Маңызды

БІР АУДАН ҚҰРТТАҒАН СУ ІШЕДІ. БІР АУДАН ҚҰРТ АУРУЫНАН БЕЗІНІП ОТЫР. ЕНДІ БІР АУДАН НӘЖІС СУЫН АҒЫН СУҒА АҒЫЗЫП ЖАТЫР…

бұны Оңтүстіктің әкімі Түймебаев біле ме?

 

Қайбір жылдар облысымызда едел-жедел жүргізілген «Таза ауыз су», «Ақбұлақ» бағдарламаларының облыс тұрғындарына жүз пайыз «бақыт сыйламағаны» анық. Сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметов бұл мәселені май шаммен қарап, 2020 жылға дейін облысымызда таза ауыз ішпейтін ауыл болмауы тиіс деп «жер тепкілеп» еді. Әкім осылай асықтырып отырғанда осындай майшелпекті «аңсап» отыратын «мырзасымақтар» қарап қала ма, әкесінен қалған байлықтай аямай тігілген тендерді қарпып алғандар бүгін қара халықты қан қақсатып қойып, бірі мәслихатта, бірі әкімдікте, енді бірі басқармада жүр. Бастары да ауырмайды, балтырлары да сыздамайды. Себебі, құрылыс мемлекеттік қабылдаудан өтіп кетті. Ары қарай, «бірің өліп, бірің қал»…

 

Жұрттың жүйкесін тоздырып, жанын ауыртып отырған негізгі мәселеелердің бірі – облыс орталығына таяқ тастам жерде орналасқан Төлеби ауданының жүрегі Ленгір қаласында орын алып отырған, қара халықтың қан қысымын көтеріп жүрген ауыз су мәселесі. Осыдан жеті жыл бұрын аудан орталығына мемлекеттік қазынадан бақандай төрт миллиард теңге бөлініп, тендер өткізіліп, таза ауыз су жүргізу жұмыстары басталған. Содан бері өткен жеті жыл ішінде халық таза судың, ал мемлекет бөлінген төрт миллиард теңгенің шарапатын көре алмай отыр. Қағазға сенсек, таза ауыз жүйесі жүргізілді. Ол, әрине, жергілікті биліктің жоғары жаққа мақтана ұсынатын есебі үшін керемет мәлімет. Ал, тұрғындарға қарай бет бұрсаң қосылып жылағың келеді. «Балшық та бар онда, ұлы сөздің ұяты жоқ, адамның қиы да бар. Ішіп отырған суымыздан балықтың иісі шығады. Сиырдың тезегінің исі шығады. Алып қойған шелегімізге өзіміз де жолай алмаймыз. Біз асарымызды асадық, жасарымызды жасадық. Бізден кейінгі ұрпақтарымызға не болады? Нағыз туберкулез болатын су ішіп жатырмыз», — деп жылағанда етегі жасқа толған Тойгүл Байсейітованың басындағы тауқымет ленгірліктерге ортақ тақсірет болып отыр. Журналистерді көрген тағы бір тұрғын Ұлжан Мырзахметқызы «Құдай берген бес-алты немерем бар, құрт су ішіп қырылып қалуым керек пе? Мен мынау ішімді ұстап, өлейін деп жүрген адаммын. Мен баратын жердің бәріне барамын, осы ішімді ұстап немерелерім үшін Назарбаевтың алдына жаяу барамын. Олар құрт су ішкенше, солардың алдында құрбан болып өлгенім жақсы»,- деп ашуға булыққан.

Рас, бұл мәселенің жергілікті билік алдына көлденең қойылғаны күні бүгін емес. Өкінішке қарай, халықты ойлайды деген шенеуніктер шырылдап жүргендерге шынайы жанашырлықпен қарады деуге біздің де аузымыз бармайды.

Осыдан бір жарым жылға жетер-жетпес уақыт бұрын елімізде ҚР Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау науқаны өткені белгілі. Сол сайлауда облыс атынан ҚР Парламентіне облыс әкімі аппаратының басшысы болған, кезінде Төлеби ауданын басқарған Бәйділдә Жылқышиев сайланды. Бұл кісінің атын айтып, түсін түстеп отырған себебіміз, Бәйекең Парламентке кеткенге дейін облыс орталығындағы жұмысын Ленгір қаласы, Горная көшесі, №3 үйде орналасқан қос қабатты үйінен қатынап істеді. Оның Астанаға аттанғанына, ары кетсе, бір жыл төрт ай ғана уақыт өтті. Сонда ол кісі суды қайдан алып ішті?

Тағы да сайлау туралы… Сол сайлау науқаны барысында есімі елге белгілі кәсіпкер, күміс түсті шашы бар, кезінде Түркістанның 1500 жылдық тойына қарастырылған тендерлерді облысты басқарған руласының арқасында қос қолдап тұрып қарпыған бір депутаттың басына іс түсіп, шетел асып кеткені туралы дақпырт тарады. Біреулер оны «сотталатын болыпты» деді, біреулер «шетелге қашып, енді елге келмейтін болыпты» деді. Сөйтіп жүргенде сайлау да өтті. «Шетел асып, қашып кетіпті» деген сабазың сайлауда депутат болып сайланып кетті. Бірақ, өзі жоқ. Сайлау өтіп, депутат болып сайланғандар кеуде белгілерін алып, «жуып-шайып» жатқанда да ол қарасын көрсетпеді. Екі-үш сессия өтті. Ол әлі жоқ. Сөйтіп жүргенде «ғайыптан айып болып» ана азамат мәслихат жиынына сап ете қалмасы бар ма? Сыртағы кісілер түсіне алмай әлек. Ал, мәслихаттағы майталмандар оны облыс әкімі Б.Атамқұловтан бастап «қол шапалақпен» қарсы алды. Мәссаған, безгелдек! Кім қалай қарсы алса мейлі ғой, «аман-есен оралғаны» үшін бе, білмейміз, облыстың Құрмет Грамотасын беріп қарсы алды! Барлығы Шымкенттен шығады дейміз, бірақ шектен шыққан бұл «…кірудің» деп осындай түрін үш ұйықтасақ та көрген емеспіз. Ешкім ештеңе естіген жоқ, ештеңе көрген жоқ. Жай ғана депутаттың денсаулығы болмай, шетелде емделіп келіпті. Азаматтығын айту керек, сол кезде шындыққа қарай бір қадам аттаған екі-ақ адамды көрдік. Оның бірі – облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ә.Өмірәлиев болса, екіншісі облыстық денсаулық сақтау басқармасының сол кездегі басшысы С.Пакеев болды. Қалай дейсіз бе, айтайық.

Сайлау науқаны барысында және сайланып болған соң уақытында тіркелмеген депутаттың сессияға немесе өзге де жиындарға қатыспауын негізсіз деп байыптаған облыстық сайлау комиссиясы одан әрекетіне салдар болатын құжат талап еткен. Осы талап аясында кәсіпкер өзінің шетелде денсаулығына байланысты, бірнеше елде ем қабылдағаны туралы дәрігерлік анықтамаларды ұсынған. Құжат қолға тиген соң сайлау комиссиясы анықтамалардың растығына, дұрыстығына баға беру үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасына хат жолдайды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өз кезегінде аталған анықтамалардың заң талаптарына сай келмейтінін, себебі облыстық, республикалық деңгейде ғана емдеуге мүмкін болмайтын аурулардың шетелде емделуіне квота бөлінетінін, ал депутат мырзаның оған дейін аса қауіпті болмаса, ел аумағында емдеуге мүмкін емес диагнозбен шағымданып келмегенін, сол себепті шетелдік дәрігерлерден ұсынылған анықтамалық құжаттардың талаптарға сай келмейтіні жөнінде облыстық сайлау комиссиясына  жауап хат жолдайды. Алайда, «күштінің арты диірмен тартқан» Оңтүстіктік депутаттың мысы басып, түк болмағандай депутаттық корпусқа жайғасады. Ендігі шындық-осындай адамның фирмасы жүргізген ауыз судың сапасыздығын айтқан халықтың жанайқайы мен көз жасын жоғарыдағы оқиғалардан соң басқа жақ тыңдауы мүмкін бе?

