Мұхтар МҰХАМБЕТЖАН, «Ел бірлігі» қорының басшысы: «Қазақша өмір сүруді қашан бастаймыз?»

– Сіздіңше қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия тек жаңғырығы күшті әдемі атау ма, әлде, маңызды тарихи қадам ба?

– Менің ойымша ұлттық, саяси, қоғамдық деңгейдегі мәселелер біздің елімізде аса үлкен ыждағаттылықпен, жоспарлай отырып, қазақ ретімен айтқанда, «жеті рет өлшей отырып, бір кесілетін» форматта жүзеге асырылады. Еліміздің ұлттық картасы, экономикалық-әлеуметтік дамудың аймақтардағы біркелкі еместігі, қоғамдық сананың имперлік режим жасаған құрсаудан босай қоймауы, геосаяси факторлардың тиімсіздігі – осындай «жоспарлы» қоғамдық-саяси даму түрін таңдауға міндетті түрде мәжбүрлейді. Сондықтан, дәл осы тұрғыдан қарасақ, бұл құжаттың бүгінгі күні дүниеге келуі – тек қана жаңа идеяның пайда болуын емес, еліміздегі ұлттық арасалмақ, азаматтық келісім, экономикалық даму деңгейі, геосаяси ортада қажетті шарттардың қалыптасуы сияқты сфераларда үлкен, тарихи өзгерістер орын алғанын және осы өзгерістердің осындай тарихи, елдің рухани келбетін өзгертетін қадамдарды қамтыған құжатты қабылдауға мүмкіндік әпергенін білдіреді. Яғни, ұлттық арасалмақ қазақ және басқа мұсылман-түрік диаспораларының пайдасына біржақты, түбегейлі өзгергенін, ішкі қоғамдық саяси ортаның тұрақтылығын, геосаяси сферада біздің елдің осындай әрекетіне қарсылық білдіру мүмкіндігінің шектелуін және басқа да факторлардың оң жақта түйіскенін көрсетеді.

– Рухани келбет деген ұғым бар. Ұлттық рухани келбетті өзгертудің қажеттілігі қаншама деп ойлайсыз?

– Егер бізге қазақ ұлты керек деп табатын болсақ, /ал ол әрине қажет/ — онда оның рухани-моральдық келбеті міндетті түрде әрқашан күн тәртібінде тұрмақ. Мысалы, қазақ деген кім? Қазақ ұлтынан болудың негізгі белгісі қайсы? Егер көзі қысық адамды қазақ деп есептейміз десек, онда қырғыз бен қытай да қазақ болып кетеді. Тілді негізгі белгі етіп алсақ, ол да дұрыс емес. Талай өзге ұлттың баласы қазақшаны бізден кем білмейді. Тұратын жеріне қарап та айта алмайсың. Сонда, қазақтықтың басты белгісі неде? Басында айтқан, қоғамдық сана – рухани келбетте. Ал рухани-моральдық келбет болса өз кезегінде — ұлттың бастан өткергенінен, мәдениетінен, діні мен ділінен құралады. Көптеген елдер бодандықтан құтылса, алдымен құлсыздандыру, деколонизация науқанын өткізеді. Мұның мәнісі – ұлттың санасындағы метрополия, яғни бұрынғы қожайындар кейде күштеп, кейде айламен өткізіп жіберген рухани вирустарды жұлып тастау, ұлттың рухани келбетінің ұстынын құрайтын негізгі қағидаларды насихаттап, оларды түрлі форматта және белгілі бір көлемде өмірге енгізіп, сол қағидалар негізінде өмір сүруді ұйымдастыру, кез келген тірлікті бөтен ұлттың рухани, моральдық қалыптарымен емес, өз ұлтыңның салт-дәстүрін, моральдық нормаларын ереже, заңдарға айналдырып, солар арқылы шешуге қол жеткізу. Осылай, ата-баба арманы – өз алдыңа ерекше ұлт ретінде өмір сүруге қол жеткізу. Бүгінде қай телеканалға қарасаң да, бұрынғы метрополияның идеологиясынан қалған нормалар жыртылып айырылады. Мәселе тек тілде емес. Былайша қарасаң 100 пайыз қазақша өтіп жатқан телехабардың қазақ рухына жат, бұзушы, ыдыратушы, рухани құлдыратушы мәселелерді беті бүлк етпей насихаттап отырғанына күнделікті куәміз. Бұған дейін мұны айта алмадық, айтсақ та іске асыра алмадық. Саяси системаның қуатсыздығы, ұлттық арасалмақтың тиімсіздігі бұл мәселеде тереңдеп, белсенді қимылдауға мүмкіндік берген жоқ. Қимылдаған жоқпыз да. Қажетті саяси-қоғамдық орта қалыптасып үлгірмей жатып ұлттық мәселеде шарықтап қадам басам деген Молдова да, Тәжікстан да, Грузия мен Әзірбайжан да оңған жоқ. Арты бас-аяғын әлі жия алмай жатса, алды әлдеқашан бөлініп кетті. Сондықтан, экономика, бизнес, азаматтық қоғам құру мәселесінде динамизмді таңдаған Қазақстанның осы ұлт, тіл, рух мәселелерінде есепшілдікті, күшті консерватизмді қару етіп алғанына ризалық білдіруден басқа мәселе жоқ. Міне, енді барлық факторлар түйісіп, қажетті шарттар пісіп-жетілген күні көп күттірген тарихи құжат – «Рухани сананы жаңғырту» қабылданды.

