ҮЗДІК ОҚЫРМАН ОТБАСЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Бүгін мәдениет сарайында Елбасы Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Үздік оқырман отбасы» байқауы болып өтті. Байқаудың мақсаты – кітапхана мен кітаптың мәртебесін көтеру, ауданымыздың үздік оқырман отбасын анықтау болды. Байқауды Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Е. Үмбет ашып: « Бұл шара баршаға үлкен үлгі-өнеге болып, отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді сақтауға, құрметтеуге тәрбиелейді. Сондықтан да сайыстың барлық қатысушыларға берері мол деп есептеймін. Өнегелі шаңырақтан әрқашан да өзгелер де үлгі алады» — деп қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бес отбасының білім мен өнерін сарапқа салған байқауға Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының әдіскерлері Жанар Аманжолова, Асия Сәбденқұлова, Гүлзира Тұрғынбаевалар қазылық жасап, әділ бағасын берді.
Рухани құндылыққа бай сайысқа үздік деп танылған Әбусейітовтер (Талапты ауылдық кітапханасы), Наурыз( Қоғам ауылдық кітапханасы), Айтбаевтар (Маяқұм ауылдық кітапханасы), Алдияровтар (Отырар аудандық балалар кітапханасы), Қаныбековтер (Қостерек ауылдық кітапханасы) қатысып, байқаудың 4 айналымынан сүрінбей өтті. Білім де, ақылдың нұр сәулесі де кітаптан тарайтындығын ата-анамен бірігіп бала жүрегіне жеткізе білген отбасылар қандай шығармашыл ортаның адамдары екендіктерін, болашақта бұдан да биік белес пен шыңдарды бағындыратындарын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Байқаудың қорытындысы бойынша Отырар аудандық балалар кітапханасының оқырман отбасы Алдияровтар «үздік оқырман отбасы» деп танылды. Басқа қатысушы отбасылар «Кітапқұмар оқырман отбасы» Әбусейітовтер отбасы (Талапты ауылы), «Өнерлі оқырман отбасы» Наурыз отбасы (Қоғам ауылы), «Шығармашыл оқырман отбасы» Айтбаевтар отбасы (Маяқұм ауылы), «Белсенді оқырман отбасы» Қаныбековтер отбасы (Қостерек ауылы) аталымдарына ие болып дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды