ШЫМКЕНТ КАНАЛЫН АБАТТАНДЫРУ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Үстіміздегі жылдың сәуір айында облыс басшысы Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласы әкімдігінің құрылымдық бөлім басшыларымен бірге бірқатар көшелерді аралаған болатын.

Сонда шаһардың тазалығы мен абаттандыру мәселесіне баса назар аударған Ж. Қансейітұлы Шымкент каналының жай-күйін көзбен көріп, қала басшылығына каналдың 11 және 12 шағын аудандары арқылы өтетін бөлігінің көпқабатты тұрғын үйлер орналасқан жағалауын абаттандыруды тапсырған еді. Соған сәйкес, жалпы ұзындығы 20 шақырымды құрайтын каналдың сол бөлігін абаттандыру мәселесі қолға алынған. Бүгінде осы бағытта канал жағасын абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Осы аптада Жансейіт Түймебаев канал жағасын көріктендіру ісімен танысып, атқарылып жатқан жұмыстарды тағы бір пысықтап қайтты.
Шымкент каналының абаттандыру жұмыстары жүруі тиіс деп белгіленген бөлігінде 51 гараж бар болған. Жобалық сметалық құжаттамаларға сәйкес олардың барлығы да бұзылуы керек. Бүгінде 30-дан астам гаражды иелері өз еркімен бұзған.