ЖАҢАРҒАН КОНСТИТУЦИЯ ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ АРТТЫРАДЫ

Еліміздің басты құжаты – Ата заңымыз жаңарды. Елбасы Н.Назарбаев «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Қоғамдық-саяси маңызы зор бұл өзгерістің мәнін мемлекет басшысы «заманның дидары өзгерді, біз де өзгеруіміз керек. Сол себепті мемлекеттің басқару жүйесін жаңғыртатын да кез келді. Мен елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып осындай байлам жасадым» — деп ұғындырған еді. Ұлт көшбасшысының бұл ұстанымы үшінші жаңғыру кезеңіне бет алған бүгінгі заманда дер кезінде қабылданған шешім, баянды бастама болды.

Билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты Конституциялық деңгейде теңгерімді етуге бағытталған бұл заңның жобасын  Елбасы халық назарына ұсынды. Бір ай бойы қызу қоғамдық талқылаудан өтті. Еліміздің әрбір азаматы  мазмұны жағынан тағдырлы бұл құжаттың жобасын ой елегінен өткізді. Яғни, барлық қазақстандықтар бұл тарихи оқиғаның қатысушысы бола алды. Солардың қатарында «Береке» бастауыш партия ұйымының  мүшелері де бар. Осы бағытта арнайы басқосу ұйымдастырылды. Онда оларға  жаңарған Ата заңымызға сәйкес Президент Н. Назарбаевтың бірнеше өкілеттілігі Парламентке пен Үкіметке бөлініп берілгені, соған сәйкес Парламент пен Үкіметтің өкілеттілігі арта түсетіні түсіндірілді. Бұл жүйе Парламент пен Үкіметтің халық алдындағы жауапкершілігін еселеп арттыратыны айтылды. Бұдан халықтық биліктің күшейе түскенін түсіну қиын еместігі жеткізілді. Заң жобасын талқылау кезеңінде «Береке» бастауыш партия ұйымының мүшелерінің барлығы да оған қолдау танытатыны айқын аңғарылды.

 

Иә, енді жаңа заңға сәйкес елімізде президенттік  билік тұрақты сақталады. Ал Премьер-министр  министрлікке  үміткерді мемлекет басшысына ұсынбас бұрын Мәжіліспен ақылдасатын болады. Елбасының еліміздің Жоғарғы Бас қолбасшысы  болуына орай тек Қорғаныс, Ішкі және Сыртқы істер министрін тағайындау президенттің құзырына қалдырылады. Парламенттің жаңа құрамы сайланса, Үкімет қайта жасақталады. Қандай да бір министрдің жұмысына қанағаттанбаған  депутаттар қауымы Елбасының атына үндеу жолдау негізімен оны қызметінен босатады.  Елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай туралы  министрлер Парламентке есеп беріп отырады. Бұдан жаңарған Ата заңға сәйкес өкілді органның құзыры кеңейіп, ал Үкіметтің жауапкершілігі мен дербестігі арта түсетінін байқаймыз. Келешекте Парламент пен Үкіметтің бірлесе атқаратын жұмысы үйлесімді болады деген сенім зор.

Заң жобасын «Береке» бастауыш партия ұйымымен бірлескен талқылау кезеңінде олардың көпшілігінің Ата заңның 26-бапқа өзгерту енгізілетініне қарсылық танытқанын да жасырып-жабуға болмас. Бұл ретте ұйымның төрайымы ретінде сарабдал саясатты ұстанған Елбасының халықтың көңіліне, сеніміне иненің жасуындай болса да дақ түсірмеуі басты принципінің бірі екенін,  сондықтан да ол кісінің жұрт көңілінен шығатын  шешім шығаратынына сенім артуын  жеткіздім. Жұрттың төтенше назарын аударғандықтан 26 бапты бұрынғы нұсқасында қалдыру туралы тиісті жерге ұсыныс жолдау кезінде олардың бұл талабын, базынасын жоғарыға жеткізе білдік. Нәтижесінде 26 бап бұрынғы қалпында қалдырылды. Бұл Елбасының халықтың сеніміне селкеу түсірмейтін  сұңғыла саясаткер екенінің нақты көрінісі. Бұл өзгеріс елдігімізді нығайтып, бірлігімізді асқақтатып, ертеңімізді еңселі ететініне үмітіміз зор.

 

Рәшкүл Оспанәлиева,

ОҚО мәслихаттың депутаты,

«Нұр Отан» партиясының фракция мүшесі,  «Береке» бастауыш

партия ұйымының төрайымы.