Маңызды

БІРЖАН ЖАҚЫП АТЫНДАҒЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР өтті

Биыл елімізде қазақ боксының құрылғанына 85 жыл және Созақ ауданына 90 жыл. Осыған орай бокстан әлем чемпионы, Азия ойындарының 2 дүркін күміс жүлдегері, еліміздің еңбек сіңірген спорт шебері Біржан Жақыпұлының жүлдесіне арналған республикалық ашық турнир ұйымдастырылды. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен жарыстың ашылу салтанатына Біржан Жақып, әкесі Жақып, кәсіпкер Әбдімажит Сыздықов, ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов қатысты. Біржан Жақып атындағы республикалық жарыстың мақсаты – талантты спортшылардың көзін ашып, спорт дүлдүлдерін жарыққа шығару.


Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі аппаратының басшысы Қалдыбек Оразов құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ, Біржан Жақыптың жеке бапкері Мырзағали Айтжанов «Осы турнир арқылы келешекте Созақ ауданынан Біржанның ізбасарлары шығарына мен сенімдімін. Көп чемпиондарымыз осындай ауылды жерден шығады. Сол себепті турнирді өте дұрыс ұйымдастырған. Келешекте еліміздің, қазақ боксының дамуына өз үлесін қосады деген ойдамын», — деген жүрекжарды лебізін білдірді.
Жалпы жарысқа еліміздің өзге облыстарымен қатар, Түркістан облысына қарасты аудан қалалардан және Өзбекстан Республикасынан 200-ге тарта балғын боксшылар қатысты. Алғаш рет туын көтерген республикалық жарыста үздік спортшылар мен жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Командалық есепте бас жүлдені Созақ ауданы, екінші орынды Сайрам ауданы, үшінші орынды Өзбекстан Республикасы иеленді. Өз кезегінде әлем чемпионы Біржан Жақып жастарды аянбай еңбек етіп, тәртіпті болып, алға қойған мақсатқа талпыну керектігін жеткізді.
Шаршы алаңның шаңын шығарып, талай байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғаған Біржан Жақып Созақ ауданы, Жартытөбе ауылында туып өскен. 14 жасынан боксты серік еткен. 10 жылдан астам уақыт Ұлттық құрамада нөмірі бірінші боксшы болып ел намысын абыроймен қорғады. Былғары қолғапты киіп жүріп Әлем чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, Халықаралық жарыстардың жеңімпазы болды. Үш бірдей Олипиадаға қатысты. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері атанды.

Нар Болат,
Созақ ауданы.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру