Депутаттар неге мандаттарын тапсырып жатыр?

Осы аптада Шымкентте алтыншы шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс 29-сессиясы өтті. Күн тәртібіндегі мәселелердің бірі – Түркістан облыстық мәслихаттарының кейбір депутаттарының өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату болды.

Соның негізінде депутаттар алтыншы шақырылған облыстық мәслихатқа Шымкент қаласындағы сайлау округтерінен 2016 жылдың наурызында сайланған алты мандаттыны, атап айтсақ, Рәшкүл Оспанәлиева, Қилыбек Тұрлыбек, Қайрат Молдасейітов, Бакарам Абдукаримов, Жұмағали Білісбеков пен Арман Берденовтердің депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдады. Оған олардың осыдан біршама уақыт бұрын өз округтерінің облыстан бөлініп, дербес қала атанған Шымкентте болуына орай өкілеттік мерзімдерін уақытынан бұрын тоқтату туралы облыстық сайлау комиссиясына жазған өтініштері негіз болған.
Бұған дейін мәслихат корпусындағы бірқатар депутаттардың республикалық мәртебеге ие болған Шымкенттен сайланып, Түркістан облысы мәслихатының депутаттық корпусының құрамында жүруі қандай қисынға келетіні туралы сауалдар мен сын-ескертпелер қарша борамаса да бірнеше рет айтылып, жазылып жатты. Осыдан соң олар «өзімді алдап халық қалаулысы болмайын»
деді ме, әлде, ызыңдаған сарымаса сауалдар мазасын алды ма белгісіз, әйтеуір олар осындай тұщымды тұжырым түйіп, батыл қадам жасады. Егер олар «халық қалаулысы деген ардақты аттан айрылмаймын» деп жүре берсе, Түркістан облысына қарасты емес округіндегі халықтың мүддесін қорғаймын деп елге күлкі болары сөзсіз еді. Осылайша өкілетті органдағы жоғарыдағы алтау өзгелерге үлгі болып алға шықты. Бұл жерде өзгелер деп тұрғанымыз Шымкенттен облыстық мәслихатқа сайланған тағы 8 депутат болып табылады. Мәсхатшы заң жүзінде олардың әлі де депутат екенін, себебі дәл осындай жағдайда оларды еркінен тыс мандатынан айыру заңда көрсетілмегенін алға тартуда.
Осы ретте өздері сайланған округ Түркістан облысының аумағында болмаса да депутаттық дәурені тоқтамаған бұл сегіз депутаттың атын атап, түсін түстесек. Олар, Дулат Әбіш Назарбекұлы, Ахметов Дәурен Шәкірбайұлы, Мелдеханов Өмірзақ Пердебекұлы, Көмекбаев Абай Әбдіманапұлы, Сүлейменов Қайрат Мұсаханұлы, Жолдасов Нұрмахан Миятұлы, Омаров Абдурашид Керізбайұлы мен Қайыпбеков Әсет Абдрашұлы.
Қазақта «ісін білген адам жүре береді, білмеген адам күле береді» деген бар. Ендеше, бұл депутаттардың Шымкенттен сайланып, Түркістан облысының мәслихатында депутат болып жүруді хош көруі өз орнын білмегендігінің нышаны ма, әлде мандат пен мансаптың иесі атану олар үшін абыройдан да қымбат болғандығының белгісі ме? Бұл сауалға сабылып жауап іздегендердің қатары күн санап арта түсуде.

Қ. ҚАЛИЕВ.