, қосымшаға Ақмола облысындағы 44-ке жуық киелі орындар туралы деректер енгізілген. Туризм саласының дамуына кең жол ашатын мұндай жобалар Түркістан облысында да жүзеге аспақ. Осы бағытта қазіргі таңда облыста Түркістан облысындағы Қазақ-станның киелі жерлері картасына енген нысандар туралы бірнеше тілде арнайы
роликтер және «Ontustik TourAudio» мобильді қосымшасы әзірленуде екен.

Бағыт – анық, мақсат – айқын

Жалпы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы Түркістан облысында 46 жоба мен 168 іс-шара өткізу жоспарланғанын жоғарыда атап өттік. Солардың басым көпшілігі жүзеге асып, игі бастама, жемісті жоба екенін көрсете алды. Олардың қатарына «Туған жер» жобасы аясында Түркістан өңірінде кәсіпкерлердің қатысуымен жалпы құны 28 млрд. теңгеден асатын 428 нысанның салынып жатқаны, соның 23-і іске қосылғанын, өскелең ұрпақтың өлкенің тарихын кеңінен тану, зерттеу мақсатында оқушыларға арналған «Өлкетану» оқулығы дайындалғанын, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде облыстағы айрықша маңызы бар тарихи-мәдени сәулеттік және археология ескерткіштерінің фотоальбомы жасалынып, «Оңтүстіктің қасиетті орындары: аңыз-әпсаналар жинағы» мен «Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи орындары мен киелі жерлері» кітабының жарық көргенін қосуға болады. «Ордабасы – бірліктің туы» атты анимациялық фильмнің түсірілімі аяқталуға жақын қалған. Өңірдегі әр ауданның табиғи және географиялық ерекшеліктеріне қарай сол аумақтардың туристік әлеуетін көтеру бағытында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылған. Атап айтқанда, Қазығұртта–«Наурыз Қазығұрттан басталады», Түлкібаста– «Қызғалдақ фестивалі», Бәйдібекте–«Қымызмұрындық», Төлебиде – «KASKASU» суретшілер пленэрі», Мақтаралда – «Агро fеst», Шардарада – «Safari Shardara» жобалары сәтті жүзеге асырылды.
Баянды бағдарлама бойынша алда атқарылатын сан жұмыстың арасында мыналарды бөле-жара атап өткен абзал. Ол «Қасқасуға қар түсті», «Қасқасу мен Біркөлік арасындағы шаңғы шаттығы» байқауы, «Тау самалы – жан самалы», «Салбурын – саятшылық мерекесі» және «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Ұлттық қолөнер – ұлы мұра» атты іс-шаралары. Сондай-ақ, «Түркістан», «Оқсыз» анимациялық фильмдері мен «Төле би» телесериалының түсірілім жұмыстары жүргізілуде.
Орталық коммуникациялық қызметі ұйымдастырған брифингте осы және өзге де деректерді алға тартқан аймақ басшысы Жансейіт Қансейітұлы облыс орталығы Түркістанға келетін туристердің санын 2025 жылға қарай 5 миллионға жеткізу көзделіп отырғанын да баса айтты.

С. НҰРАЙ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру