ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН 24 МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛМЕК

Білім саласы – ел дамуындағы ең өзекті саланың бірі. Өз кезегінде, өңір-өңірде аталған салада ауқымды бастамалар қолға алынып жүзеге асырылып жатыр. Жалпы сапалы білім беру мақсатында 5 жылға арналған кешенді жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін 86 079 орынға арналған 101 мектеп салу жоспарланған.

Жоспарлы жұмыстардың орындалу барысын, жаңадан бой көтеріп жатқан білім мекемелерінің құрылысын қадағалау, жаңа оқу жылына дайындығын пысықтау мақсатында қала әкімі Мұрат Әйтенов бірқатар жекеменшік мектептерді аралады. Осы жылы балалар игілігіне берілетін мектептердің бірі – Қайтпас-1 шағын ауданында орналасқан 228 орындық Әлихан Бөкейхан атындағы бастауыш мектеп. 2 қабатты ғимаратта 12 оқу бөлмесі, оқушылар асханасы, медкабинет, спортзал қарастырылған. Осы жылы пайдалануға беріледі.
Шымкентте өткен жылы 11 764 орынға арналған 25 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде жаңа оқу жылында апатты мектеп мәселесі толығымен жойылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендеді. Биыл жалпы 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 10 нысанның құрылысы 2021 жылдан өтпелі, ал 24 нысанның құрылысы жаңадан басталған. Жыл соңына дейін 24 мектепті пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке төмендейтін болады.
Айта кету керек, қазіргі уақытта қаладағы 577 мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде кезекте тұрған 88 мыңнан аса баланың 88,6 пайызы мектепке дейінгі білім беру ұйымымен қамтылған. Оның ішінде, 3-6 жас аралығындағы 53558 бала – 100%, 2-6 жас аралығындағы 76416 баланың 89,3% қамтылған. 2 балабақшаға күрделі жөндеу жүргізу үшін қаржы қаралса, жалпы 2480 орындық 28 балабақша ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар мемлекеттік балабақшаларға толығымен бейнебақылау жүйесін орнату бойынша да жұмыстар жүргізілуде.
Үшінші мегаполисте биыл 1-сыныпқа 28 мың бала қабылданады деп күтілуде. 2022 жылы оқушыларды қосымша біліммен қамту жоспары — 77,1% жоспарланған. 11 қосымша білім беру ұйымы және 17 аула клубы және мектепішілік түрлі үйірмелерде қала оқушылардың 76% қосымша біліммен қамтылған. Оның ішінде жан басына қаржыландыру есебінен 32 000 бала қамтылуда. 1-4 сынып оқушылары 100% ыстық тамақпен қамтылған. 54 мектеп ыстық тамақ қаржысын төлеу барысында қолма-қол ақшасыз карточкалық жүйеге өткізілген.
Бұдан бөлек, Шымкентте үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесін 2023 жылы, ал орын тапшылығын 2025 жылға дейін толығымен шешу жоспарланған. Қаламызда жекеменшік мектептердің үлесі артып келеді. Биылғы жылы қолданысқа берілетін 24 мектептің 20-сы жеке инвестор есебінен. Мәселен, Нұрсат шағын ауданы, Нұр-Сұлтан даңғылында орналасқан 300 орындық «Жас-Дарын-5» жекеменшік мектебінің құрылысы өткен жылы басталған. Биыл пайдалануға беріледі. 3 қабатты, 12 оқу бөлмесі, кітапхана, асхана, мәжіліс залы, спорт зал, мед кабинет қарастырылған. Қаратау ауданы, Бозарық шағын ауданындағы 240 орындық «Жас-Қанат» жекеменшік мектебінде жоспарға сай 3 қабатты, 12 оқу бөлмесі, кітапхана, асхана, мәжіліс залы, спортзал, медкабинет те болады. Ал Қаратау ауданы, Достық шағын ауданындағы 300 орындық «Жан-Нұр» жекеменшік мектебіне келсек, 2 қабатты. Онда 12 оқу бөлмесі, кітапхана, асхана, спортзал, медициналық кабинет болмақ. Сонымен бірге Асар шағын ауданындағы 500 орындық «Keremet-City», 240 орындық «Нұртас» интеллектуалды жалпы орта мектебі және Ақжайық шағын ауданындағы «PARASAT AJ» мектептері де бой көтеруде. Барлық мектептің жаңа дизайнда, сапалы элементтерден жасалуы шаһар басшысының жіті бақылауында екенін айрықша айта кету керек.