– Осы рухани жаңғыртудың бірнеше үлкен-үлкен бағыттары бар. Қайсысын ел рухын өзгертердей қауқары бар деп мойындар едіңіз?
– Әрине, осы бағыттардың ішіндегі маған ең ұнайтыны – латын қарпіне көшу. Көп адамға жақпаса да айтайын, ұлт болу үшін алдымен орыстан енген рухани-моральдық, мәдени-әдеби, ресми-заңдық нормалардан құтылып, орыс әлемінен барынша алыс кетуге ұмтылуымыз керек. Яғни, бұл дегеніміз – орыс тілін білмейтін, орыс тілінсіз-ақ бизнес, сауда жасап жүрген жастар қатарын көбейту. Орыс тілді БАҚ-тардың таралу ауқымын азайту, БАҚ арасында оларға тыйым салу. Және қазақ телеарналарына қолынан бар келетіні орысша хабарлардың тікелей қазақшасын көшіріп алып, ел алдында масқара боп, қазақ рухын қорлаушылар емес, ешкімнің жиені болмаса да, өзінде кішкене идеясы бар, дарыны бар азаматтарды тарту керек. Мысалы, қазақ КВН-ынан шыққан талай саңлақ елімізге талай қазақ рухымен сусындап, елге қазақ рухы негізінде жасалған таза, ұлттық-отандық өнімді ұсынып отыр. Мұнда, анимациялық фильмдерді жасайтын Батырхан Дәуренбеков басқаратын шымкенттік «Сақ» киностудиясын қосыңыз. Міне, осындай сирек, бірақ бар, ұлт жауһарларын алақанға салып аялап, оларға жәрдем беру керек және олардың қатарының көбеюіне атсалысу керек. Ұлт санасын отаршылдықтан тазалау ісінде – әліппе ауыстырудың маңызы орасан зор. Әліппе ауыстыру – тек жазудың емес, ұлттық психологияның, ұлтымыздың дүниетанымының, санасының өзгертуіне дейін жетелейтін құрал. Латын қарпіне көшу — дүниежүзілік қауымдастыққа қосылуды тездетеді, түркі тілдес бауырларымызбен арамызды жақындатады, метрополия-отаршылдардан іргені алыстатуға мүмкіндік береді. Міне, осы қасиеттерімен мен үшін қаріп ауыстыру – ұлтымыздың рухани жаңғыруы мәселесіндегі ең маңызды, ең айшықты бағыт.

Әулиелі, тарихи жерлерді насихаттау бойынша рухани жаңғыруды қалай бағалар едіңіз?

– Бұдан кейінгі маңызды бағыт – «Қазақстанның киелі жерлерінің» географиясы. Соңғы, дінге «бейпіл» бостандық берілген жылдары елімізге талай ыдыратушы, рухты құлдыратушы, адамды адамдықтан айырушы секталары кіріп кетті. Бүгінде қазақ рухына үлкен жау боп қауіп төндіріп отырған мәселе – ваххабизм. Одан құтылмасақ, ваххабизм ұлттық ерекшеліктеріміздің жойылуына, яғни, қазақша сөйлейтін сауд-араб жамағатының пайда болуына алып келеді. Сондықтан комиссия көтеріп отырған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясын» жасау – біріншіден ұлттық діни-рухани санамызды жаңғыртудың, отарлық кезеңге дейінгі ұлттық-рухани, діни келбетімізге қайта оралудың, яғни, қайтадан қазаққа айналудың құралы болса, екіншіден, сол киелі жерлерді, ұлттық ерекшеліктерді жоққа шығаруды өздеріне мақсат еткен ваххабизм өкілдеріне берілген ресми, мемлекеттік деңгейдегі салмақты, біржақты теріс жауап. Міне, Алла бұйыртып өз мемлекетімізде, өз жерімізде өмір сүріп, өз тілімізде сөйлеп, өз дініміз бен ділімізді, өз жазуымызды өзгертуге мүмкіндік беріп отырған ұлт қазынасы – азат мемлекет беретін теберіктер – осындай.

– Қоғамдық сананы рухани жаңғырту жұмыстарын қолдайтыныңызды көрдік. Осы бағытта идеолог ретінде тағы нендей өзгерістер ұсынар едіңіз?

– Жаңағы айтылған Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы атты бағытты тереңірек қамту қажет деп ойлаймын. Мысалы, тәуелсіздікті не үшін аңсадық? Не үшін күрестік? Осы сұрақтарға жауап іздесек. Бүгінде біз бұл мәселеде ең примитив, ең оңай, ең үстірт деңгейде жүрміз. Біздің қазақ болу деген мәселедегі ең үлкен талабымыз – елді қазақша сөйлету. Ал субъектінің қай тілде ойлайтыны, қай тілде армандайтыны – әзірге күн тәртібінде жоқ. Меніңше, ең маңыздысы – қалыпта емес, мазмұнда. Бүгінгі қазақтың өмірі көбіне орыс-ресей өмірінің қазақша аудармасы ғана. Әсіресе мәдениет саласы мен заң саласында. Орыстың өзі Рим правосымен өмір сүреді. Рим правосы итальяндықтардың салт-дәстүрі, мінездік нормалары, моральдық ориентирлері негізінде ғасырлар бойы тезден өтіп, жасақталған. Қазақ Әлемі қазақша өмір сүру үшін мен біздің салт-дәстүр, біздің моральдық құндылықтар, біздің мінез-құлық ережелеріміз негізінде Қазақ құқын құрастыруды қолға алған болар едім. Ал сүйегі бар – Жеті Жарғы, бүгінгі дәстүрлік нормалар, Қазақтың мақал-мәтелдері осы Қазақ құқына ұстын бола алады. Егер осыған ұлттық киім, ұлттық ерекше конструкциямызды қоссақ, аз ғана уақытта біз европалық цивилизацияның аяныш туғызатын жүздеген копиясының, бірі ғана деген статустан, заты европа, аты ғана өзіне тиесілі копия деген статустан ерекше, өзіндік келбеті бар, ешкімге ұқсамайтын, сұлу да тартымды, мазмұнды, көпке үлгі — Қазақ Цивилизациясы болып шыға келеміз. Егер осы үшін күреспесек, онда тәуелсіздік не үшін қажет болды? Оның үстіне, біз бұл бағытта ең үлкен қадамның бірін жасап қойдық. Бұл қадам – облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру. Не үшін бұл қадам қоғам санасын рухани жаңғырту бағытында ерекше қадам болмақ? Себебі, ұлы патшаларымыз, хандарымыз, билеріміз, ғұламаларымыз, батырларымыз жатқан Түркістан, ғасырлар бойы мемлекетіміз – Қазақ Хандығының астанасы болған Түркістан – Алтайдан Атырауға дейінгі байтақ ел қоныстанған, тарихтағы ұлы цивилизация – Алтын Орда империясының негізгі құрушылары мен негізгі мұрагерлері- Қазақ халқының жүрегі. Әр қазақ үшін Түркістан – Кие. Түркістан ҰБФ рөлін, яғни, ұлттық біріктіруші факторы ролін атқарған және атқарады да. Осы киелі қаланың статусын көтеріп, оны қазақша рухта дамыту, оны ата-баба рухында жаңғырту – тек облыстың емес, мемлекеттің рухани жаңғыруына әкеледі. Бұған облысты басқарып отырған Жансейіт Түймебаевтың рухани жаңғыру саласында жасап жатқан ұтымды тірліктерін қосыңыз. Осыған дейін ешкім көңіл бөлмеген, бөлгісі келмеген «Сақ» киностудиясы қанша қиналғанмен, ұлттық рухтағы қазақ мультфильмдерін шығарып келді. Қанша айтқанмен, ешқандай әкім құлақ асқан емес. Ал Түймебаев осы киностудияның тірліктерінің ұлт үшін қаншалықты маңызды екенін түсіне білді және дереу қамқорлығына алды. Әрине бұл жерде жас кезінен қазақ Тәуелсіздігі үшін күресте жастарды бастап шыққан сардар, бүгінгі облыс әкімінің орынбасары, облыстың бас идеологы Ұласбек Сәдібековтың атын ерекше атап өтсек артық емес. Киелі Түркістан шахарының статусын көтеру сияқты ізгі істің басынан осындай екі ұлтжанды, патриот азаматтардың табыла кетуі – бекер емес. Әрине, мұның бәрі – оңай емес. Тек бірігіп, бүкіл қоғам болып атсалыссақ қана іске асатын мәселе. Бірақ «жабыла көтерген жүк жеңіл» деген мақал бұл жағдайға тура келмейді. Меніңше, киелі Түркістан шахарының, одан ары айтсақ — қоғамдық сананың жаңғыруына жұмыс жасау – ауырлық емес. Бұл – Мәртебе. Бақыт. Аңсаған Арманның орындалуы. Мақтаныш. Алладан берілген теберік.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан:
Қыдыр ҚАЛИЕВ,

Суретті түсірген Азат ДИДАРБЕК.