Тағы бір дерек. Облысқа былтырғы қазанда әкім болып тағайындалған Ж.Түймебаев облыстық әкімдіктің аппараты басшысы қызметіне Ә.Е.Тұрғымбековті тағайындағанынан бүкіл дүйім ел хабардар. Кезінде бірнеше ауданды, «Нұр Отанның» облыстық филиалын, одан кейін де бірнеше ауданды басқарып, соңғы қызметі-Түлкібас ауданының әкімі қызметін атқарған шенеуніктің күні кешеге дейін Төлеби ауданын басқарғаны белгілі. Ленгірліктердің жанайқайы Ә.Тұрғымбековтің «жарғақ құлағын жастыққа тигізбеді» деп те айту қиын. Өйткені, құрылысы жеті жыл бұрын басталып, осыдан екі жыл бұрын мемлекеттік қабылдаудан өтіп кеткен «сасық судың» мәселесі көтеріліп жатқан тұста ол Төлеби ауданын басқарды. Түлкібас ауданына ауысып, әне-міне қызметке кірісіп жатқан тұсында облыс әкімінің оң жағынан қызмет бұйырып, орталыққа жол салды.

Сонда қалай, осындай шенді-шекпенділердің ішек-қарыны қара халықтан ерекше болып шыққаны ма, әлде Оңтүстік Қазақстан облысында қалтасы қалыңдар білгендерін жасай беру керек пе? Бұған қызметке кіріскеніне он ай толып отырған облыс әкімі қандай баға бере алады? Кезінде облысты басқарған З.Тұрысбеков атты азамат болды. Газет-телеарналар оны аяусыз сынады. Есесіне Зәкең өсуін тоқтатқан жоқ. Ол сынаған сайын өсті. Сол кездегі Астана-Алматыдан бір-ақ шықты. Сонда сол солақай қағидат ел арасына қайтадан «ауыз сала» бастағаны ма, қалай түсінеміз? Жоғарыдағылардың керең құлағы мен мылқаулығынан әбден зәрезап болған ленгірліктер Астанаға баратын жол қаражаттың жоқтығын алға тартып, Ақордаға жаяу тартуға бел буып отыр.

Облыс әкімдігіне өкпесі қарақазандай болып отырған төлебиліктер ғана емес. «Сайрам» тұрғын алабында орналасқан жеке тұрғын үйлердің ортасында қалып қойған, ашық түрде өкпе құртымен ауыратындарға арналған диспансердің халықты үрей құшағында ұстап отырғанын қара халық осыған дейін жоғары тұрған биліктің алдына бірнеше рет қойды. Шешіліп жатқан дүние жоқ.  Шардара қаласынан шығып жатқан кәріз суының талай халықтың күнкөрісіне жарап отырған Сырдарияға ағып жатқанын да біледі, бұл билік. Біледі, үндемейді. Әйтпесе, облыс әкімі сол Шардараға бармады дейсіз бе? Барды, «сырты жалтырақ, іші қалтырақ» дүниелерді немесе «қатырамыз» деген ауызекі өтірік мақтаншақтық тірлікті тамашалап, сондағы шенеуніктердің арқасын қағып кетті. Шенеуніктің арқасынан қақсаң шегірткеден де қатты секіретінін білмейді деп тағы айта алмайсың.

Елбасыға деген ел ықыласы ерекше. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан десе емешегі езіліп тұратынын жүрекпен сезінеді. Өкініштісі сол, елім деген ердің тірлігін жер қылатын жемқорлық, «бармақ басты, көз қысты» жасандылық, әлдекімдердің жемсауын толтыратын жегіштік, одан қалса көкезу әңгіме, бітпейтін жиналыс… Осының барлығы елдің маңдайына біткен АЛТЫН ҰЛДЫҢ айналасындағыларды байытып жатқаны, одан қалса білгендерін жасауына жарап жатқаны өкінішті-ақ.

 

А.САТЫБАЛДЫ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру