АУДАН ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Баймұханбетұлы Ақжар ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуде аудан басшысы ағымдағы жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларды баяндады.

Кездесу барысында «Біздің мақсатымыз – сіздермен еркін пікір алмасып, маңызды мәселелерді талқылау. Себебі ауыл мәселесін сіздерден артық білетін ешкім жоқ. Айта кетсем, ауданымыз туризм және аграрлық салада аса қарқынмен дамуда. Кешегіде Түркістан қаласында өткен «Алтын күз-2022» мерекесінде жүлделі орын алғанымыз осының дәлелі. Алдағы уақытта да аудан көлемінде ауылдарды дамыту жұмыстары қарқынмен жалғасатын болады» деді Мұхит Баймұханбетұлы. Кездесуде тұрғындар тарапынан ортақ мал жайылымы, каналды бетондау, электр энергиясы, ағын су және ауыз су, табиғи газ мәселелері бойынша сұрақтар қойылып, өтініштер айтылды. Әр тұрғынның мәселесін мұқият тыңдаған аудан басшысы әрбір ұсыныс пен өтініш хаттамаға енгізіліп, алдағы уақытта тиісті жұмыс жүретінін айтты. Ашық пікір алмасу өтіп, күрделі мәселелердің түйіні тарқатылды.
Ақжар елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған мембрана қондырғысында ауыз су сүзгісінің істен шығуы өзекті мәселенің біріне айналған болатын. Бүгінгі таңда қондырғыдағы 6 дана су сүзгіштері ауыстырылып, елді мекенге ауыз су беру қалпына келтірілді. Ағымдағы жылы Бағыс елді мекендегі қолданыстағы №23 Ғ.Мұратбаев мектебінің қосымша ғимараты апаттық жағдайда, ал негізгі ғимаратының сыйымдылығы төмен болуына байланысты жаңа 300 орындық мектептің құрылыс жұмыстары мердігер мекеме тарапынан жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары келесі жылға өтпелі.
Сонымен қатар Ақжар елді мекеніндегі Д.Қонаев, Ешмат ата, О.Тұрғанбек көшелеріндегі 135 дана жарықшамдарды ағымдағы жөндеуден өткізу үшін бюджеттен қаржы бөлінді. Алдағы аптада мердігер мекеме тарапынан жөндеу жұмыстары басталып, ағымдағы жылдың желтоқсан айының соңына дейін жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.